Батыс Қазақстан облысында кісі өлтіруге тапсырыс берген күдікті ұсталды

Орал. 1 наурыз. ҚазТАГ – Батыс Қазақстан облысында кісі өлтіруге тапсырыс берген күдікті ұсталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Жедел іс-шаралар барысында БҚО-да полиция тапсырыспен кісі өлтіруді тоқтатты. Өңірдің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері шұғыл түрде әрекет етіп, қылмысқа жол бермеді. Қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен БҚО-ның екі тұрғыны ұсталды. Қылмысқа тапсырыс беруші күйеуімен мүлікті бөліскісі келмейтін әйел екені анықталды», - делінген жұмадағы хабарда.
Полиция ақпарынша, «күдіктілерден олардың кінәсін растайтын заттай дәлелдемелер тәркіленді".
«Тергеу мәліметтері бойынша, қаруды сатып алу және кісі өлтіруді орындау үшін тапсырыс беруші ұйымдастырушыға 1,3 млн теңге берген. Күдіктілер ұсталды, соттың санкциясымен оларға қатысты “қамауда ұстау” бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір жәбірленушінің өміріне ешқандай қауіп жоқ. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді», - деді полицейлер.

adimage