Бұрынғы ауыл шаруашылық вице-министрі Өмірияев 10 жылға сотталды (толықтырумен)

Күні: 11:29, 16-10-2014.

Астана. 16 қазан. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. ҚР бұрынғы ауыл шаруашылық вице-министрі Мүслім Өмірияев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Сот Өмірияев Мүслім Тайырұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 311 бабы 5 бөлімінде қарастырылған қылмысты жасағаны үшін айыпты деп тауып, оның өзіне тиесілі жеке мүлкін толығымен тәркілей отырып, қатаң тәртіптегі түзету түрмесіне 10 жылға бас бостандығынан айырды», - деді бейсенбіде үкімді оқыған Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ербол Рақымбеков.
«ҚР ҚК 41 бабы негізінде Өмірияев Мүслім Тайырұлы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан 7 жылға айырылсын», - деп толықтырды ол.
Үкім жарияланғаннан кейін М.Өмірияев БАҚ өкілдеріне қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.  
Үкім шығару кезінде сот келесі жеңілдету жағдайларын ескерді: М.Өмірияевтің қылмыстық жауапкершілікке бірінші рет тартылып отырғандығы және кәмелетке толмаған төрт баласының барын. Сот оған бап санкциясына сәйкес жазалаудың аз мерзімін тағайындады.
Іс бойынша заттай айғақтар - $100 мың,   BlackBerry, Nokia Е6, Iphone 5 ұялы телефондары мен планшет - мемлекетке кіріс ретінде қайтарылды.  
Бұрын хабарланғандай, ҚР ауыл шаруашылығы бұрынғы вице-министрі Мүсілім Өмірияевтің ісі бойынша сот 2014 жылдың 2 қыркүйегінде басталған еді. Шенеунікті ҚР Қылмыстық кодексінің 311 бап 5 бөлімі (аса ірі көлемде пара алу) бойынша айыптауда, ол өз кінәсін мойындамады. Айыптау қорытындысына сәйкес, М. Өмірияев «аусылға қарсы вакцина сатып алу бойынша өткізілетін байқауларда жеңіске жетуге жәрдемдескені және компанияға әрі қарайғы жақтасушылығы үшін» кәсіпкер Станислав Макаренкодан делдал арқылы Т6,95 млн және $100 мың сомасында болжанған параның бір бөлігін алған.
2013 жылдың 21 желтоқсанда жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңіске жетуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің вице-министрі Өмірияевті ұстаған болатын.
40 жасар М. Өмірияев 2011 жылдың қыркүйегінде ауыл шаруашылық вице-министрі болып тағайындалған еді. Ол әр жылдары «Русские фермы» халықаралық қорының бас директоры, Алматы қаласының «Южный центр» ЖШС қаржылық директоры, «Президент және үкімет әкімшілігінің әкімшілік ғимаратының дирекциясы» РМКК директоры, ҚР президенті іс басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.


Жаңалықтармен бөлісу: