«Мемлекет такси бағасын неге бақыламайды?»
Елімізде такси жолаушыларын тасымалдау нарығындағы бәсекелестік деңгейін, сондай-ақ тапсырыстарды рәсімдеуде қолданылатын аппараттық-бағдарламалық кешендер мен мобильді қосымшаларды жоспарлы түрде талдау жалғасуда, деп хабарлайды El.kz.
«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, такси қызметтері, азаматтық авиация және теміржол жолаушылар тасымалы салаларындағы тарифтік саясат тікелей мемлекеттік реттеуге жатпайды. Бұл бағыттарда баға нарық субъектілерінің арасында бәсекелестік негізінде қалыптасады», – деп түсіндірді премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр.
Склярдың айтуынша, егер бағалардың негізсіз көтерілгені анықталса, Кәсіпкерлік кодекс нормаларына сәйкес тиісті антимонополиялық әрекеттер қолданылады.
Шымкентте жер телімдерін өз бетінше иемденіп алғандар тыйылмай тұр
Шымкент қаласының Абай ауданында өзекті мәселелердің бірі – жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтар. Мұнда жер учаскелерін өз бетінше иемдену, мақсатсыз пайдалану және игерілмей жатқан аумақтар жиі кездеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақпаратқа сәйкес, осы жағдайды шешу үшін аудан прокуратурасы 1087 өзін-өзі иемденген жер теліміне паспорттау жүргізді. Нәтижесінде 142 учаске босатылды – олардың көпшілігінде заңсыз салынған іргетас пен қоршаулар болған.
Жерді заңсыз сатумен айналысқан тұлғалар анықталды: Жеті адамға қатысты айыптау үкімі шығарылды; үш қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда.
Мас жүргізушілердің кесірінен алты айда 18 адам көз жұмды
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда мас күйде көлік басқарған жүргізушілердің қатысуымен 198 жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Жол-көлік оқиғаларының салдарынан 18 адам көз жұмып, 318 азамат түрлі жарақат алды», – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, көлікті мас күйде жүргізу — жолдағы ең қауіпті заңбұзушылықтардың бірі. Мұндай жауапсыз әрекет тек жүргізушінің ғана емес, айналасындағылардың да өміріне үлкен қауіп төндіреді.
«Билік қаласа бәрін бір күнде қазақша сайратар еді - Нұрлан Өнербаев»
«QASQA JOL» ютуб бағдарламасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев қазақ тілінің болашағы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Ел болып егемендік алғалы, туымызды көкке көтергелі тіліміз тәуелсіздік ала алмай қойды. Әлі де сол тіліміз босағада жүр. Біз өнер адамы болғандықтан, сахнада төл мәдениетімізді өзіміздің ана тілімізде жеткізгіміз келеді. Ал егер тіліміз осы мүшкіл күйінде әрі қарай кері кете беретін болса, ертең сені ана тіліңде сөйлеп тұрған сөзің, әнің, жырың кімге керек болады? Бұл өте өзекті мәселе. Мен өзім жүрген жерімде тілімізді дәріптеп жүремін», - дейді ол.
Сонымен қатар өнер иесі көшеде баласымен орыс тілінде сөйлесетін ата-аналарға жиіркенішпен қарайтынын жасырмады.
«Өзіміздің қазақ азаматтары баласымен шүлдірлеп басқа тілде сөйлеп жатқандары жаныма батады. Өте жиіркенішті жағдай. Өзіміз қазақтың баласы бола тұра, туғаннан бойымызға ананың сүтімен қазақтың тілі дамыса да өзге тілді құп көріп тұрамыз. Өз ұрпағыңа өз ана тіліңде сөйлей алмау деген, біріншіден өз ата-анаңды тәрк ету, өз болмысыңды тәрк ету және өз ұлтыңды тәрк ету, яғни бәрін жоққа шығару деген сөз. Мен енді ондай адамдарға алғашқы кезде ескерту де жасап көрдім, мұндай кезде жұрттар өте ашуланып, агрессия танытады. Сол себепті қазіргі кезде ешкімге ескерту жасап, айтпайтын да болдым. Билік қаласа бәрін бір күнде қазақша сайратар еді. Негізінен қазақ тілін мемлекеттік рәміздер қатарына қосылса деген тілегім бар. Сонда тіліміз заңмен қорғалатын болады», - деп қорытындылады Нұрлан Өнербаев.
Фото көзі: Ашық дереккөз