Бағаның көтерілмеуін болдырмау мақсатында ОҚО базарлары және дәріханаларымен 450-ден астам меморандумға қол қойылды

Шымкент. 3 қыркүйек. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысында базарлар және дәріханалармен бағаны негізсіз көтермеуге байланысты  458 меморандумға қол қойылды, деп хабарлады ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.
  
«Облыста  бағаны тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылып, іс-шара жоспары жасалып, жұмыс жүргізілуде. Қазірге дейін ірі базарлардың, сауда орындарының, дәріханалардың басшыларымен мәжіліс өткізіліп, бағаны негізсіз көтермеуге байланысты  458 меморандумға қол қойылған», - бұл туралы «Оңтүстік» баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, оның айтуынша,  бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мониторингті күшейту мақсатында облыс бойынша мобильдік топтар құрылған. Шымкент қаласында күнделікті 15 ірі базарлар мен 110 ірі және орта сауда орындарында, сонымен қатар 120 жанармай бекетінде мониторинг жүргізілуде.

«Ал егер сіз сондай жағдайға кез болып жатсаңыз   24-74-64 нөміріне хабарласыңыз, мамандар дер кезінде оқиға орнына барып, тиісті шаралар қабылдайды», - деді облыс тұрғындарына А.Абдуллаев.  

Сондай-ақ, ол облыстағы құрылыс жұмыстарының қарқынымен де таныстырды. Ол барлық әлеуметтік нысандардың уақытында іске қосылатынын атап өтті. Атап айтсақ, қазір өңірде 104 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 61-ін (7 балабақша мен 49 мектеп)  осы жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Басқарма басшысының ақпарынша, тұрғындарды ауыз сумен қамту үшін сумен жабдықтаудың 31 жобасын іске асыру және 12-сін жөндеу көзделген. Бұл 132 мың тұрғыны бар 17 елдімекенді сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір 39 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл олардың 29-ы пайдалануға беріледі, деп атап өтті А. Абдуллаев.

adimage