Бұқтырма су қоймасында кемедегі 24 адам суға батып кете жаздады

Өскемен. 18 шілде. ҚазТАГ – Бұқтырма су қоймасында кемедегі 24 адам суға батып кете жаздады, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
«17 шілдеде сағат 19:00 шамасында Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасының бойындағы «Аюда» демалыс базасынан үш шақырым жерде екпіні 20 м/с жеткен қатты желдің салдарынан жолаушылар тасымалдайтын кеме суға бата бастаған. Кеме «Садко» демалыс базасынан «Аюда» базасына қарай жүріп келе жатқан. «Бортта 24 адам (21 жолаушы және 3 экипаж мүшесі) болған»,- делінген хабарда.
Ақпарға сәйкес, құтқарушы плот ұйымдастырылған, сөйтіп 21 жолаушы, оның ішінде 9 бала аман-есен «Аюда» базасына жеткізілген.
Азаматтардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖД нақтылағандай, батып бара жатқан кемедегі адамдарды құтқаруға бірінші болып сол маңда жүрген төрт ер адам келген.

adimage