Баянауылда тағы қарақұрт шығып жатыр, Қырғызстанда Амандық Баталовтың күйеу баласын іздеп жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 15 мамыр. ҚазТАГ – Баянауылда биыл тағы қарақұрт шығып жатыр, Қырғызстанда Амандық Баталовтың күйеу баласын іздеп жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Баянауылда тағы қарақұрт шығып жатыр

Баянауыл ұлттық паркінің мәліметінше, улы жәндіктер Торайғыр көлінің аумағындағы алтыншы орамда, 30 гектардай жерді жайлаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Наурыз айында былтыр қарақұрт жайлаған жерлерді барлап келгенбіз. Тастар арасында улы өрмекшілердің жұмыртқалары бары анықталды. Жәндіктердің өзі қыста тастардың қуысына кіріп жан сақтайды да, күн жылына жер бетіне шығады. Айрықша қорғалатын жер болған соң парк аумағында химиялық өңдеуге рұқсат жоқ. Жұмыртқаларын қолмен жинап, құтыға салып өртеп жібереміз. Былтыр шамамен 30 гектар жерде әлгіндей іс-шараларды атқарғанбыз. Алдағы апталарда біздің мамандар жұмыртқаларды жоюға тағы кіріседі. Сондай-ақ Торайғыр ауылдық округінің әкімдігіне ескерту хат жібердік. Олар өздеріне тиесілі жерлерді өңдеуі керек», - дейді ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұлан.

Ақпаратқа сәйкес, қарақұрт осымен ұлттық парктен үшінші жыл қатарынан табылып отыр. Қызметкерлер 2023 жылы 1593 жұмыртқа мен қарақұрттың 356 ұрғашысын жинап, жойса, былтыр 523 жұмыртқа мен 124 ұрғашысы өртелген.

Парк қызметкерлері Торайғыр көлінің маңайына демалуға баратындарға сақ болуды ескертуде. Себебі қарақұрт адамға өте қауіпті.

Мысыр Қазақстан азаматтарын депортациялап жатыр

Әлеуметтік желілерде Мысыр астанасы Каир қаласында Қазақстан, Өзбекстан және Ресей азаматтарына қатысты кең ауқымды рейд жүргізіліп жатқаны туралы бейнежазбалар тарады, деп хабарлайды El.kz.

Куәгерлердің айтуынша, соңғы апталарда осы үш елден келген кейбір азаматтарды жергілікті қауіпсіздік қызметі көшеде күшпен ұстап алып кетіп жатқан көрінеді. Қолға түскендердің арасында студенттер де бар. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, құқық қорғау органдары студенттердің құжаттарының болуына қарамастан, оқу орындарының маңында аңдып тұрып, оларды ұстап, елден шығарып жіберуде.

Аталған жағдайға қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берді.

«Қазақстан азаматтарынан ешқандай өтініш келіп түскен жоқ. Сонымен қатар, елшілік жергілікті көші-қон заңдарын сақтау бойынша студенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді», – делінген министрлік хабарламасында.

Ақтөбе тұрғыны өз органдарын Т15 млн-ға сатпақ болған

Прокуратура адам органдарын заңсыз сату әрекетін анықтады. Ақтөбе тұрғыны өз ішкі органдарын сатуды жоспарлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«2025 жылдың 30 сәуірінде прокуратура бастамасымен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өз ішкі органдарын Т15 млн-ға сатпақ болған күдіктіні ұстады», – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 116-бабының 1-бөлігі (адамның органдары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

«Қылмыс әлемінің серкесіне қаржы бөлді»: Амандық Баталовтың күйеу баласын Қырғызстанда іздеп жатыр

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қазақстандық кәсіпкер Ерқанат Жұмабековке Камчы Көлбаевтың (Камчы Асанбек) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырғаны үшін іздеу жариялады, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақпаратқа сәйкес, Жұмабеков Көлбаевпен тығыз жеке және іскерлік қарым-қатынаста болған. Ол Көлбаевтың бопсалау, рэкет және кәсіпкерлерден заңсыз ақша жинаумен айналысатынын біле тұра, өз жобаларын ТМД елдерінде қорғау және жүргізу үшін одан қамқорлық іздеген.

Сонымен қатар кәсіпкер мен қылмыс серкесінің Ыстықкөл жағасындағы «Барыс» демалыс орнында бірнеше рет кездескені, сондай-ақ Жұмабеков Алматыға келген Көлбаевтың туыстарына көмек көрсеткені айтылып отыр. Қазір Ерқанат Жұмабековке халықаралық іздеу жарияланды.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage