БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның ОА елдеріндегі алдын-ала сақтандыру дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Мирослав ЕНЧА: ЛАҢКЕСТІКПЕН КҮРЕСУ ҮШІН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ КҮШ БІРІКТІРУІ ТИІС

Алматы. 29 маусым. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. 2014 жылы Ауғанстаннан коалиция әскері шығарылады, оның нәтижесінде Орталық Азия елдерінде лаңкестік қаупі өсуі мүмкін. Осыған қарсы тұру үшін күш біріктіріп, ел ішінде ғана емес, сонымен қатар елдер арасында, сондай-ақ, өңірлік ұйымдар арасында белсенді түрде ақпарат алмасу қажет. Мұндай ынтымақтастықтың пайдасы жайлы ҚазТАГ тілшісіне БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы сақтандыру дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Мировлав Енча мәлімдеді.

 

- Сіздің пікіріңізше, Ауғанстаннан коалиция әскерлері шығарылғаннан кейін Орталық Азия елдері үшін лаңкестік қаупі қаншалықты өсуі ықтимал?

 

- Орталық Азия елдері мен Қазақстан Ауғанстандағы лаңкестіктен, есірткі тасу жолы мен басқа да қатерден келетін қауіпті біледі деп ойлаймын. Сондықтан, сол кезеңге, яғни, Ауғанстаннан әскерлерді шығаратын 2014 жылға дайындалу үшін өңір елдері осы қауіп-қатерге қарсы тұруға көмектесетін ынтымақтастықты кеңейткісі келеді.

Егер былтырғы жылы Стамбулда өткен лаңкестікке қарсы мәселелерге қатысты  кездесуде: мұндай үрдістің мәні бар ма, ол бізге не береді, нақты нәтижесі қандай? деген  сұрақтар көп болса, 14 маусымда Кабулда өткен кездесуде мұндай сұрақтар кездеспеді. Сөз сөйлегендердің бәрі лаңкестікке қарсы күрес, осы өңірдегі үлкен үрей туралы және Ауғанстаннан коалиция әскерлерінің шығарылуынан кейін ол қауіп одан бетер өсіп кетуі жайлы сөз қозғады. Елдер бірігіп әрекет ету керектігін, соның ішінде лаңкестікке қарсы күресте күш біріктіру қажет екенін түсінетін сыңайлы. Кабулдағы кездесудің қорытынды декларациясында көрініс тапқан сенімділік шараларының бірі осы лаңкестікке қарсы күрес болып табылады.

Орталық Азия елдері Ауғанстанда орын алған жағдайдан кейін кешегі Кеңес әлемінен шыққан ауған жауынгерлерінің Орталық Азияға басып кіруінен қауіптенеді. Осыдан мынадай сұрақ келіп туындайды – коалиция әскерлері қашан шығарылады, Ауғанстан үкіметі осы адамдардың еркін әрекет етпеуі үшін және олардың Орталық Азия елдерінің шекарасынан өтіп кетпеуін қашанғы бақылай алады? Сондықтан шекараны бақылауға қатысты ШЫҰ, ҰҚКҰ, ТМД,АӨСШК сияқты түрлі өңірлік ұйымдар арасындағы ынтымақтастық өте маңызды.

Қыркүйек айында Қазақстанда АӨСШК-тың министрлер кездесуі өтеді, бұл ұйымның осы бағытта қаншалықты белсенді әкерет ететінін сонда көреміз.

 

- Лаңкестікке қарсы күресте ақпарат алмасу қалай жүреді?

 

- 21-22 маусымда Алматыда өңірлік ұйымдармен өткен «БҰҰ Орталық Азияда ғаламдық лаңкестікке қарсы стратегиясын жүзеге асыруда бірігіп әрекет ету жоспары» консультативтік кездесуіндегі мақсат осы үрдістің түрлі қатысушыларының арасындағы сапалы ынтымақтастық болды.

ШЫҰ-ның өңірлік лаңкестікке қарсы орталығы бар. Ол Ташкентте орналасқан. Аталмыш орталық осындай қызметпен айналысады. Біз қандай да бір параллельді құрылымдар құрғымыз келмейді, керісінше, осы процесс қатысушыларының кімнің немен айналысып, қандай ұйым, қандай құрылым екені жайлы ақпаратты біліп, бір-біріне көмектесетіндігін қалаймыз. Не нәрседен тапшылық көріп жатса, БҰҰ көмектесуге әзір.

Жағдайдың қалай болып жатқандығына шолу жасау өте маңызды, бірақ мұны ешкім жасамайды. Орталық Азиядағы сақтандыру дипломатиясы жөніндегі біздің өңірлік орталық алаңымыз осындай шолуға өте ыңғайлы. Мұнда мәселе қандай да бір мониторинг жайында емес, көбінесе не жасалап жатқандығы, және бұдан әрі не жасауға болатындығына қатысты салыстырмалы түрде ақпарат алмасу. Біріккен әрекет ету жоспары осы жолды алдын ала ұсынады.

 

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанға лаңкестіктің қандай түрі қауіп төндіруде – сыртқы ма, әлде ішкі ме?

 

- Мен ненің жақсы, ненің жаман екендігіне баға бергім келмейді. Қазірдің өзінде халықаралық лаңкестік дегеніміз не, ұлттық лаңкестік деген бар ма? деген сұрақтар бойынша пікірталас өсуде. Лаңкестік – бұл шекараға тәуелсіз жауыздық. Сол елдердің өзіндегі жағдайды көзбен көру өте маңызды.

Сондықтан, ғаламдық лаңкестікке қарсы стратегия бөлімдерінің бірі лаңкестіктің түптамырына және соған қарсы күреске арналған. Бұл қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай, әрі білім беру, әрі мәңгүрттену мәселесі. Егер лаңкестік қауіп-қатер мәселесіне неғұрлым кешенді қырынан қараса, онда онымен күресу де оңайға түседі.

Әрине, егер былтыр осында, яғни Қазақстанда орын алған жағдайларды қарастыратын болсақ, онда олардың жекелеген жағдай екенін көруге болады. Дегенмен, олар осы жергілікті жерден шыққан. Сонымен қатар, біз осы қауіп-қатердің бәрін көріп отырмыз, оның қатарында Ауғанстанға қатысты, басқа елдерге қатысты айтқаным тағы бар. Сондықтан мұнда осы байланыстарды байқап, лаңкестікпен кешенді түрде күресу қажет.

 

- Былтыр Атырауда орын алған жарылыстар адам көп жиналған жерде болмағандықтан, оны лаңкестік оқиға деп айтуға келмейді, деген пікір бар. Бұл жайлы сіз не ойлайсыз?

 

- Мұнда Қазақстанның органдары мен арнайы құрылымдары жүргізген тергеу нәтижесі өте маңызды деп ойлаймын. Қазақстан мықты мемлекет және не болғанын, қалай болғанын анықтап, баға беруге мүмкіндігі де, қаржысы да жеткілікті деген ойдамын.

Меніңше лаңкестік актісін жасау үшін қандай да бір адамдар құрбанға ұшырауы керек деген сипаттама жоқ. Мұнда алға қойылған мақсат және келтірілген айуандық маңыздырақ.

 

- Сіз жалпы Қазақстандағы лаңкестік қауіп-қатерді қалай бағалайсыз?

 

- Қазақстандағы жағдай тұрақты деп ойлаймын, бірақ былтырғы және биылғы жылы жекелеген экстремистік лаңкестік әрекеттердің куәсі болдық.

Қазақстан лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі халықаралық бірлестік шараларының белсенді қатысушысы болып табылады. Бұған біздің былтырғы Алматыдағы кездесуіміз, биылғы өңірлік ұйымдармен кездесуіміз дәлел. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес деп аталатын ұйымның осында орналасқандығын ерекше атап өткім келеді. Лаңкестікке қарсы күрес бағытында дәл осы ұйым өте маңызды рөл атқарады.

 

- Лаңкестіктің қандай формаларын қауіпті деп есептейсіз және онымен күресуде қандай шаралар тиімді?

 

- Лаңкестік өте қауіпті құбылыс болып саналады және біз оның әлемде орын алған талай көрінісіне куә болдық. Ауғанстанда өз-өзіне қол жұмсаушылар түрлі жарылыстар ұйымдастырып жатады, бұдан басқа да формалары бар, бірақ біз тиімді күрес жайлы сөз қозғасақ, онда міндетті түрде ынтымақтасу қажет, өйткені бұл шекараға төнген қауіп және онымен жеке күрес жүргізу мүмкін емес.

Мемлекет ішіндегі түрлі құрылымдар арасында, сондай-ақ өңірлік және ғаламдық негізде ынтымақтастық қажет. Меніңше, бұл қиындыққа тек хабарласа отырып қана төтеп беруге болады.

 

- Сұхбатыңызға рахмет. 


adimage