Болат Есекин: Біз экологиялық дағдарыс шегінен асып кеттік

Алматы. 27 маусым. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Соңғы 20 жылда экономикалық өсуге қарамай, Қазақстанда экологиялық проблемалар шешілмек түгілі күннен күнге шиеленісіп кетті. Табиғатты сақтау жұмыстары формальды түрде жүргізіліп жатыр, нақты нәтижелер жоқ: қалдықтар, тастандылар, таза судың тапшылығы мен топырақтың тозуы осы аралықта тек арта түсті. Егер алдағы уақытта осындай көзқарас өзгермейтін болса, онда 10-15 жылдан соң біз өмір сүруге жарамайтын ортада мекен ететін боламыз, деп есептейді кәсіби эколог, Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының экс-директоры Болат Есекин.


- Болат Қамалбекұлы, қазір Қазақстан үшін қандай экологиялық проблемалар аса қауіп төндіреді?


- Басым проблемалар бұрыннан белгілі – ол таза су тапшылығының артып бара жатуы, құнарлық жерлердің тозуы, қалалардағы ауаның ластануы. Сонау 1997-1998 жылдары біздің елдің үкіметімен, Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары (ҚОҚҰСЖ) орталығымен, Гарвард институтының сарапшыларымен, Дүниежүзілік банк және БҰҰ ДБ-мен бірлесіп арнайы құрылған комиссия Қазақстанның экологиялық проблемаларына талдау жасады. Денсаулыққа, экономикалық дамуға және биоәркелкілікке әсер ету дәрежесі бойынша олардың ішіндегі ең маңыздылары анықталды. Жалпы Қазақстан және әр облыс үшін басым проблемалар мен іс-қимыл тізімі жасалған. Ол әлі күнге өзекті болып табылады, себебі ол басымдықтар қандай да бір сектор немесе топтың пікіріне байланысты болмады. Жағдайды бағалауды кәсіби шеберлер жасады, бірақ ақтық шешім консенсус (пәтуа) негізінде орталық және жергілікті билік пен кәсіпорындар және ҮЕҰ-лармен бірауыздан қабылданды. Бұл ретте қабылданған көзқарас проблемалар арасында қарама-қайшылықсыз тәуелділікті бекітуге мүмкіндік беріп, ең тиімді және қисынды әрекеттер жоспарын ұсынды.
Өкінішке қарай, одан кейінгі барлық табиғатты сақтау «реформалары» сабақтастықты сақтамады, ал анықталған басымдылық біртіндеп кездейсоқ басымдықтармен алмастырылды. Сол себептен жаңа бағдарламалар мен стратегиялар үкімет пен министрліктердің ауысуына, халықаралық бастамаларға тәуелді бола түсті. Нәтижесінде әр екі жылда жаңа стратегиялар пайда болып, жаңа міндеттер қойылып, ал олардың алдыңғы бағдарламалар аяқталмай қалып жатты. Ұлттық экосаясаттың тиімсіздігінің басқа да себептері болды. Бірақ қорытындысында біздің барлық реформалар қандай да нақты жақсаруға әкелмеді, ал экологиялық басқарулар күннен күнге нашарлай берді. Соңғы мысал – экология министрлігінің жойылуы. Ол осы саясаттың заңды қорытындысы және оның толық апофезы деуге болады.
Қазақстан әлемге өзінің ерекше экологиялық келбетімен әйгілі: Семей және басқа да әскери полигондар, өте улы тастандылары бар Байқоңыр, тың жерлерді қопарып тастауы және шөлейтті жерлердің аумағының күннен күнге өсіп бара жатуы, қалдықтардың тау болып өсуі, өнеркәсіп алыптарының тастандыларының артуы, мұнайдың төгілуі мен қала ауасының ластануы... Өзінің экологиялық проблемалары әлемде теңдессіз елде, ал тек экологияның ғана емес, экономиканың келешегі экологиялық саясатқа өте тәуелді, барлық табиғатты қорғау функциялары әр түрлі шенеуніктердің кабинеттеріне үлестіріліп берілген. Бізде ел келешегінің қауіпсіздігі үшін табиғат пен халықтың мүддесін қорғайтын мемлекеттік орган жоқ.



- Ал есеп бойынша бізде бәрі де жақсы секілді...


- Біз халықаралық деңгейде де орнықты даму мақсаттарын сенімді орындап жатырмыз, біздің ЖІӨ ондаған есеге артты және біз басқа елдерге үлгі бола аламыз деп есеп береміз. Бірақ орнықты дамудың негізгі мәселесі – ол экология. «Орнықты даму» бағдарламасы мен ұғымның өзі экономикалық өсім мақсаты үшін пайда болған жоқ, ол экологиялық және әлуметтік проблемаларға назарды күшейту үшін пайда болды. Ал экологиялық мәселелерде біз орнықты даму үшін түк те жасаған жоқпыз – біздің негізгі экологиялық проблемаларымыз үнемі нашарлап келеді: қалдықтар тау болып жиналуда, таза су күнен күнге азайып келеді, ал тозған жер мен парниктік газдардың бөлінуі күннен күнге артуда. Жекелеген оң жетістіктер бар болғанымен олар өте әлсіз және ұзаққа бармайды.
Айқын және дұрыс (кәсіби тұрғыдан) қойылған мақсаттар мен анық басымдықтар жоқ кезде барлығы да қосалқы және кездейсоқ нәтижелер негізінде есеп беріледі. Әкімдер жолайырыққа, асфальтқа, автобус сатып алуға, жолдарды кеңейтуге (әдетте жол бойындағы ағаштарды кесу есебінен) жаратылған қаражаттың өсіп жатқанымен есеп береді. Министрліктер жаңа заңнамамен, бағдарламалармен, конференциялармен есеп береді. Бірақ экосаясаттың түпкі мақсаттары – су қоймаларындағы су сапасын жақсарту, ауадағы шаң-тозаң, ауыр металлдардың құрамын азайту, су мен жер өнімділігін арттыру және экожүйені сақтау – орындалмай қалады.
Бірақ ешкімде де ондай мақсаттар болмаса, онда, әрине, оларға қол жеткізерлік тетіктер де пайда болмайды. Сондықтан да жауапты ешкім жоқ, бағдарлама мен қаржыландыру жоқ, яғни ешқандай іс-қимыл жоқ. Бүгіндері министрліктен немесе әкімшіліктерден сұраңыздаршы: су қоймаларының,топырақтың және ауа сапасының жыл сайынғы жақсаруына кім жауап береді? Мысалы, ең әдемі болғанымен ең лас қала – Алматының ауасындағы шаң-тозаң мөлшерін тым болмаса 10%-ға азайту туралы кімнің алдына міндет қойылған? Күн сайын осы мәселемен кім айналысып отыр, кім өзінің лауазымы мен ресурстарын осы мәселеге бағыттап, егер орындалмаған жағдайда қызметімен жауап берер еді? Біздің елімізде ондай мақсат қойылып отырған жоқ – экологиялық жоспарлауда әлі күнге кеңестік көзқарас сақталуда! Сондықтан шығындар артқан сайын қоршаған орта жағдайы нашарлай түсетініне таң қалудың керегі қанша?


- Ал экологиялық бағдарлама, стратегиялар ше?


- Қазақстан тәуелсіздік жылдары 20-дан астам әр түрлі тұжырымдамалар, стратегиялар, конвенциялар, ұлттық және халықаралық бағдарламалар қабылданды! Бірақ олардың біреуі де аяғына дейін жеткен емес. «Оңтайландыру» мақсаты үшін немесе донорлардың ықпалымен қайта-қайта жаңадан бағдарламалар қабылданады. Ал жергілікті органдар осындай жағдайда экологияны желеулетіп көп жағдайда табиғатты қорғауға деген қаражатты проблемаларды шешуге емес, баз біреулердің жеке бизнесін қолдауға – жаңа сатып алуларға, құрылысқа не жөндеу жұмыстарына жаратады. Жаңа әкімдер дабырлатып мәлімдемелер жасағанымен жеке бастың мүдделері бүгіндері қоғамдық мүдделерден басым түсіп, барлығы да бұрынғысынша қала береді. Бейнелеп айтқанда, экология шаруасында біз үйіліп жатқан кірпіштерден экоқұрылыстарды бастап және 25 жылдық тер төгілген еңбектен соң сол баяғы үюлі жатқан кірпіштердің қасында тұрмыз.


- Бірақ халық уәде етілген жақсаруды күтіп, үміт етіп отыр және сенеді де емес пе?

- Дәстүрлі түрде халық табиғатты қорғау жұмыстарына араласпайды. ҮЕҰ-лар бар, бірақ олардың әсері мардымсыз. Барлығы да биліктен дайын шешім күтіп отыр. Экологиялық ағарту және тәрбиелеу бағдарламасын белсенді түрде дамытып отыру керек. Үйлердегі сулар шектеусіз ағып жатады, машиналарды өзендерде жуады және олар жол жиегіндегі гүлзарларға шығып кетеді, барлық жерлерде қоқыс... Экологиялық сауаттылық және ластану мен денсаулық арасындағы байланысты түсіну мәселені түбегейлі өзгертер еді. Алматыда ауа сапасының мониторингін жүргізетін жақсы қоғамдық станция бастамасы болған еді, бірақ оны сертификаттау және рұқсат алу керек деген сылтаумен жауып тастады. Мысалы, маған ол аспап жеке меншік болсын, мемлекеттікі болсын, ондай ақпарат өте маңызды болар еді. Ол қала әкімшілігі үшін нашар белгі: өздері ақпаратты жауып тастайды және басқаларға тыйым салады.



- Ауаға қатысты түсінікті... Ал бізде су сапасы қандай?


- Су – Қазақстан келешегі үшін маңызды экологиялық фактор. Барлық ғылыми және халықаралық болжам бойынша бізде су азаяды. Біз көрші мемлекеттерге тәуелдіміз, оларда халық саны мен экономикасы өсіп келеді. Амудариямен Арал теңізіне бір тамшы су да жетпейді, ал Сырдариядағы ағыс өте күшті қысқара бермек. Қытай да Ертіс пен Іле суларын көптеп алып жатыр, шекара маңы аумақты дамытуда. Уақытша ғана құйылу артуы мүмкін, бірақ жалпы алғанда барлық болжамдар бірдей. Ал бізде Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Астана, бүкіл өндірістік кешеніміз Ертіске тәуелді! Ал Ілеге Қазақстанның бүкіл оңтүстігі мен Алматы тәуелді. Біз шұғыл түрде экономикамызды, халықты су барған сайын азаятынына дайындауымыз керек, өндіріс пен тұтыну құрылымын өзгертуіміз керек, барлық индустриалдық және аграрлық стратегияларымызды, жергілікті даму бағдарламаларымызды қайта дайындауымыз керек. Онымен біреу айналысып жатыр ма? Бәлкім, су ресурстары үшін жауапкершілік жүктелген және өкілеттілік берілген ауыл шаруашылығы министрлігі шығар? Олар онымен айналысып жатпағаны анық және айналыса алмайды. Ол жер, сиыр т.б. проблемалармен айналысып отырған шаруашылық органы ғой. Оған бағынышты су ресурстары комитеті, стратегиялық мәселелер үшін тым болмаса азғантай әлеуеті жоқтығы былай тұрсын, олар су құбырлары мәселелерімен, тендерлерге қатысты дау-дамаймен «басы қатып» жатыр.
Жергілікті деңгейде де осындай көрініс: су арналары тек шаруашылық міндеттерді ғана атқарады – су беру (сату). Бірақ елді, экономиканы және халықты сумен қамтамасыз ету стратегиялық көзқарасты қажет етеді, оның ішінде климаттың өзгеруі себепті су ағысының азаюы мен мұздықтардың еріп бара жатқанын ескеру керек.


- Егер керемет орын ала қалса және экология мәселесінде оң өзгерістер көрініс берсе, қалпына келтіру үшін қанша жыл керек?


- Кейбір мәселелер қалпына келмейді, мысалы Арал теңізі. Онда қайта қалпына келмейтін, экологиялық апаттан асып жатқан үдерістер орын алуда. Бірақ көптеген мүмкіндіктер бар. Мысалы, Алматының ауасын тазартуға болады. Мен кәсіби маман ретінде егер бағытты түрде тізбекті жұмыс жүргізетін болсақ, оны 3-5 жылдың ішінде жақсартуға болады! Тіпті бір рет жақсы нөсер жауғаннан соң ауа едәуір жақсарып қалады. Себептерін кетіру керек – лас бензинді, көп күл шығаратын көмірді, қоғамдық көлікті жақсарту, электр көліктерін ынталандыру керек.
Тіпті кеңестік дәуірде де Алма-Атаның экологиясын шешу түбегейлі және бүгінгіден күшті болатын. Ал қазір бюджет, технологиялар мен басқа да мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Мысалы, ҚКП мен Министрлер кеңесінің Алма—Атаға лас көмірлерді әкелмеу, этильденген бензиндерді пайдаланбау, лас кәсіпорындарды қаладан тыс шығару, қала ішінде бақтар егу туралы арнайы шешімдері болатын. Көптеген экологиялық проблемалар жаңалықтарды қажет етпейді және бұрыннан барлық техникалық шешімдер шешілген, бірақ экология төңірегіндегі бизнес пен тар ғана мүдделерден асу күрделі болып шықты.



- Шынын айтыңызшы: біз экологиялық апат алдында тұрмыз ба әлде ол үдеріс басталып та кетті ме?


- Егер біз ластану жағынан қауіпсіздіктің барлық шекті нормаларынан асып кеткен ауамен тыныс алып жүрсек, демек біз шектен асып кеткеніміз. Бір кездері Алматының арықтарындағы суды ішуге болатын. Ал еліміздің барлық көлдері мен өзендерінде шомылуға болатын. Азық-түліктер қауіпсіз және таза болатын. Шек деп тағы нені айтуға болады? Еуропа мен көптеген басқа елдер өздерінде тазартты, қалпына келтірді, су қоймаларындағы сулар таза, экожүйелер қалпына келуде. Бізде болса кері үдеріс жүріп жатыр.


- Дегенмен бізде қандай да үмітіміз бар ма?


- Үміт әр кез болады – арзан және жаңа технологиялар пайда болуда, жақында күн энергиясы жаппай кеңінен қолданылады, таза су алу технологиясы пайда болады, қауіпсіз тамақ өндірісі мен үйлер пайда болады. Жаңа жасыл технологиялар біздің өмірімізге кіреді, бір кездері ұялы телефон мен интернет сияқты. Басқару мен қарым-қатынастың жаңа түрлері тез пайда болуда: басқарудың бір орталықтандырылған тиімсіз жүйесінің орнына жаңалары келеді – серіктестік негізінде, бастықтарсыз және оларға бағыныңқыларсыз. Мен бұл туралы «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын дайындау барысында айтқанмын. Ол бағдарлама шекарасыз жасыл технологияларды дамыту және өзара тиімді ынтымақтастық үшін дайындалған. Ондай өзгерістерге халықтың, бизнестің қатысуы керек, ал билік ондай табиғи үдеріске қолдау көрсетсе болар еді.


- Сұхбатыңыз үшін рақмет!

adimage