Бермет АҚАЕВА: «Біздің отбасымыз тәуелсіз Қырғызстанның

Алматы. 27 сәуір. ҚазТАГ – Дилярам Аркин. Қырғызстандағы соңғы оқиғалар 2005 жылғы бірінші революциядан соң қуғында жүрген Ақаевтар отбасында ешқандай таңырқаушылық тудырмады. Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаевтың үлкен қызы – Берметтің айтуынша, онда барлық болып отырғандар заңды құбылыстар. Қырғызстандағы сәуір революциясы Берметке оның отбасының отанына оралуға деген үміт бергендей болды. Тарих бәрін де өз орнына қояды. Бермет Ақаевамен біз Алматыдағы IX-шы Еуразиялық медиа форумда кездесіп, оның Қырғызстандағы ахуалға деген көзқарасы мен Ақаевтар отбасының алдағы жоспары жайлы сөйлестік.
 
-Бермет, сіз Қырғызстанда сәуірдің 7-8-дерінде орын алған оқиғаларды қалай бағалайсыз? Біздің агенттікке берген сұхбатында сіздің әкеңіз, Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев қазіргі революцияның астарында американдықтар тұруы мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ…
 
- Мен Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға ешқандай сыртқы әсерлер болған жоқ деп
ойлаймын. Бәрі де кенеттен және стихиялы түрде өрбіді. Ал өткендегі оқиғалар (2005 жылғы наурыздағы – ҚазТАГ) америкалық тараптың қатысуымен болған.
 
- Бұл жолы қырғыздарға қайтадан күшпен елдегі билікті ауыстыруға не себеп болды ?
 
- Ең алдымен бұл елдегі күрделеніп кеткен әлеуметтік-экономикалық жағдай. Соңғы бірнеше жыл бойына Қырғызстанда негізгі азық-түлік тағамдарына деген баға өсіп отырды, және ең негізгісі - коммунальдық қызметке, газ, электр қуатына, көмірге деген тариф бағасының күрт өскенін атап өтуіміз керек. Құрманбек Бакиевтің кезінде құрылған сыбайлас жемқорлық жүйе мен оның жақын туыстары тарапынан кәсіпорындар мен банктерді рейдерлік тартып алу елдегі ахуалды одан да ары ушықтыра түсті.
 
- Сіз Қ. Бакиевтің Минскідегі өзінің отставкаға кеткендігінен бас тартқан мәлімдемесіне қандай түсініктеме бересіз?
 
- Мен Бакиев өзінің отставкаға кеткендігі туралы шешім қабылдаған соң, бұл мәселеге қайтып оралмауы тиіс еді деп ойламын. Оған қоса, ол өтінішін ресми тұлғалардың көзінше жазды. Ал, «мен айыпты емеспін, оның өзі келді!», - деген ұстаным ер азаматтарға жараспайды, деп ойлаймын.
 
- «Қызғалдақ төңкерісінен» кейін сіздің отбасыңызды елден қуып жіберген соң, сіз Бішкекке келіп қайтадан саясатпен айналыса бастап, сол арқылы оппозиция өкілдерін таң қалдырдыңыз. Сіздің қазір, негізгі қарсыласыңыз Құрманбек Бакиев тақтан құлаған соң, Қырғызстанға оралу ниетіңіз бар ма? Сіздің келешекке деген жоспарыңыз қандай?
 
- Қандай да нақты жоспар туралы айту әзірге ерте. Сөзсіз, мен отаныма ораламын. Егер менің білімім мен тәжірибем Қырғызстан халқына керек болса, онда мен біздің елдің гүлденуіне қолдан келгенше көмектесемін. Ал, әзірге менде ешқандай жоспарым жоқ. Қазір Қырғызстанда бәрі де өте тез өрбіп отыр: президенттік және парламенттік сайлау мерзімі жарияланды, Қырғызстанның жаңа Конституциясының жобасы талқыға ұсынылды.
 
- Айтпақшы, Конституция туралы. Жаңа жоба бойынша, егер ол құжат қабылданатын болса, барлық билік президенттің емес, парламенттің қолына шоғырланатын болады. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
 
- Мен парламенттік басқару жүйесі біз үшін аса тиімді болмас деп есептеймін. Ол, өкінішке қарай, бізге тура келмейді. Қырғызстанның уақытша үкіметі мен осы бастаманы көтергендер әйтеуір қарсы әрекет жасау керектігінен осыған барды деп ойлаймын. Олар, егер өздері үшін президенттік басқару тура келмейді екен, ендеше оны парламенттік басқаруға ауыстыру керек және ол қалай жұмыс істейтінін байқап көрейік деп есептейді.  
Бағыт ретінде батыс мемлекеттері, атап айтқанда Ұлыбританияны алады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, басқаның тәжірибесін соқыр көшіріп алу - әр кезде де күткендей нәтиже бермейді. Мұны асығыстықпен істеуге болмайды. Мұндай шешімдерді қабылдамас бұрын, жоғарғы білікті мамандарды тарта отырып, бұл мәселені кең ауқымды талқылауға шығару керек еді.
Конституцияның осындай түрі мен басқарудың жаңа түрін кім ойлап тапқанын біз білмейміз. Менің көп жылдық зерттеуім көрсеткендей, парламенттік басқару Қырғыз халқына көптеген проблемалар әкелуі мүмкін. Әрине, бүгінге басқарудың осы түрі Қырғызстан үшін барлық пәлекеттен құтқаратындай болуы мүмкін. Бірақ кедей және кішкентай, тұрақты қаржыландыру көзі бар партиясы жоқ елде үшінші күштер деп аталатындар шығуы мүмкін. Сонда біз білмейтін және сол үшінші күштен қаржы алатын партия пайда болуы мүмкін.
 
- Сіздіңше, уақытша үкімет билікті қолында ұстап тұра ала ма? Қырғызстанның жаңа басшылығының алғашқы қадамдарын сіз қалай бағалайсыз?
 
- Сіз білесіз бе, бәрі де болуы мүмкін. Өкінішке қарай, соңғы уақыттары Қырғызстанда жолдарды жабу, стихиялы түрде қандай да тұлғаларды қолдап митингілер өткізу тәсілі сән болды. Егер уақытша үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту бағытында шұғыл шараларды қолға алмаса, онда оларды да осындай жағдай күтіп тұр. Мен әзірге уақытша үкіметтің бұл бағыттағы қандай да нақты қадамдарын көріп отырған жоқпын. Меніңше, олар тесіктерін жамай бермей, нақты реформалар жүргізуі тиіс. Мен олардың тарапынан ел экономикасын қалпына келтіруге деген қандай да әрекетті көріп отырған жоқпын. Қазіргі кезеңде уақытша үкімет үшін ең негізгі мақсат саяси реформалар мен кадрлық ауыс-түйсітер болып тұр. Онда да бұрынғы тәжірибе ескерілмей революцияға сіңірген еңбегі ескеріліп отыр. Елдегі жағдайды жақсарту үшін нақты ешнәрсе жасалмай отыр. Ия, біз қаржылық тесіктерді уақытша жамармыз, бірақ біздің әріптестеріміз – Қазақстан мен Ресей, Қырғызстанда сайлау өткізу мен тағы басқа бір нәрселерге ақша берудің орнына, көмек көрсету үшін елдегі жағдайдың нақты тұрақталғанын көргісі келеді. Мен бұл ұзаққа созылмас деп ойлаймын.
 
-  Сіз Қырғызстандағы алдағы парламенттік не президенттік сайлауларға
қатысасыз ба?
 
- Қазір бұл туралы айтуға ерте. Мен әлі үйімде болған жоқпын. Онда барып, жағдаймен танысып, байқап көру керек.
 
- Ал сіздің әкеңіз Асқар Ақаев саясатқа қайта оралғысы келмей ма?
 
- Ол саясатқа қайта оралмайды. Менің әкем ғылымға ден қойып, белсенді еңбек етіп жатыр. Бірақ Қырғызстан халқына білімі мен тәжірибесімен көмектесуге шын ниет танытты.
Біз (Ақаевтар отбасының мүшелері - ҚазТАГ) бәріміз отанымызға ораламыз деп ойлаймын. Әрине, өмірдің қалай болатынын білмейміз, Мәскеуден Бішкекке көшеміз бе, ол жағы белгісіз. Бірақ, біз қалай да тәуелсіз Қырғызстан Республикасының қалыптасуына үлес қоспақпыз.


adimage