Болат Сұлтанов: Көпполярлы әлемге өту болжап болмайтын жағдайлар арқылы жүзеге асады

Алматы. 17 ақпан. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазір Қазақстан мен Орта Азияның басқа елдері бетпе-бет келіп отырған негізгі проблемалар – көпполярлы әлемге өту және есірткі трафигімен күресу, осы тұста неге Қазақстанға Ресеймен, Қытаймен және ЕО-мен ынтымақтастық орнату, өңіраралық ұйымдар құрып, күш құрылымдарының қызметіне қоғамдық бақылау орнату керек болды, бұл туралы ҚазТАГ-қа берген сұхбатында Қазақстан-Неміс университеті жанындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық институтының директоры Болат Сұлтанов әңгімелеп берді. 

 - Болат Қылышбайұлы, қазір экономикалық дағдарыс жайлы көп айтылып жатыр. Осы жағдайда Қазақстанның көрші елдермен өзара қарым-қатынасы қандай болмақ? 

 - Бізге айналымызда не болып жатқанын зерттеу керек, себебі біз қазір өте қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз, әлемнің бір полярлықтан көп полярлыққа өту беталысында тұрмыз, ал мұнда проблема өте көп. Көрші елдерде не болып жатқанын білмесек, жаһандық кеңістікте де, еуразиялық кеңістікте де Қазақстанға даму туралы айту қиын болады. Жетекші қазақстандық ғалымдардың үкіметке, ел басшысына Қытайды, Орта Азияны, Ресейді, Батыс елдерін, араб әлемін зерттеу бойынша ғылыми орталықтар құру туралы бірнеше рет жасаған өтініштеріне қарамастан бәрі бұрынғы деңгейде қалды. Бұл ретте, әңгіме азғантай ғана сома жөнінде – ондай институтты құру және қалыптастыру үшін, ҚСЗИ сияқты, жылына 1 млн доллардан аса қаржы керек. Егер біз Қазақстанда басқа жобаларға қанша қаржы бөлініп жатқанын ойлап қарасақ, онда мәселе тек ақшаны дұрыс жұмсау жөнінде ғана. Бұл жағдайда Қытай, Азия-Тынық мұхиты өңірлерін, Еуропа мен Батысты зерттеу бойынша ғылыми институттарға миллион ақша бөлуге менің ойымша болады және ол керек те. Десек те, мұны біздің үкімет мүшелері түсінгенше күте тұрайық. 

 - Ал жаһандық жоспарда дағдарыстан құтылуға мүмкіндік бар ма, әлде оны бастан өткізуіміз керек пе? 

 - Сонау 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарысқа алып келген негізгі проблемалар шешілмеген жағдайда, әрине, жаңа жаһандық дағдарыстан құтылуға немесе ең болмағанда оның ықтимал салдарының алдын алуға қадамдар жасалуда. Осы мақсатта біз бір полярлы әлем құрылымынан шығуға деген ұмтылысты көріп жатырмыз, соның ішінде жаңа халықаралық ұйымдар құру жолы арқылы, тек Батыстың қатысуынсыз. Біз үшін көп полярлы әлем жүйесі қолайлы, онда түрлі полюстер арасындағы консенсус негізінде біз туындаған сұрақтарды БҰҰ туы астында шеше алар едік. Бұл ретте бірполярлы жүйеден көп полярлыға өту болжап болмайтын құбылыстарға соқтырарын білуіміз керек, және ол 2015 жылы болуы да мүмкін. 

 - Егер сол құбылыстарды болжауға тырыссақ, не болуы мүмкін? 

 - АҚШ бірполярлы әлем құрып, оны қалай болғанда да сақтап қалуды мақсат етеді. Қазір әлем бір полярлы болып тұрғанда, АҚШ БҰҰ-ға мән бермейді, және мәселен, олар Ресейге қарсы санкция салып жатыр, десек те санкциялар – бұл Біріккен ұлттар ұйымының ерекше құқығы. АҚШ өз өнімдерінің экспортына және америкалық доллардың әлемдік валюта ретінде ұзағырақ сақталуына мүдделі, әлбетте алтынмен қамтамасыз етпестен. АҚШ-қа Еуразиялық одақтың еуроатлантикалық аймаққа кетіп, Ресей мен Еуразиялық экономикалық одақтан қандай да бір антиресейлік қораппен қоршалғаны тиімді. Сондықтан АҚШ-тың басты сыртқы саяси міндеттерінің бірі – бір жағынан АҚШ және Канадамен, екінші жағынан Еуропалық одақпен Еуроатлантикалық еркін сауда аймағын құру, сосын олар бір мезетте Тынық мұхитында еркін сауда аймағын құрады, тек Қытайдың қатысуынсыз. Осылайша, олар біріншісінен Ресейді, екіншісінен Қытайды ығыстырып шығара отырып, еуроатлантикалық және тынық мұхиттық еркін сауда аймағын өз бақылауларына алуға тырысады. Мұндай үлкен қауіп төніп тұр - Ресей мен Қытайды бірыңғай блокқа ығыстырып шығарады. Ал мұның қауіптілігі сонда, егер ондай блок пайда болатын болса, онда біз қайтадан биполярлы жүйеге өтеміз. АҚШ мүддесі мен саясатын түсінуге болады. Бірақ өз мүддемізді де түсініп, сол жүйеге бейімделуіміз керек. Мен біздің сарапшыларға айтып жатырмын: неге сіздер басты мәселені ескермейсіздер - АҚШ үстемдігінен шаршаған Қытайдың, Үндістанның, Иранның, Латын Америка елдерінің көпполярлы жүйеге өтуде өздерін қалай ұстайтындарын? Қазір әр ел үшін экономикалық, саяси, әскери өңірлік ұйымдардың өздерін қалай ұстайтындары маңызды, себебі осындай күрделі жүйе жағдайында әлемдегі бірде-бір ел өзін сенімді сезінбейді. 

 - АҚШ өзі бірполярлы әлемнен бас тартатындай жағдай туындауы мүмкін бе? 

 - Америкалықтар өз еріктерімен ешқашан ешқайда кетпейді. Оның үстіне АҚШ-тың мемлекеттік борышы 17 трлн доллардан асады, 2016 жылға Ақ үй тек қорғаныс пен қауіпсіздікке 567 млрд доллар сұратқан, ал бұл өткен жылғыдан 34 млрд-қа артық. Яғни экономикалық дағдарыстың алдын алу мәселесін шешудің орнына, әлемнің жетекші экономикасы ақшаны әскери бюджетке «сіңіріп жатыр». Осындай үлкен бір ғана алпауыт тұрғанда, осы супералпауытқа қарсы күш табу өте қиын. 

 - Бірақ мемлекет бірыңғай әскерімен ғана күшті емес қой ... 

 - Әскерді жауынгерлік жағдайда ұстау керек деп санаймын. Қазақстандық әскерде бәрі қалыпты болу үшін қаржыны жұмсауға қоғамдық бақылау орнату керек. Бейбіт кезеңде мемлекет халықтың 0,5%-ын құрайтын әскерді қамтамасыз ете алады. Менің есептеуімше, 17 млн-ның 0,5%-ы 80 мың адам. Біздің ел 80 мың адамнан тұратын әскерді ұстай алады. Бірақ өздеріңіз білесіздер, бізде 80 мың жоқ. Күзде бізде шамамен 12 мың адам әскерге шақырылды, көктемде шамамен 10 мыңдай. Сондықтан, ақшаның бөлінуі туралы сөз қылғанда, қорғаныс министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі секілді жабық салаларға барынша бақылау орнату керек деп санаймын. Не десек те, 17 млн халқы, үлкен аумағы мен табиғи байлығының мол қоры бар Қазақстан үшін дипломатия басты қорғаныс құралы болып табылады. Оқ-дәріні құрғақ күйде ұстау керек, бірақ бізге қиын, болжап болмайтын уақытта өмір сүріп жатқанымызды түсіну керек, сондықтан Қазақстанның қауіпсіздігі Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан секілді көрші елдермен, және әрине жетекші ойыншылармен қарым-қатынасымызға байланысты. Ең бастысы – біз Қазақстанның ұлттық мүддесінің барын, және оны қандай да бір амбицияның, жаһандық ойыншылардың тепкісіне тастамауымыз керектігін түсінуіміз керек. Оған Украина жеткілікті дәлел. Бұл артының неге апарып соғарын ойламастан әрекет ететін өңірлердің саяси элитасындағы адамдар үшін үлкен сабақ болуы керек. Бір сәтпен өмір сүреді. Кез келген көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет үшін бастысы - өлшенген сыртқы саясатты жүргізу, ал ол дұрыс, сауатты, салмақталған сыртқы саясатпен толықтырылады. 

 - Қазір Қазақстан үшін нақты қандай қадамдар маңызды? 

 - Қалыптасқан жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ пен қытайлық жоба Жібек жолы экономикалық дәлізі арасында ынтымақтастықты орнатудың әлеуеті зор. Сіздер мен неге мұндай векторларды анықтаймын деп сұрасаңыздар болады. Егер, Қазақстанның Еуроодаққа мүше мемлекеттермен тауар айналымын алатын болсаңыз ол 53 млрд долл, Ресеймен - 28 млрд долл, Қытаймен - 25 млрд доллар екенін байқайсыз. Бұл Қазақстанның шет мемлекеттермен тауар айналымының 70%-ы . Егер Орталық Азияның сыртқы сауда айналымының құрылымын алатын болсаңыз, Қытаймен - 29,6%, Еуроодақпен - 26,4%, Ресеймен 18,3%, ТМД елдерімен - 10%, және әлемнің өзге мемлекеттерімен - 15,7% екенін көресіз. Сондықтан да Қазақстан мен Орта Азияға Ресей, Қытай және Еуроодақпен ынтымақтастықтың маңыздылығы басым. Шындығында, Еуроодақтағы жұмыссыздық деңгейі 11,5%, осы ретте ГФР жұмыссыздығы 6,3%-ды, Испания мен Грецияда 25%-ды құрады. Оның үстіне Грекиядағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 50%-дан асты. Сондықтан да Еуроодақта бәрі керемет дейтіндер қателеседі, онда түйіні тарқатылмаған түйіткілдер көп. 

 - Бірполярлық және көпполярлық бейбітшілікті жақтаушылардың арасындағы қақтығыстар украиналық сценарийдің қайталануына қаншалықты әкелуі мүмкін? 

 - Егер осыдан бір жыл бұрын біреу Таяу Шығыстағы жағдай посткеңестік кеңістікте, атап айтар болсақ Украинада қайталануы мүмкін десе ешкім оған сенбес еді, тіпті оны еселаң дер еді. Дегенмен өткен жылы біз осы жағдаймен бетпе-бет келдік. Енді Украина ЕО мен ЕАЭО арасында көпір болудың орнына, хаос саясатының нәтижесінде біздің блоктарымыз ортасындағы қамалға айналуда, ал Еуропаны Ресейсіз кепілдендірілген қауіпсіздік жүйесі ретінде елестету мүмкін емес. Біз үшін Украинаның көпір болғаны тиімді. Және Украина үшін де финляндиялық жолмен жүрген жөн. Финляндия президенті Юхо Кусти Паасикиви болған соң ол Батыс әлемін Ресеймен байланыстырып, көпірге айналды. Ол жақтан шикізат келді, ол жаққа өндірістік тауарлар барды және Финляндия гүлдене бастады. Ол бір рет қана Кеңес одағы құлдырыған кезде дағдарысты сезінді. Алайда, қалай Ресей көтеріле бастады Финляндия да өз орнына көтерілді. Украина үшін онда соғыстың біткені және Украинаны жан-жақтан тартқыламай, финляндиялық үлгімен көпірге айналдырған маңызды. Оның үстіне Украинаның халықаралық талаптарға сәйкес көршілерімен мемлекеттік шекараны белгілейтін заңдық рәсімі жоқ, мысалы Ресеймен. Шекарасы реттелмеген. Қазақстанға келетін болсақ - біз Орталық Азияда көршілерімен барлық аумақта шекараны делимитациялаған жалғыз мемлекетпіз. Ресей және Қытаймен шекараны демаркациялау жүзеге асырылуда. Яғни біздің ешқандай шағымымыз жоқ және біздің көршілеріміздің аумақтық шағымы жоқ. Сондықтан да жағдайды Украинамен салыстырғанда әркім: «Ал мұнда даулы учаске бар» дей алады. Немесе біз қырғыздар мен тәжіктердің, қырғыздар мен өзбектердің шекарасындағы қақтығыстар туралы айтамыз. Онда мемлекеттер арасындағы шекара делимитацияланбаған. Өзбектер жарылғыш қойып шықты, жаңбыр жауып сел жүрді де оларды ағызып әкетті, тәжік келе жатып сондай жарылғышты басып кетіп қаза тапты, бірақ ол өз аумағында келе жатқан болатын. Кім кінәлі? 

- Басты екі сұрақ: «кім кінәлі?» және «не істеу керек?»... Ал не істеу керек? 

- Украинадағы жағдайды тек Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық еткен кезде ұсынған және жылжытқан идеяларының аясында ғана шешуге болатынына түбегейлі сенімдімін. Бұл дегеніміз ЕҚЫҰ мүше елдерінің бүкіл кеңістігінде еуро-атлантикалық қауіпсіздік жүйесін құру. Бұл бірыңғай бөлінбейтін қауіпсіздік кеңістік аясында посткеңестік кеңістіктегі туындап отыратын жанжалды жағдайларды шешуге арналған қажетті алғышарт. Бірақ оған экономикалық тұрғыдан қол қою қажет ол – Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақ арасында еркін сауда аймағын құру. Яғни мынадай көпқабатты қауіпсіздік жүйесі келіп шығады: іргетасында ол – еркін сауда аймағы, ал үстінде – бірыңғай еуроазиялық қауіпсіздік аймағы, және шаңырақ ол – ЕҚЫҰ. ЕҚЫҰ туы астында біз осы дүниелерді ұйымдастырып, өткізе аламыз. Қазір өңірлік формат қажет және жанжалдасып жатқан тараптар ортақ ымыраластық жолын таба алуы үшін, қандай да бір өңірлік құрылымдар құру қажет. 

 - Украина проблемасын шешуден өзге, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тағы әлдебір өңірлік құрылымдарды құру қажет пе? 

- Бізде Орталық Азияда барлық салалар бойынша үйлестірілген іс-қимылдар мүлде жоқ. Бірнеше жыл бұрын біз Орталық Азияда төтенше жағдайлармен күрес ұйымын құруды ұсынған едік, өйткені, егер бір жерде жер сілкінісі немесе су тасқыны бола қалса, онда тамақ қорларын, құтқарушыларды иттерімен бірге т.б. жіберу жеңіл болар еді. Әр кездегідей, Өзбекстан қарсы шықты, бұл жобаға балта шапты. Сондықтан екіжақты форматты қалап, көпжақты форматқа түбегейлі қарсы шығатын Өзбекстанмен тіпті адам құтқару секілді осындай мәселе бойынша да өзара түсіністік таба алмаймыз. Және барлық проблема біздің мемлекет басшыларының сенімінің жоқтығында, ынтымақтың жоқтығында, және де әзірге буын алмасу болмай, мен Орта Азияда өңірлік қызметтестік болмайды деп ойлаймын. 

- Ал есірткі трафигіне қарсы күреспен айналысатын ОАӨАҮО ше? Онда ынтымақтастық жоқ па еді? 

- ОАӨАҮО-ға (есірткі бұйымдарының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы – ҚазТАГ) қатысты – бұл ұйымның қызметі туралы ақпаратты ашық түрде алуға деген барлық талпынысымыз сәтсіздікпен аяқталды, олар өте жабық режімде жұмыс істейді. Олар өз журналдарын таратады, ҚСЗИ директоры болып жүрген кезде, ол журналдарды алдым, ал енді ол жайлы ақпаратты ала алмай отырмын. Бірақ Қазақстанға байланбай-ақ, мені бәрінен бұрын алаңдатып отырғаны – Орталық Азия саяси элиталарының есірткі трафигіне елігуінде. Түркімен оппозициясы «тікелей Түркіменбашының және оның жеке күзет басшысының Ауғанстаннан келетін апиын транзитін басқаруы туралы ақпарат қалқып шықты» деп санайды, «оның қызметкерлері бірнеше мәрте ауған-түркімен шекарасында есірткіні күтіп алып, оны Түркімен аумағы бойынша, Ашхабад әуежайына дейін сүйемелдеп барып, кейін оны Ресейге жіберіп отырған». БҰҰ есірткі және қылмыстылық жөніндегі басқармасының баяндамасына сәйкес, Орталық Азияда есірткіні заңсыз тасымалдаумен айналысатын 80 ұйымдасқан қылмыстық топтың 50-і Қырғызстанда қызмет ететін көрінеді. Осы ретте қырғыз сарапшылары былай деп мойындайды: «Қырғызстанның күштік құрылымдары мен құқық қорғау ведомстволарының қызметкерлері есірткі транзитіне қатысады. Тіпті күштік құрылымдар қызметшілері мен құқық қорғаушылардың сататын есірткісін білдіретін «қызыл героин» термині де пайда болды». Қырғыз сарапшылары елдің жекелеген өңірлерінде есірткі бизнесі табыс пен халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзіне айналды деп есептейді. Оның үстіне, Қырғызстанда тасымалданатын есірткінің тұрақтану көрсеткіші – 10%. Нәтижесінде қазір Қырғызстанда артық доза салудан жыл сайын 1,5 мың адам көз жұмады, олардың көпшілігі – 14-тен 18 жасқа дейінгі балалар мен жастар. Есірткі айналымын бақылау жөніндегі федералды қызмет директорының айтуынша, Ресейде нашақорлар жыл сайын есірткі сатып алуға 4,5 млрд рубль жұмсайды. Бұл дегеніміз жылына 1,5 трлн рубль, яғни Ресей қорғаныс министрінің бюджетінен 1,5 есе көп. Біз бәріміз бір ауыздан героинмен, Ауғанстаннан келетін героин экспортымен күрес туралы айтамыз, бірақ бәріміз жұмылған түрде, соның ішінде, құрметті БАҚ өкілдері, Орталық Азиядан Ауғанстанға баратын прекурсор жеткізімі секілді шетін проблема жайлы үнсіз қаламыз. Прекурсорсыз героинді жасау мүмкін емес. Мұнымен қатар негізінен героин шығаратын зауыттар солтүстік Ауғанстанға топталып отыр. Ал прекурсорлар онда Орталық Азиядан барып түседі. Құрғақ сөз болмауы үшін – 2014 жылдың мамырында Тәжікстанмен шекараласатын Бадахшан атты ауған провинциясында осындай 5 зауыттың көзі жойылды. Бұл теңіздегі тамшы секілді, ол жақта зауыт әлдеқайда көп. Орталық Азияға Ауғанстаннан келетін героин жеткізіміне қарағанда, сол жаққа бізден баратын прекурсор жеткізімін тыю жеңілірек. 

 - Әңгіме есірткі трафигінің қандай көлемі жайлы болып отыр? 

- Соңғы 14 жылда әлемдік апиын өндірісіндегі Ауғанстан үлесі 90%-ға дейін өсті. Бұл сандардың сұмдық екенін жете ойланып көріңіз. 2014 жылы Ауғанстанда 6,4 мың тонна апиын өндірілген. Ал 2013 жылы – 5,5 мың. Бір келі апиыннан 100 грамм героин өндіріледі. 1 кг героин нарықта 30 мың доллар тұрады. БҰҰ бағалауы бойынша, есірткі саудасы ауған экономикасының 15%-ын құрайды және апиын өндірісінде қазір 410 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл ретте Ауғанстанның 10% тұрғыны нашақор болып табылады. Deutche Welle мәліметінше, бүгінгі ауған есірткі картелі бұл – тәлибаннан күштірек халықаралық қуатты құрылым. Бұл құрылымға ірі саяси фигуралар қатысады, әрі тек Ауғанстаннан ғана емес, сонымен бірге Ираннан, Ресейден, Орталық Азия республикаларынан да. Және, Deutche Welle тәлибанға қарағанда, осы есірткі картелі туралы комментарий беру әлдеқайда қауіптірек деп санайды. 

 - Қазақстан арқылы жүретін транзит барысында қанша есірткінің тұрақтап қалатыны белгілі ме? 

- Ресейлік сарапшылардың мәліметі бойынша, ауған героині Ауғанстаннан Тәжікстанға келеді, сосын Қырғызстанға және кейін Қазақстанға, және осы жақтан Ресейге қарай. Осы жол бойынша, БҰҰ дереккөздерінше, ауған апиынының 25-30%-ы жүреді. Және біздің кейбір құқық қорғаушылар Қазақстанда нашаға тәуелділер өте аз деген кезде, Қырғызстанның мысалы – өте қауіпті белгі, себебі – ерте ме кеш пе – есірткінің наркобағыт бойынша көптеп тұрақтап қала бастайтынын айтқым келеді. Мынадай мысалдар келтіре аламын: Қазақстанда ішкі істер министрлігінің жұмысшылары 2014 жылы ішкі істер органдарының 3380-ден астам есірткі қылмысын анықтағанын, 26 тонна 247 кг есірткі тәркілегенін мәлімдеді, бірақ бұл негізінен Шу алқабының анашасы және негізінен бұл жекелеген есірткі тұтынушыларын ұстау есебінен жоспарды орындау ғана. Бірақ елеңдететіні мынау – 233,3 кг героин ұсталған. Ал 2014 жылы Ауғанстанда 640 тонна героин өндірілген. Егер 640 тонна героин жүретін болса, ол 19 млрд 200 млн доллар болып шығады. Олардың 6,4 млрд доллары Қазақстан арқылы жүреді. Ең қорқыныштысы, 10%-ының транзитер елдің аумағында қалуында. Ал ІІМ ресми мәліметі бойынша, бізде өткен тұтас жылда 18 млн теңгелік жалпы сомаға есірткі табысын заңдастыру деректері бойынша тек 18 қылмыстық іс қозғалған. Сол себепті қызмет үйлестігін күшейту керек деймін, өйткені, біздің шенеуніктер әлі қызметті келісіп боламын дегенше, есірткі қылмыскерлері ешқандай келісімсіз әрекет етіп жатыр. Және, сірә, құқық қорғау органдарының қызметіне азаматтық бақылауды, жұртшылық бақылауын күшейту қажет деп ойлаймын. Қазір бұл біршама ғажайыптай, утопиядай көрінеді, дегенмен әлем бір орында тұрмайды, соған талпынып, осындай міндетті қою керек. Есірткі бизнесімен күресетін ұйымдар көп болған сайын, ол соншалық жақсы деп есептеймін. 

 - Сұхбатыңыз үшін рақмет!

adimage