Дұрыс тамақтануға үйренгеннен гөрі, дінін өзгерткен оңай

Алматы. 23 қараша. ҚазТАГ – Динара Жаркеева. Қазақстандықтарға қалай дұрыс тамақтану керек және дағдарыс олардың ас мәзіріне қалай әсер етуде, осы жайында ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов әңгімелеп берді.

 
- Төрегелді Шарманұлы, қазақстандықтар негізгі тағам түрлерімен қаншалықты қамтылған және оларға барлық қажетті тамақ қол жетімді ме?

 
- Қазақстанда әлемнің түкпір-түкпірінен тағамның түр-түрі ағылуда. Мәселен, бізде экзотикалық тамақ түрлері де бар. Ал қол жетімділік пен тағам түрлерінің бар болуына келсек - олар өте көп, ал енді оны таңдау – бұл экономикалық мүмкіндіктердің, экономикалық әл-ауқат мәселесі.
Теңгенің құнсыздануы, әрине, әсерін тигізуде, десек те негізгі тағам түрлерінің бағасы қол жетімді болып қалып отырған сияқты. Президент айтып өткендей, экстраординарлық жағдай орын ала қойған жоқ. Шынында да қымбаттады, бірақ бұрын да көптеген тамақтар тұтынушылардың қалтасына тең келмейтін, себебі олардың жалақылары да төмен.

 
-Десек те, таңдау бар сияқты ...

 
- Десек те таңдау бар. Сүттің бағасы өте қымбат емес, ол ақуыздың негізгі көзі және ол дастарханда міндетті түрде болу керек. Нан да үнемі бар, қымбаттағанда да аздап қана қосылады. Қалай болғанда да жалақысы төмен азаматтар оны сатып ала алады. Нан мен сүт энергетика, ақуыздар, майлар, көмірсулар бойынша қажеттілікті қанағаттандырады.
Бірақ адамдар мұнымен шектелмейді, олар рациондарын түрлендіргісі келеді, міне осы ретте кейбір шектеулер пайда болады, бұл ретте әркім қалтасына қарайды. Денсаулыққа пайдалы тағамды тұтыну туралы сөз қозғағанда ет, балық, көкөністер мен жемістер жеуді ұсынады, бірақ оған әркез қол жете бермейді. Олар жоқ болғандықтан емес, қалтаның көтермейтіндігінен.

 
- Экономикалық дағдарысқа байланысты қазақстандықтардың тамақтану сапасы төмендеп кетті ме?

 
- Тамақтану сапасының бұзылуы мүмкін, себебі дағдарыс қалай болған жағдайда да мүмкіндікке тәуелді, ол өз таңдауыңды шектеуге мәжбүрлейді. Біз қазір тұтынушы себетін анықтаумен айналысып жатырмыз, ол үшін ең төмен жалақы мен соған сәйкес шектеулер де ескеріледі.

 
- Сіздің ойыңызша, бүгінде қазақстандықтар дұрыс тамақтанып жүр ме?

 
- Мен дұрыс деп айтпаған болар едім. Көбіне дұрыс тамақтанбайды. Біз қанша жерден айтсақ та, түсіндірсек те, тұрғындардың белгілі бір бөлігінің мүмкіндіктері олардың табыстарына тәуелді. Мәселен, кейбіреулері қызыл еттің қатерлі ісікке алып келетінін, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықтыратынын білмейді. Сонымен қатар, сиыр сүтінде бар майлар тамақтағы холестеринді денсаулыққа қауіпті етеді.

 
-Сіздің пікіріңізше сау тамақ деген не?

 
- Сау тамақ – 100% энергиямен қамтылғанда майлардың 25-30%, ақуыздың 11-15%, көмірсулардың 55% болуы. Негізінен күрделі көмірсулар болуы керек, оған нан, әсіресе ірі дәнді. Сонымен қатар, барлық дәрумендер болуы тиіс – олар ағзада туындайды, және сырттан келуі керек.
Әсіресе бұл В, С тобының дәрумендері, темір, мырыш, мыс секілді микроэлемменттер. Мәселен бізде темір жетіспейді, тамақтану түріне байланысты ол ағзаға жеткіліксіз деңгейде түседі. Осы дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігінен адам денсаулығы нашарлайды, ең алдымен балалар мен бала туу жасындағы әйелдердің денсаулығы нашарлайды. Жас келген сайын кальций мен D дәруменінің жетіспеуінен сүйек сынғыштығы артып, остеопороз қаупі туады.

- Адам ағзасы үшін ГМО бар тамақ өнімдері қаншалықты зиянды?

- Бізде, басқа да экономикалық достастық мемлекеттеріндегідей, тамақ өнімдерінде ГМО 2%-дан аспауы керек. Айталық, мысалы, АҚШ-та ондай шектеулер жоқ, себебі ГМО ешқандай қауіп төндірмейді. ГМО-сыз жер шарының тез өсіп келе жатқан халқын сапалы тамақпен қамтамасыз ету мүмкін емес.
Генно-модицикацияланған (гендік - түр өзгеріске ұшыраған) фактор ағзаның ішкі ортасына бара алмайды, ағзаға тек нәтижесі, яғни белгілі өнім ғана барады. Гендік түр өзгерте алатын тек ауыр химиялық агенттер, радиациялық фактор адам ағзасының жасушаларының табиғатын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал ГМО тек өнім сапасын жақсартуға ғана септігін тигізеді. Гендік-түр өзгерген азық-түліктің адам ағзасына әсері жоқ. Ғылым онда ешқандай қауіп жоқ екенін дәлелдеген.

- Сіз вегетариандық пен тамақты шикідей жеуге қалай қарайсыз?

- Оң көзқараспен қараймын, менің өзім аздап шикідей тамақ жеймін, себебі кем дегенде 400-500 г көкөніс пен жемістерді күн сайын жеймін. Шикі азық-түлікте дәрумендер, әр түрлі микроэлементтер көп болады, ал ыстық температурамен өңделгендерде олардың көрсеткіші азаяды, әсіресе С дәрумені азаяды.
Рационда көкөніс пен жемістердің көп болуы пайдалы, мен сол арқылы етті жеуді азайтамын, әсіресе қызыл етті. Мысалы, мен барлық еттердің ішінде тек жылқы еті мен балықты ұнатамын, олар өте пайдалы, тез қорытылады, өте нәзік белогы бар.

- Ал шикі етті жеу ше?

- Шикі етті менің бабаларым жеген, ешқандай қорықпастан. Мысалы, соғым сойғанда, сол жерде қазыны шикідей жеген.

- Ал қазір шикідей ет жеу бұрынғыдай қауіпсіз ба?

- Қазір қандай да инфекцияның болуы мүмкіндігінен қауіп бар деп ойлаймын.

- Біздің отандастарымыз өзінің рационын өзгерте ала ма? Айталық, майлы және қамырды тағамдарды аздап жеп немесе олардан мүлдем бас тарта ала ма?

- Егер оларға дұрыс ақпарат беріп, мамандардың ұсыныстарын түсіндірсе, онда, әрине, солай істей алады. Мысалы, Американың барлық супермаркеттерінің сөрелерінде дұрыс тамақтануға ұсыныстар бар. Біз оған дейін жетпедік, біздің даусымыз халыққа жетпей жатыр.

- Бәлкім проблема біздің санамызда шығар? Әлде қазақстандықтардың дұрыс тамақтанбау себебі қоғамдағы жаңсақ пікірлер мен дақпырттарда ма?

- Біз үнемі дұрыс тамақтану туралы анық айтып отырамыз, бірақ адамдарға бұл ақпаратты үнемі миларына құйып отыру керек.

- Тамақтану бойынша мемлекеттік тиісті нормативтерге өзгерту енгізу қажет пе?

- Мен оптимист те емеспін, пессимист те емеспін, себебі тағамтану институтының қызметкерлері көптеген жылдар бойына еліміздің халқына дұрыс тамақтану туралы баспасөз арқылы айтып та келеді. Одан пайда өте аз. Адамдар үйренген дағды бойынша келеді. Тіпті үйреншікті тамақтану мен диетаны өзгерту - адамға дінін өзгертуден қиын деген пікір де бар.

- Адам сау және толыққанды өмір сүруі үшін қанша тамақ жегені дұрыс?

- Энергиялық тұрғысынан асыра сілтемеу керек: майлы тамақтарды тұтынуды, қызыл етті шектеп, көкөніс пен жемістерді көптеп жеп, көп қимылдау керек. Тұзды жеме, қантты жеме.

- Қазақстандықтар тамақты асыра жей ме?

- Көбісі асыра жесе, көбісі тоймай жейді.

- Сұхбатыңыз үшін рақмет!

adimage