“Бесік әліппе” және “Қазақ хандары” атты альбом-жинақ жарыққа шықты

Астана. 8 қыркүйек. ҚазТАГ – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев және альбом-жинақтарды жарыққа шығарған «Сардар» баспа үйінің директоры Әділ Қаженов мемлекеттік телеарнаның «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болып, жағымды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды мемБАҚ.
Атап өтілгендей, «Бесік әліппе» жинағы дүниеге енді келген балаларға арналған. Мұнда қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы қысқаша мағлұмат берілген. Сондай-ақ, баланың суреттеріне арналған арнайы орын да бар. Яғни, әрі кітап, әрі альбом. Бұл қазақ тіліндегі алғашқы кітап-альбом. Әр қазақ отбасында тұруы керек дүние», - дейді Ә. Қаженов.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарық көрген «Қазақ хандары» альбом-жинағына тоқталған Б. Кәрібаев: «Мерейтойға әр зерттеуші, тарихшы, өнер қайраткері үлес қосуда. Біз де өзіміздің зерттеп жүрген тақырып болғандықтан, кітапты биыл шығаруды жөн көрдік. Үш тілде шығарылған кітаптың сипаты ғылыми-танымдық. Кіріспе сөз Елбасының тарих туралы айтқан пікірлерінен басталады. Одан кейін Қазақ хандығының алғашқы ханы Керейден бастап, соңғы билеуші Тәуе ханға дейінгі 17 хан қамтылған. Кітапта сондай-ақ, қазақ халқының өмірінен көрініс беретін суреттер бар», - деді өз сөзінде.

adimage