Біз бүгінде Қазақстанда бір атаның баласындай өмір сүріп жатырмыз – қырғыздар бірлестігі

Қызылорда. 8 қыркүйек. ҚазТАГ – Біздің елде барлық ұлттар бір-бірімен араласып, құраласып тіршілік етуде және ларға өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет ғұрыптарын, мәдениетін, тілін байытып дамытуға мүмкіндік жасалған, деп хабарлады облыстық Қырғыз қоғамдық-мәдени орталығы.
“Біз бүгінде бір атаның баласындай үлкен отбасында өмір сүріп жатырмыз. Татулығымыз берік. Қашанда бір-бірімізге қол ұшын созып, бір нанды бөле жеген бауырлардай етене араласып, бір мақсат жолында келеміз.
Негізінен биылғы жыл мәдени іс-шараларға толы болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жоспарланды. Бұл шараларға байланысты үлкен дайындық жұмыстары жүргізілуде”, - деп көрсетілген сейсенбі таратылған ақпараттық парақшада.
Атап көрсетілгендей, осыған орай әрбір өңірде мәдени іс-шаралар жоспары әзірленді. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған ұлттық-мәдени орталықтар белсенді түрде кең көлемдегі шараларды ұйымдастырып жатыр.
“Осы тұста облыстағы "Қырғыз қоғамдық-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары орасан. Қоғамдық бірлестік мүшелері түрлі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып, белсенді түрде атсалысып келеді. Біздің елде барлық ұлттар бір-бірімен араласып, құраласып тіршілік етуде. Оларға өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет ғұрыптарын, мәдениетін, тілін байытып дамытуға мүмкіндік жасалған”, - деп толықтырылған ақпарда.
Сонымен қатар біздің өңірімізде ұлтаралық қарым-қатынастың мызғымас ұйытқысына айналған татулықты, этностардың бірлігі мен бір мақсатқа жұмылуының айқын көріністерін көруге болатыны баса айтылады. Мұның бәрі ұлттық-мәдени орталықтардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, ынтымақ пен бірлікте байланыс жасап жатқандығын білдіреді.
“Ең бастысы және маңыздысы ұлттар арасындағы татулық берік болғай!” – деп аяқталған хабарда.

adimage