«Бейжің жибао» медиакорпорациясы Қазақстаннан оперативтік ақпарат алып отыруға мүдделі

Бейжің. 10 қараша. ҚазТАГ – «Бейжің жибао» медиакорпорациясы Қазақстаннан оперативтік ақпарат алып отыруға мүдделі, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Біздің бірнеше газет және журналдарды біріктіріп отырған медиакорпорациямыз Қазақстаннан келетін жаңалықтарға қызығушылық танытады. Біздің журналистеріміз ірі елдерде қызмет атқарады және әлемдік экономикалық орталықтарда біздің тілші қосындарымыз бар. Біз қытайлық капитал инвестицияланған, экономикалық климаты жақсы елдерден оперативтік ақпарат алып отыруға мүдделіміз», - деді астаналық күн сайын шығып тұратын  басылым бас редакторының орынбасары Чжэн Цзинсян қазақстандық журналистермен кезедсуінде.
«Қытай мен Қазақстанның достық және өзара тиімді қарым-қатынасы дамыған. Ақпараттық айырбасты қалыпқа келтіру осы байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді», - деп ол атап көрсетті.  
Өз кезегінде «Общественная позиция» (ДАТ) медиажобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, «Айғақ» баспа үйінің президенті Дулатбек Әбіш қытайлық әріптестеріне ақпарат алмасудың республика ішіндегі және шетелмен алмасу тәжірибесі, өздерінің басылымдарды дайындау және шығару ерекшеліктері туралы айтып берді. «Новая газета – Казахстан» бас редакторы Александр Краснер ресейлік газетпен бірге талдамалық материалдарды дайындау туралы айтып берді.
Еске салсақ, Бүкілқытайлық журналистер қауымдастығының шақыртуы бойынша Қытайға келген қазақстандық журналистер делегациясының құрамында Қазақстан Журналистер Одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев, «Общественная позиция» (ДАТ) жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, «Новая Газета – Казахстанның» бас редакторы Александр Краснер, «Айғақ» баспа үйінің президенті Дулатбек Әбіш, Қазақстан Журналистер Одағының Батыс Қазақстандағы филиал төрағасы Ибрагим Жүсіпқалиев бар.

adimage