COVID-19 дертімен ауырған 39 баладан кавасакиге ұқсас синдром анықталды

Алматы. 28 қыркүйек. ҚазТАГ – COVID-19 дертімен ауырған 39 баладан кавасакиге ұқсас синдром анықталды, деп хабарлады Қазақстандағы COVID-19 жағдайына арналған ресми ресурстан.
«Осы жылдың наурыз айынан бері елде 2,5 мың бала коронавирус жұқтырып алды. Қазіргі уақытта балалардың коронавируспен ауыру жағдайы тұрақты. Балаларда коронавирус инфекциясынан кейін туындайтын мультижүйелі қабыну синдромы немесе кавасакиге ұқсас синдром бойынша да жағдай тұрақты. Қазіргі уақытта бұл синдроммен тіркелген балалардың саны – 39. Олардың 60 пайызы емделіп, ауруханадан жазылып шықты. 40 пайызы ем алуда», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда нақтыланғандай, кавасакиге ұқсас синдром анықталған барлық бала COVID-19-бен ауырғаны тіркелуде. Оның клиникалық белгілері – дене қызуының 38 градусқа дейін көтеріледі. Температура 24 сағатқа дейін сақталып, парацетамол, ибупрофен секілді ыстық түсіретін дәрілердің әсері болмайды. Сонымен бірге денеде бөртпе, іштің ауруы, диарея секілді белгілер пайда болып, тыныс алу жолдары зақымдалады, жөтел, тыныс жеткіліксіздігі, ентігу, жүрек тұсының ауыруы, конъюктивит пен алақанның домбығып ісінуі байқалады.
«Ауруды үйде емдеудің қажеті жоқ. Себебі ол өте ауыр өтеді. Тіпті кейде интенсивті реанимациялық көмек те қажет болуы мүмкін. Сондықтан осындай ауру белгілері пайда болса бірден учаскелік дәрігерді шақыру керек. Басқа аурудан қарағанда кавасаки барлық жастағы балаға қауіп тудыруы мүмкін. Тіпті 21 жасқа дейінгі жастардан да анықталып жатады», - делінген хабарда.

adimage