Алматы. 28 мамыр. ҚазТАГ - Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылдың басынан бері 2,7%-ға төмендеді, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
«Банк секторындағы ахуал тұрақты және кредиттеудің қалыпты өсуімен, банктердің еркін өтімділігінің жоғары деңгейімен және меншікті капиталының айтарлықтай қорымен сипатталып отыр. 2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді. Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылдың басынан бері 2,7%-ға төмендеп, 2019 жылғы 1 мамырда 24,6 трлн теңгені құрады», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Қаржылай реттеушінің ақпарынша, активтердің төмендеуіне «Цеснабанк» АҚ-тың ауыл шаруашылығы кредиттері портфелін «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-қа 604 млрд теңге сомаға сату себеп болды.
«Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 48,7%, бағалы қағаздар портфеліне – 23,3%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 12,4% тиесілі. Банктердің несие портфелі 2019 жылдың басынан бері 13,2 трлн теңгеге дейін 4,3%-ға қысқарды, бұл да «Цеснабанк» АҚ-тың қалыпқа келуіне байланысты. 7 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі төменгі деңгейде сақталып отыр және 2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені немесе жиынтық несие портфелінің 8,9%-ын құрайды», - делінген хабарда.
Несие портфелі бойынша провизиялар 2,3 трлн теңге немесе несие портфелінің 17,6%-ы (2019 жылдың басында – 1,8 трлн теңге немесе 12,9%) мөлшерінде қалыптасты.
«Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылдың басынан бері 3,0%-ға азайып, 2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 21,6 трлн теңгені құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 77,1%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 8,5%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 2,6%-ды иеленеді. Банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері жиынтық міндеттемелерде 2019 жылдың басындағымен салыстырғанда 6,2%-дан 6,3%-ға дейін (1,3 трлн теңгеге дейін) ұлғайды», - деп хабарлады Ұлттық банктен.
Оның ақпарынша, банк секторының депозиттік базасы 2019 жылдың басынан бері 16,6 трлн теңгеге дейін 2,4%-ға қысқарды, ол корпорациялардың депозиттерін қалыпқа келтіру шеңберінде «Цеснабанк» АҚ-тың облигацияларына конвертациялауға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың компаниялары сыртқы келісімшарттық міндеттемелерін төлеу үшін қаражатты алып қоюына негізделді.
«Банк секторының жиынтық меншікті (реттеуіш) капиталы 2019 жылғы 1 мамырда 3,8 трлн теңгені құрады. Банк секторы капиталының жеткіліктілігі коэффициенті нормативтік мәндерден біршама жоғары тұр және: жиынтық реттеуіш капиталдың жеткіліктілігі нормативі (к2) – ең төменгі мәні 8,0% болған кезде 22,7%-ды; негізгі капиталдың жеткіліктілігі нормативі (к1) – ең төмені 5,5% болған кезде 17,3%-ды құрады», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы шеңберінде қатысушы банктердің тарапынан үдемелі қарқынмен проблемалық қарыздарды есептен шығару, провизияларды қалыптастыру және активтердің сапасын жақсарту бойынша талаптар орындалуда.
«Мәселен, 2018 жылы және 2019 жылғы 1-тоқсанда іс-шаралар жоспарлары шеңберінде қатысушы банктер 465 млрд теңге сомаға немесе провизияларды толық қалыптастырудың жоспарлы деңгейінен 75,6% провизияларды қалыптастырды. Жасалған провизиялардың есебінен 810,5 млрд теңге сомаға проблемалық қарыздар есептен шығарылды, сондай-ақ активтердің сапасын жақсарту және 1,1 трлн теңгеден астам сомада берешекті қайтару бойынша іс-шаралар жүргізілді. Жалпы алғанда, Бағдарламаға қатысушы банктердің несие портфельдерінің сапасын жақсарту бойынша жүргізіп отырған жұмысы 1,5 трлн теңге сомаға жаңа қарыздарды беруге мүмкіндік берді», - делінген хабарда.
Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылдың басынан бері 2,7%-ға төмендеді – ҚР Ұлттық банкі
