Биыл Астанадағы апатты деп танылған үйлерден 400-ден астам отбасы көшіріледі

Күні: 18:33, 15-10-2014.

Астана. 15 октября. КазТАГ – 2014 жылы Астанадағы апатты деп танылған үйлерден 400-ден астам отбасы көшіріледі, деп хабарлады қала әкімінің ресми сайты.
Сайтта жарияланған хабарда айтылғандай, Астанада 2017 жылға дейін апатты жағдайда тұрған 228 үй бұзылады. 2013 жылы 11 ескі үй бұзылып, 178 отбасы көшірілген болатын. Бұл туралы Астана қаласы Мәслихатының тұрақты комиссиясы отырысында мәлім болды.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай «2014 жылы Астанада апатты жағдайда тұрған 31 үйді бұзу жоспарланған. Бұл үйлердің тұрғындары - 463 отбасы Сығанақ көшесі ауданына көшіріледі», - делінген ақпаратта.
Еске салайық, Астана қаласында апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзу пилоттық жобасын жүзеге асыру «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында қарастырылған.
Қаланың аудандық әкімдіктері тұрғын үй қорына талдау жүргізіп, 1940-1970 жылдары салынған ескі үйлердің тізімін жасады. 228 үйдің инженерлік жүйелері мен негізгі құрылыс конструкциялары әбден тозған.
Қазіргі кезде арнайы ұйымдар аталған үйлерде техникалық тексеру жүргізуде. Шығарылған техникалық қорытындылардың негізінде нысанда қалыптасқан жағдай жіті тексеріліп, объективті мәліметтер расталған жағдайда үйлер апатты деп танылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес апатты жағдайда тұрған үйлердің иелері жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріне көшіріледі. Бұл ретте берілетін аудан ескі үйдің ауданымен бірдей болады, яғни, ұсынылатын тұрғын үйдің шаршы метрі бұзылатын үйдің шаршы метрімен тең болады.
Ескі кварталдарды қалпына келтіру механизмі мемлекеттен тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржыны қайтаруды қамтамасыз етуге, құрылыс индустриясын дамытуға, тұтастай, тұрғын үй құрылысын дамытуда қуатты мультипликативтік әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осының барлығы халық үшін баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қаланың сәулеттік келбетін жақсартады.


Жаңалықтармен бөлісу: