Бұл датаны адамдардың санасына сіңіру керек

Астана. 12 қыркүйек. ҚазТАГ – Бұл датаны адамдардың санасына сіңіру керек, себебі өз тарихын білу кез келген ұлттың рухын асқақтатады, деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов.  

«Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту қазақстандық патриотизм мен мемлекеттігімізді нығайтуға ықпал етеді. Бұл датаны адамдардың санасына сіңіру керек, себебі өз тарихын білу кез келген ұлттың рухын асқақтатады»,-  деді Асқар Махамбетов.  
  
Оның айтуынша, Астанада Қазақстанның әр аймағы мен шетелден ондаған мың адам жиналған. Қонақтар арасында саясаткерлер мен дипломаттар, елдің ірі ЖОО ректорлары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, шетел мемлекеттерінің басшылары бар.
  
«Бұл шарадан бірде-бір ұйым, бірде-бір азамат тыс қалмағандай. Мерекеге барлығы зор қуанышпен белсенді атсалысуда»,- деді А.Махамбетов.      

Мерекелеу бағдарламасы барынша көлемді. Ол ертеңгісін басталды және кешке дейін жалғасады. «Қазақ Елі» ескерткішінің алдындағы алаң бүгін мереке шараларының басты орталығына айналды. Ол жерде елу киіз үй, екі үлкен сахна, спорт алаңдары, алтыбақан мен тайқазан орналасқан. Барлық жерде патриотизм және ежелгі мұраға деген адалдық рухы сезіледі.

«Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлт болып мерекелеу арқылы біз бұқара халықтың, әлемдік қауымдастықтың санасына біздің мемлекеттің маңыздылығын, оның жалпы адамзат тарихындағы, мәдениет пен өркениеттегі рөлін жеткіземіз. Сондықтан Президенттің бұл шешімін өте маңызды деп санаймын. Осындай көлемді шараны атап өту кезекті бір той немесе конференция өткізу емес. Мерейтой - бұл біздің бәрімізге өткеніміз бен болашағымыз туралы ойлануға, өз елің үшін мақтануға себеп, бұл - барлығымыздың басымызды қосатын фактор.  Мықты  тарихи базасы бар қоғам берік болады. Біздің тарихымыз бай. Сондықтан біз ұрпағымыз өз елімен, өзінің ата бабаларымен мақтана алатындай жағдай жасауымыз керек»,- деп тәмамдады сөзін Асқар Махамбетов.  

adimage