Басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді – Назарбаев

Күні: 16:44, 18-01-2019.

Астана. 18 қаңтар. ҚазТАГ – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Менің тарапымнан әрдайым мемлекетті тиімді басқаруды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді», - деді «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Smart city – Ақылды қала» заманауи технологияларды енгізу жөніндегі байқау жобасының қорытындыларымен танысқан Н.Назарбаев.
Президент жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
«Цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалар, ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
«Smart city – Ақылды қала» жобасы жол және қоғамдық қауіпсіздікті, соның ішінде білім беру мекемелері мен әлеуметтік нысандарға бейне бақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласына мониторинг жасап, басқару, сондай-ақ ғимараттар мен тұрғын үйлерді соңғы үлгідегі ақылды құралдармен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тіршілігін кешенді қамтамасыз етуге бағытталған..
«Ахуалдық орталық ведомствоаралық іс-қимылды ұйымдастыру, қаланы тактикалық және стратегиялық тұрғыдан басқару, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсету мекемелерін басқару жөніндегі шешімдермен таныстыру, қала ресурстары жөніндегі шынайы және уақтылы алынған мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған», - деді Ақордадан.
Сонымен қатар, аталған жобаны іске асыру барысында энергия тиімділігін қамтамасыз ету, экологиялық жағдайға мониторинг жасау, қылмыстардың алдын алу жөніндегі инновациялық тәсілдер енгізілді. Бұл елімізде ақпараттық технологияларды тәжірибеден өткізіп, Smart Сity тұжырымдамасын дамыту үшін Ақкөл қаласының үлгі ретіндегі алғашқы елді мекен болуына септігін тигізді.
Мемлекет басшысы Ақмола облысының Ақкөл қаласына жұмыс сапары барысында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы желілік магистралінің техникалық торабы Мәліметтерді өңдеу орталығының жұмысымен танысты.
«Бұл орталық қаладағы барлық бейнебақылау, энергия ресурстарына экологиялық мониторинг, бақылау және есеп жүргізу, жол трафигін басқару, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерінен келіп түсетін мәліметтерді жинақтап, «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына жолдайды», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: