Балқаштың суы көтерілді, «Болашақ ойындары» 2026 жылға ауыстырылды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 26 сәуір. ҚазТАГ – Балқаштың суы көтерілді, «Болашақ ойындары» 2026 жылға ауыстырылды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Балқаш көлінде су деңгейі көтерілді»
Жыл басынан Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді, деп хабарлайды El.kz.
Қазақстан Республикасы су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, 1 қаңтарда көлдің орташа су деңгейі 159 см болса, 1 сәуірде бұл көрсеткіш 174 см жетті.
«Биыл трансшекаралық Іле өзенінен үлкен көлемде су келгенін айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде су жіберу мүмкіндігі пайда болды. Балқаш көлінің су деңгейін анықтау үшін төрт су бекетінде бақылау жүргізіледі», - деп жазылған хабарламада.
«Жеке меншіктегі 465 гектар жер мемлекетке қайтарылды»
Прокуратураның мәліметінше, Жамбыл облысы Байзақ ауданында 465 гектар жерді заңсыз беру фактісі және пайдаланылмай жатқан 4292 гектар жер телімі анықталды, деп хабарлайды ZHasalash.kz.
«Жергілікті атқарушы органға енгізілген прокурорлық қадағалау актісі негізінде сотқа дейінгі тәртіппен пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін толық қайтару қамтамасыз етіліп, ал қалған заңсыз берілген жерлер бойынша сотқа жерді жалға алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілді. Жамбыл облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2024 жыл 13 ақпандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, 465 гектар жер мемлекетке қайтарылды», - делінген хабарламада.
«Су басқан аймақтарда ауру тарай ма?»
Бұл сұраққа Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мал қорымдары туралы әлі де көп сұрақ көп. Негізінде, сібір жарасы қорымдары мен мал қорымдары біз үшін аса қауіпті емес.Соған қарамастан, су кеткен соң біз ветеринарлық қызметпен бірлесіп, осы жерлерден су мен топырақтың сынамасын алып жатырмыз. Зертханалық зерттеулер жүргіземіз. Біз жүргізген зерттеулерге сәйкес, нәтижелер - теріс. Яғни, ауру қоздырғыштары мен аурулары жоқ, бірақ бұл орындар әлі де дезинфекцияланады», - деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
«Қазақстанда өтетін «Болашақ ойындары» 2026 жылға ауыстырылды»
Елімізде 2025 жылы өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорт турнирі 2026 жылға ауыстырылды, деп хабарлайды Orda.kz.
Шешім Қазақстандағы бірқатар өңірлеріндегі су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында қабылданды.
Туризм және спорт министрілігінің мәлімдеуінше, елімізде өтетін «Болашақ ойындары» 2025 жылдан 2026 жылға ауыстырылды. Сондай-ақ биыл күзде ұйымдастырылатын бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру шығындары қысқарды.
«Торғай өзені тасып, Ырғыз ауданындағы үш ауылды су басты»
Ақтөбе облысында Торғай өзеніндегі су шекті деңгейге дейін көтеріліп, салдарынан Ырғыз ауданындағы үш ауыл су астында қалды, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, Мамыр ауылында 22 үй, Белшерде төрт үй, Нұра ауылында 84 үй су астында қалды. Ырғыз ауданында барлығы 110 үйді су басып қалды.
Осы кенттердің тұрғындары мен Құлыс ауылының тұрғындары аудан орталығына эвакуацияланды.

Фото көзі: kazkurort.kz


adimage