Бектенов ЛГБТ туралы депутаттарға не деді

Астана. 6 қараша. ҚазТАГ – Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салуды талап еткен депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Құқық қорғау органдарының деректері бойынша елімізде «Калейдоскоп», «Feminita» және «KazFem» деген үш бейресми бірлестік жұмыс істейді, олардың қызметі дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ-қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілетумен байланысты», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, бұл бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған. Олардың әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланды.

«ЛГБТ-қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін», - дейді үкімет басшысы.

Бектенов сонымен қатар, бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында «насихаттауды» шектейтінін атап өтті. Алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылатынын және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқтығын айтты.

Премьер биыл мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрғанын және оның құрамына парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіргенін еске салды.

«Нәтижесінде «жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы» талап бөлігінде петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеуде», - деп хабарлады ол.

Сондай-ақ, үкімет басшысы бұл мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу 2025 жылға жоспарланғанын және зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылатынын атап өтті.

Фото көзі: primeninister.kz


adimage