Бас прокуратура АЭС референдумы бойынша заңбұзушылықтарды анықтады

Астана. 12 қыркүйек. ҚазТАГ- Бас прокуратура АЭС референдумы бойынша заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Референдумға дайындықтың алғашқы күндерінен бастап прокуратура аталған заңнамалық актілердің талаптарын бұзу фактілерін анықтады. Бүгінге республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізудің 8 фактісі анықталды. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары 4 азамат пен 2 заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартты, оларға айыппұл салынды. Қалғандары бойынша оларды көзделген жауаптылыққа тарту жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Жиналыстар мен митингілер «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң шеңберінде ұйымдастырылып, өткізілуге тиіс.

"Атап айтқанда, республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуге тиіс ("Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңының 7-1-бабы). Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы" ,- делінген хабарламада.

Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

«Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы 5 күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi. Сондай-ақ сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген»,- деп мәлімдеді бас прокуратура.

Азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер үгіт кезінде жиналыстарда, митингілерде, азаматтардың жиындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пікірлерін білдіруге құқылы.

«Жиналыстар мен митингілер «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң шеңберінде ұйымдастырылып, өткізілуге тиіс. Бейбіт жиналыстар өткізу талаптарын сақтамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Референдумға байланысты үгіт-насихат кезеңі 3 қыркүйекте басталды және 2024 жылғы 4 қазан сағат 24:00-ге дейін дейін жалғасады. Референдумның қарсаңындағы және референдум күндері, яғни 2024 жылғы 5 және 6 қазанында үгіт жүргізуге тыйым салынады»,-деп хабарлады бас прокуратура.

Конституциялық заңға сәйкес барлық баспа үгiт материалдарында оларды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуға тиiс.

«Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға рұқсат етілмейді. Оларды сақтамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісінше 102, 113 және124-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғады»,- деп ескертті прокуратура.

Фото көзі: 2gis.kz


adimage