БАҚ аккредиттеудің жаңа қағидалары келісімге келу нәтижесінде қабылдануы керек – Абаев

Күні: 12:50, 20-02-2019.

Астана. 20 ақпан. ҚазТАГ – Баубек Қоңыров. БАҚ аккредиттеудің жаңа қағидалары келісімге келу нәтижесінде қабылдануы керек, деп мәлімдеді ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.
«БАҚ аккредиттеу қағидасының жобасына жеке тоқталғым келеді. Вице-министр Нұргүл Мәуберлиноваға жобаны талқылауды ұйымдастыруды, журналистердің ескертулері мен ұсыныстарын жинақтауды тапсырамын. Бұл қағидалар консенсусқа келу нәтижесінде қабылдануы керек, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының пікірін ескеру керек», - деп мәлімдеді Д.Абаев сәрсенбідегі ведомство алқасында.
Еске салсақ, 13 ақпанда ҚазТАГ АКМ «Журналистерді аккредиттеу қағидатын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрығына түзетулер енгізуге ниетті екенін хабарлады. Сол түзетулер енгізілген жағдайда қолданыстағы қағидаларға қарағанда журналистердің іс-шараларды таратуға жіберілу ережесі күшейтілетін болады. Құжат 13 ақпанда қоғамдық талқылауға шығарылды, ол 27 ақпанға дейін жалғасады.
АКМ жоспарын Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев та сынады, ол аккредиттеудің жаңа қағидалары арқылы мемлекеттік органдар журналистердің қоғамдық жаппай шараларға жіберілуін шектейді деп санайды. Ол журналистің шара өтетін жердегі ішкі тәртіпті сақтауға жазбаша түрде келісім беру сияқты мағынасыз талап Қазақстанда ешқашан болған емес деп атап өтті. Сонымен қатар ол журналист пен БАҚ арасында келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжатты ұсыну туралы тармаққа да көңілі толайтынын білдірді, себебі ол азаматтық журналистиканың жоғалуына алып келеді. С. Матаев әзірге қағида жобасын талқылайтын уақыт бар кезде қазіргі таңда қоғамдық пікірді қалыптастырудың маңызды сегменті болып табылатын әлеуметтік желіде көптеген сын туғызу керек деп санайды.
«Өз кезегінде, біз қағида жобасын әріптестерімізбен, халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорымен талқылаймыз, сөйтіп қандай да бір келісілген шешім қабылдаймыз, үнсіз қалмаймыз», - деп түйді сөзін Қазақстан журналистер одағының төрағасы.
АКМ-ның түзету енгізу туралы жоспарын басқа алаңдардағы журналистер де сынға алды, соның ішінде Facebook әлеуметтік желісіндегі қоғамдастықтарда да, сондай-ақ WhatsApp мессенджерінде кәсіби чаттар топтарында да талқыланды.
Міне кейбір пікірлер: «Журналистер сөз бостандығы үшін! Журналистер Абаевтың отставкасы үшін!», «Бір нәрсе жасайық. Ертең тек трансляцияны, сауалдар бойынша берілген жауаптарды ғана өңдеп отыратын боламыз», «Бұған дейін де түзетулер болған, бұған дейін де – біртіндеп редакцияларды жою, журналистер мен редакцияларды ашықтан-ашық сатып алу, оның үстіне түзетулер, тағы редакциялау. Егер тарихқа көз жүгіртсек- біз өз-өзімізді жоюға өзіміз жол берген екенбіз», «Министр осы қызметіндегі уақытта қолдауға тиіс саласына қысым көрсетумен айналысып келген».
14 ақпанда Ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ қызметкерлерін аккредиттеудің қолданыстағы қағидасын күшейтуге бағытталған бастамасына түсінік берген Қазақстан парламенті сенатының депутаты Дариға Назарбаева журналистердің өз мамандықтары үшін күресе білулері керегін айтты.
«Қазір билікпен өзара қарым-қатынас жасаудың барлық мүмкіндіктері бар. Заң жобалары талқыланғанда – өз пікірін білдіріп, парламент және үкімет депутатттарымен жұмыс жасауға. Сіздер өз мамандықтарыңыз үшін күресе білулеріңіз керек. Осыны жақсы үйреніңіздер. Сіздер тек бірдеме болып қалған жағдайда ғана еске аласыздар», - деді бейсенбіде сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Д.Назарбаева.
Бұл ретте ол АКМ бұйырығының жобасымен таныспағанын атап өтті.
Сол күні алматылық журналистердің ақпарат және коммуникация министрлігінің (АКМ) іс-шараларға аккредиттеудің жаңа ережелері туралы бұйрық жобасына қарсы митинг өткізу туралы қалалық әкімдікке өтініш жолдағаны хабарланды.
13 ақпан күні жоба қоғамдық талқылауға шыққан сәттен бастап журналистер АКМ жоспарын сынға алатын теріс пікірлер қалдыруда.


Жаңалықтармен бөлісу: