Біртанов «көзге көріне бермейтін» жемқорларды атады, биыл «Алтын белгі» иегерлерінің саны артқан және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 17 маусым. ҚазТАГ – Біртанов «көзге көріне бермейтін» жемқорларды атады, биыл «Алтын белгі» иегерлерінің саны артқан және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«МӘМС емханаларға қарыз»: Елжан Біртанов «көзге көріне бермейтін» жемқорларды атады

Қазақстанда медицина саласындағы қордаланған мәселелердің шешімі – цифрландыру. Бұл туралы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ютуб арнасындағы бағдарламалардың біріндегі сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz

Оның айтуынша, қазіргі кезде еліміздегі бүкіл емханалар, ауруханалар сақтандыру ақшаны алу үшін МӘМС-ке қағазға жазып, актілерді жібереді.

«Себебі цифрландыру мәселесі шешілмеген. Бұл не? Біріншіден, әр емхана, әр аурухана бүкіл азамат келіп медициналық көмек алса, ол міндетті түрде ақпараттық жүйеге сол мәліметті енгізеді. Енді айдың аяғында сол ақпараттың бәрін жинақтап, шот-фактура жасап, қорға жібереді ғой. Сол кезде сақтандыру қорының барлық ақпаратты тексеруге мүмкіндігі болмайды. Себебі, бұрын қағазға жазса, қазір базаға енгізіп жатыр. Мәселен, жеңіл операция өткізеді де, ертең оны күрделі операция деп базаға енгізіп, бағасын көтереді. Мұндай түрлі жағдай болып жатуы мүмкін. Кейде әдейі істейді, кейде қате жібереді. Соның бәрін айдың, жылдың аяғында емес, күнделікті көріп отыру үшін бүкіл ақпараттық жүйені бір жерге жинап, интеграция жасау керек. Ал интеграция жасау үшін арнайы платформа құрылады. Ал бізде науқастардың ем алғаны, дәрі алғаны туралы деректер әр жақта, әр түрлі базада шашылып жүр. Негізінен олардың барлығын ортақ бір базаға біріктіру керек. Сондықтан ай сайын жалақымыздан қорға 2 және 5% төлеп жатқан ақшамызда бақылай алмай отырмыз. Өз ақшамызды бақылауымыз керек қой», - деді экс-министр.

Бағдарлама жүргізушісі «Сонда қор емханаларға қарыз деп айта аламыз ба?», деп сұрады.

«Иә, солай деп айтуға болады. Себебі олар ай сайын аванс төлеп тұр. Аванс дегенміз не? Олар алдыңғы айларға қарап 50%, 10% ақшасын береді. Енді орташа есеппен, айына нақты қанша науқасты емдейтінін білмей отыр. Жуырда бір ақпарат келді. Енді ғана қаңтар айының жұмысының ақысын жауып жатыр деген. Толық жапты. Қаңтар айының, біріншіден – қағазбен, ешқандай ақпараттың жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Себебі МӘМС өзінің ақпараттық жүйесін құрамыз деп іске кіріскен, бірақ, жаңа да, бұрынғы да жүйе жоқ, яғни, нәтиже жоқ», - деді ол.

«Болашақта адамдарға мобильді девайстар қажет болмайды – Илон Маск»

Американдық кәсіпкер Илон Маск болашақта адамдар мобильді телефондардан бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.

Миллиардердің айтуынша, адамдар ми импланттарын қолданады.

«Ал сіз телефоныңызбен ойша басқаруға мүмкіндік беретін Neuralink интерфейсін миыңызға орнатар ма едіңіз?», - деп сұрады Илон Маск оқырмандарынан.

Масктың сөзінше, алдағы уақытта мобильді девайстар мүлде қажет болмайды.

«Болашақта телефон болмайды, тек Neuralink болады», – деді ол.

«Биыл елімізде 7420 түлек «Алтын белгі» иегері атанды»

2024 жылы 11-сыныпты 186 мың түлек бітірді. Оның ішінде 7 420 түлек «Алтын белгі» белгісімен марапатталды, деп хабарлайды Stan.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестат алды.

Өткен жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны артқан, 2023 жылы елімізде 6817 оқушы «Алтын белгі» алған.

«Төрт өңірде есірткі зертханасының желісі жойылды»

ІІМ жедел іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің төрт өңірінде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мамыр айында Өскемен қаласында жиһаз бизнесінің атын жамылып, синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол қойманы жалға алып, жабдықтар мен химиялық заттар әкелген. Ұстау кезінде 1,5 келіге жуық дайын есірткі, 1,5 тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді.

Тексеруден кейін оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталды.

Рудный қаласында жалдамалы үйдің моншасын зертхана етіп жабдықтаған екі адам ұсталды. 300 гр асатын дайын есірткі, химиялық заттар, қорғаныш костюмдер және жабдықтар тәркіленді. Олардың көліктерінен сатуға дайын есірткі табылды. Алматы облысында мефедрон өндірісімен айналысқан тағы екі күдікті ұсталды. Өндірістің соңғы сатысындағы есірткі, прекурсорлар және жабдықтар тәркіленді. Тергеу кезінде ұсталғандар есірткі жасырылған 10 жерді көрсетіп, жалпы салмағы шамамен 3 кг асатын есірткі анықталды.

«Жалпы қала көшелеріне синтетикалық есірткінің 11 мыңға жуық дозасының таралуына тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6 кг астам синтетика заңсыз айналымға жіберілмеді, 4 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. ІІМ қоғам қауіпсіздігіне бей-жай қарамайтын азаматтарға алғыс білдіреді және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастырады. Бірлесіп қана біз қалаларды қауіпсіз етіп, балаларды есірткі қаупінен қорғай аламыз», - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Фото көзі: time.kz/©Елжан Біртанов


adimage