Елімізде егін орағы аяқталуға жақын: ұн арзандай ма, әлде қымбаттай ма?
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы биылғы астық түсімі мен ұн бағасы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, оңтүстікте егін жинау науқаны аяқталған, солтүстікте әлі жүріп жатыр.
«Қазіргі таңда астықтың 89%-ға тартасы жиналған. Өнімнің жалпы көлемі 21 млн тоннадан асады. Өнімділік – бір гектардан 14,8 центнер. Қазір оңтүстік өңірлер егін жинау науқанын аяқтады, ал солтүстік облыстарда егін орағы әлі жүріп жатыр», - деді ол.
БАҚ өкілдері вице-министрден ұн бағасы қалай өзгеретінін сұрады.
«Ұнның бағасы туралы бірдеңе айту әзірге ерте. Себебі нарық әлі құбылып тұр, бидай бағасы енді анықталып жатыр. Сол себепті ұнның бағасын болжау ерте», - деп жауап берді вице-министр.
«Өскеменде биыл да көмір алуға ұзын-сонар кезек қалыптасуы мүмкін»
Өскемен қаласында жыл сайынғы көмір алуға ұзын-сонар кезек биыл да болуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Шілде, тамыз айларында тұрғындар көмір алмады. Тек қыркүйек айында сатып ала бастады. Осылайша, қазан мен қарашада көмір алуға деген сұраныс артып, ұзын-сонар кезек қалыптасу қаупі туындап отыр», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Бала смартфон немесе компьютер пайдаланғанда не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет – президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, балалар қауіпсіздігі тақырыбына тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ мемлекет басшысының айтуынша, қоғамда болып жатқан көптеген мәселенің түп-тамыры ата-ананың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан.
«Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», - дейді Тоқаев.
«Телеграм арналардың бірі 67 адамға суицид жасауға тапсырма берген»
Алматы қаласының прокурорлары күйзелістік контенті бар телеграм арнасын бұғаттады, деп хабарлайды Orda.kz.
Тексеру барысында 67 оқырман телеграмдағы арнадан суицидке бағытталған командалар алғаны анықталған.
«2024 жылы 23 қыркүйекте сот, Алмалы ауданы прокурорының деструктивті чатқа тыйым салу туралы талабын қанағаттандырды. Сот шешімі дереу мәдениет және ақпарат министрлігіне орындауға жолданды», - делінген хабарламада.
Фото көзі: tetrika-school.ru