Дәулет Арғандықов: Қазақстанда ішкі қоныс аударушыларды Риддер бірінші болып қабылдайды

Астана. 3 қараша. ҚазТАГ - Оксана Скибан. ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде қазақстандықтарды ешкім де мәжбүрлеп жұмысқа орналастырмайтынын және оңтүстіктен басқа өңірлерге тасымалдамайтынын қадап айтты. Қоныс аударуды тек нақты жұмыс берушілердің мұқтаждықтарын ескере отырып жүргізу жоспарлануда. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында салалық ведомство вице-министрі Дәулет Арғандықов айтып берді.

 - Көбі жұмыссыздық туралы статмәліметтер, атап айтқанда, Қазақстандағы жұмыссыздықтың санын азайту туралы статмәліметтер өсіріңкіреп көрсетілген деп есептейді. Сіз оған не дер едіңіз? Елдегі нақты жағдай қандай? 

- Статмәліметтер шындыққа жанасады. Жұмыссыздықтың санын анықтауда қолданылатын әдіс Халықаралық еңбек ұйымының әдісіне негізделген және халықаралық стандарттарға сай келеді. 2014 жылдың ІІ тоқсан қорытындысы бойынша елімізде 461 мың жұмыссыз бар, ал жұмыссыздық деңгейі 5,1%. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі көптеген жыл бойына төмендеп келе жатқанын айта кету керек. Ол үшін алғышарттар бар, ол - орнықты экономикалық даму және жұмыспен қамтамасыз етудің белсенді саясаты. Қазіргі уақытта аталған пайыз Еуропалық одақтың аса дамыған деген елдеріне тән көрсеткішке жақындады. Сонымен қатар біздің нарықтың ерекшелігі өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған халық үлесінің жоғарылығында: жұмысы бар халықтың 30%-ы, немесе 2,6 млн адам осындай санаттағыларға жатады. 

 - Ведомство жиі айтып жүрген тақырыптардың бірі - ел ішіндегі оңтүстіктен солтүстікке еңбек көші-қоны. Қоныс аударудың нақты мысалдары бар ма?

 - Шынымен де, көші-қон үдерістерін реттеу, жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін арттыруды қажет етеді. Бізде өңірлердің дамуында белгілі дәрежедегі диспропорция бар. Мысалы, егер ол еңбек нарығына қатысты болса, онда оңтүстік өңірлерде еңбек ресурстары артығымен. Демографиялық дамудың қазіргі жағдайында солтүстік өңірлерде жұмыс қолының тапшылығы күтілуде. Сондықтан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» аясында еңбек ресурстарының жылжымалылығын ынталандыруға бағытталған тетіктер қарастырылған. Қоныс аударту тек қана жұмыс берушінің қажеттілігіне қарай, яғни нақты жобаларға бейімдеп, оқыту мүмкіндігін қарастырып жүргізілетінін атап көрсету керек. Қазірдің өзінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының арасында меморандумға қол қойылды. Риддер қаласында еңбек қолына деген тапшылық бар. Ішкі қоныс аударушыларды қабылдау үшін онда үйлер салынды. 5 қарашада оңтүстік өңірлердің жұмыспен қамтамасыз ету қызметтерінің сонда мамандары барады, ал онда оларға қажет мамандықтар мен кәсіптер тізімі таныстырылады. Одан соң жұмыс берушілердің қатысуымен мамандарды іріктеу және оларды алда жұмыспен қамтамасыз ету картасының аясында қоныстандыру жүргізілетін болады.

 - Шетелдік жұмысшыларды тарту жөнінде, сіз бір кездері үкімет анықтаған тізім моральдық тұрғыдан ескірді деп мәлім еткен едіңіз. Қазақстан экономикасына керек мамандықтардың жаңа тізімі бар ма, және қандай салаларда мамандар тапшылығы сезіледі? 

- Түсіндірейін, әңгіме өз беттерінше жұмысқа орналасуға болатын тізім туралы болып отырған жоқ. Министрлік бүгіндері «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын әзірлеуде және бірнеше бағыт бойынша заңнаманы жетілдірмекші. Басым мамандықтар мен басым салаларда өз беттерінше жұмысқа орналасулары үшін шетелдіктерге ыңғайлы жағдайлар жасау жоспарлануда. Бұл Қазақстан өте мұқтаж болып отырған ақыл мен жұмыс қолдары үшін бәсекелестік күрес. Қазір ондай тізім жоқ, себебі ол мәселелерді салалық министрліктер мен бизнеспен талқылау қажет. Бірақ біз олар ғылыми кадрлар, ІТ-мамандар, тар шеңберлі мамандықтардың қызметкерлері болар деп отырмыз. Осылайша біз қажет етіліп отырған кәсіптер бойынша «пул» деп аталатынды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауымыз керек. Ондай маман өзіне жұмыс тауып, үш жылға дейін өзі еңбек келісіміне отыра алады. Яғни, өз бетінше жұмысқа орналасу шетелдік жұмыс күшін тарту квотасынан тыс және жұмыс берушінің шақыртуынсыз жүзеге асырыла береді. 

 - Ведомство шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақысындағы диспропорцияны қалай шешпекші? Сізге жалпы елдегі жағдай таныс па? Өңірлер бойынша деректер келтіріңізші. 

- Бұл мәселелер біздің бақылауымызда. 2014 жылғы 9 айда еңбек меминспекторлары 3 мыңнан астам мекемені тексерді. Нәтижесінде еңбек заңнамасының 6 мыңнан астам бұзушылығы анықталды. Бұл ретте шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақысындағы диспропорция Ақтөбе облысындағы «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да және Атырау облысындағы «НГСК КазСтройСервис» АҚ АФ-да анықталды. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және Қылмыстық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, жаңа әкімшілік кодекстің жобасында еңбекақыдағы дискриминацияға жол бермеу үшін 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салу ұсынылған. Одан басқа, жалпы заңнамада жауапкершілік күшейтілуде. Сондай-ақ «Кәсіби одақтар туралы» ҚР жаңа заңында салалық келісімде жалақы тағайындау жүйесін қалыптастыруға бағытталған нормалар қарастырылған. Ол жұмыс берушілердің салада бірыңғай жалақы төлеу стандарттарын енгізу бойынша көтерген проблемаларын шешеді. 

 - Қазақстанда бұрынғысынша өздері жұмыс тауып жүрген халықтың проблемасы бар. Ведомствода ондай адамдар туралы мәліметтер бар ма? Олар кімдер? Министрлік оларды қалай реттемекші? 

 - Мен жоғарыда айтқанымдай, бізде өздігінен жұмыс тауып жүргендердің саны 2,6 млн адам. Бұл ретте олардың құрамы біркелкі емес. Сан алуан әлеуметтік-экономикалық топтардан, кірісі мен білім деңгейі, мүдделері мен айналысатын тірлігі жағынан мүлдем қарама-қарсылар. ІІ тоқсан қорытындысы бойынша, статистика органдарының мәліметтерінше, өздері жұмыс тауып жүрген адамдардың санының ішінде 782 мыңы өнімсіз тірлікпен айналысады. Аталған проблемаларды шешуге бірінші кезекте, біз 2011 жылдан енгізіп жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бағытталған. Белгілі нәтижелер де бар және біз қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру үшін үнемі бағдарлама тетіктерін жетілдіріп келеміз. 

 - Бағдарлама аясында осы бағдарлама жұмыс бастағалы қанша адам уақытша немесе тұрақты жұмысқа орналастырылды? Осы мақсаттарға кеткен қаржылық шығындар қандай және қай көздерден?

 - 2011 жылдың 1 шілдесінен «Жұмыспен қамтудың жол картасымен» 357 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардан 246 адам - тұрақты жұмысқа орналастырылса, 111 мың адам - уақытша жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен осы кезеңге барлығы Т292 млрд жаратылды. Оның ішінде биылғы жылы - Т94 млрд. Осы уақытта 103 мың адам кәсіби оқудан өтті, олардан 85 мыңы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 80 мыңы - тұрақты жұмысқа. Көріп отырғандарыңыздай, қайта оқудан өткендердің жұмысқа орналасу коэфициенті шамамен 80%. Бұл жаман нәтиже емес. Одан басқа, жол картасында оқу орындарына қойылатын талаптар бар, оларды іріктеу жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл ретте біз жұмысқа орналасу дерегін зейнетақылық төлемдер түсіп отыруымен анықтаймыз. Оқу орнына қойылатын талап бойынша 6 ай ішінде оны бітіргендердің кем дегенде 60%-ы жұмысқа орналасуы тиісті. Егер оқу орны осы талапты орындамаса, ол жол картасы аясында оқыта алмайды. 

 - Мамандығын өзгерткісі келетін үміткерлер қандай кәсіптерге оқып-үйрене алады?

 - Мамандықтар әр түрлі: қызмет саласы, жұмысшы мамандықтары, яғни, нарықта сұранысқа ие мамандықтар. Кәсіби оқу үш бағытта жүргізіледі. Ол кәсіби дайындық, оған орташа алғанда бір жыл кетеді. Қайта даярлаудан өтудің оқу мерзімі 6 ай және біліктілікті арттыру 3 айға дейін. Бірақ бір нәрсені ескеру керек. Мемтапсырыс желісімен білім министрлігінен ұзақ мерзімдік оқуды талап ететін мамандықтар - ол басқа мәселе. Ал жұмыспен қамтамасыз ету органдары еңбек нарығында жағдайды тез шешу, жұмысшылардың біліктілігін арттыру үшін ағымдағы проблемаларды шешумен ғана айналысады. Ондай жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ жастарға жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Мысалы, жас маманды кәсіпорынға немесе мекемеге жарты жылға жібереді, ал оның жұмысы субсидия есебінен мемлекеттен төленеді. Жұмыс берушіге жақсы, ол өзінің пайдасын табады, жас маманға ыңғайлы, - ол қажет тәжірибені алады және келешекте алған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алады. 

- 16 мен 25 жас аралығындағы жас адамдарға, сондай-ақ зейнет жасының алдында тұрғандарға жұмысқа орналасу тұрғысынан нені кеңес ете аласыз? 

- Бірінші кезекте, мектеп партасынан бастап болашақ мамандығың жайында ойлап, оған дайындалу керек. Өз алдыңа міндет, мақсаттар қойып дегендей. Сонымен қатар олар шынайы болуы тиіс. Ғылыми-зерттеу институттарының бірі жүргізген сауалнама мәліметі бойынша, орта мектеп және ТжКБ (техникалық және кәсіби білім беру) түлектерінің ішінде үштен екісі болашақ мамандықтарын таңдауды өздері анықтаған. Оқушылар арасындағы ең танымал мамандық денсаулық сақтау қызметкері болып шықты. Медицинаны мектеп түлегінің әрбір бесіншісі таңдаған. Екінші орында қаржылық қызметпен байланысты мамандықтар: экономист, банкир, бухгалтерлік есеп және аудит маманы. Үшінші орында заңгерлік мамандықтар: заңгер, судья, халықаралық құқықтанушы, нотариус, адвокат. 11-сынып оқушысының әрбір үшіншісінің болашақ мамандығын анықтап алмағандығы алаңдаушылық тудырады, бұл кәсіптік бейімделу жұмысының әлсіздігі мен жеткілікті дәрежеде хабардар болмау жайын айғақтайды. Жалпы алғанда жастардың 63%-ы еңбек нарығындағы ахуал туралы жалпы көрініске ие және жағдайды өз бақылауында ұстай алмай отыр. Тек әрбір бесінші оқушы ғана еңбек нарығының шынайы қажеттіліктері мен жұмыс іздеу арналарын біледі. Өкінішке қарай, бұл біздің қызметіміздің көрінісі. Қазіргі таңда алған мамандығы бойынша түлектердің жартысынан азы - 43,6% - жұмыс істеуде. Әрбір бесіншінің жұмысы алған мамандығымен тиіп-қашпа байланысқа ие. Басқа, мамандық саласымен байланыссыз салаларда жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың үлесі 30%-ды құрайды. Бүгінде мамандардың басым қажеттілігі саудада, білім беруде, көлік пен қаттауда, өңдеуші өнеркәсіпте, құрылыста, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер көрсетуде, сондай-ақ әлеуметтік-еңбектік сала басқармасын қосқанда, қорғаныс пен мемлекеттік басқаруда екеніне назар аударғым келеді. Алдын ала бағалау бойынша, 2018 жылға дейін Қазақстанда аса тапшылықты мамандықтар - жұмысшы мамандықтар, техникалық және кәсіби білім беру мамандықтары болмақ. Зейнет жасы алдындағы және одан үлкен тұлғалардың жұмыспен қамтылу проблемасына бүкіл әлем тап болуда. Бұл жас санатындағы азаматтардың өмірлік деңгейін көтеріп, оларға жеткілікті зейнетақы жинақтауларын жасауға жәрдемдесу мен жұмыссыздықтың жалпы деңгейін төмендету үшін ведомство бірқатар шаралар ұсынады. 50 жастан асқан тұлғаларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) халықаралық тәжірибесі мен кеңестемелерін ескере отырып, министрлік 50 жастан асқан тұлғаларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын жасап шығарды. Мемлекет қазіргі таңда аталған топ бағытталатын жұмыс орындарын субсидиялауға әзір. Жұмыспен қамту жол картасы аясындағы субсидиялар 35%-ды құрайды, ал қалған бөлігін жұмыс беруші төлейді.

 - Күздің басында төрт күндік жұмыс аптасын енгізу туралы тақырып көтерілген-ді. Қазақстан ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымының) мүшесі болып табылады, аталған ұсынысты біз қабыл алдық па? Оған сіздер қалай әрекет еттіңіздер және бұл мәселеде министрліктің ұстанымы қандай?

 - Ресми ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпар болды. Менің білуімше, бұл сарапшылар үшін диалогтік қызмет атқаратын алаңқайда талқыланған. Олардың бірі ұсыныс жасап, төрткүндік жұмыс аптасын енгізу қажеттілігі бойынша 5 себепті келтірді. Ол үшін белгілі бір зерттеулер жүргізу керек - бұдан қандай эффекті болады, пайдалы ма бұл, әлде, жоқ па. Сосын, бүгінде еңбек өнімділігін арттыру жөнінде міндеттер тосып тұр. Қазақстанда еңбек кодексінде орнатылған нормаға сай, азаматтар жетісіне 40 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Сонымен қатар, еңбектік, ұжымдық келісімдерде жұмыс уақытының қысқа және ұзақ жалғасымдығы қарастырылуы мүмкін. Мұнымен бірге жұмысшылардың денсаулық жағдайы, жасы мен жұмыс түрі ескерілуі тиіс. 

- Елде өндірістік жарақаттанушылықпен байланысты проблема соңғы орынды алып отырған жоқ. Статистика мәліметтерді келтіреді, сандар біресе өсіп, біресе төмендейді, бірақ дерек ретінде - ондай жайттар бар. Өндірістегі оқиғалар санының өсімін азайту үшін ведомство тарапынан не қабылданып жатыр? Айыппұлдар әрекетті шара болып отыр ма?

 - Өндірістік қызметтегі еңбекті қорғау мен қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету бойынша бізде белгілі бір проблемалар бар, статистика органдарының мәліметі бойынша. 300 мыңнан астам жұмыскер, оның ішінде әйелдер де бар, денсаулық үшін қауіпті әрі зиян өндіріс жағдайларында жұмыс істеуде. Халықаралық өлшемдер бойынша, өндірістік жарақаттанушылық пен кәсіби аурулар деңгейі жоғары болып отыр. Соңғы 3 жылда өндірісте жыл сайын 2 мыңға жуық оқыс оқиғаға жол беріліп, олардың 10-15%-ға жуығы өліммен аяқталады. Айыппұлдарға қатысты айтар болсақ, онда қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылғаны үшін айыппұлдар орташа есеппен 40-150 АЕК аралығында құбылып тұрады. Алуан салалардағы жарақаттанушылық себептері өзіндік ерекшеліктерге ие, бірақ бәріне бірдей ортақ болатыны: жұмыс өндірісінің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, еңбектік және өндірістік тәртіптің бұзылуы, жұмыстың қауіпсіз амал-тәсілдерін кемшін оқыту, қауіпсіздік техникасы талаптарын бұзушылық. Жергілікті атқарушы органдардағы еңбек инспекциясының мәліметі бойынша, Қазақстанда 1426 кәсіпорын қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген. 2005 жылдан бері кәсіпорындарда OHSAS 18001 еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының халықаралық жүйе стандарттарын енгізу басталған болатын. Бүгінге дейін олар 716 кәсіпорында енгізілген. Нәтижесінде өліммен бітетін өндірістік жарақаттанушылық деңгейі 36%-ға төмендеген. Заңнаманы жетілдіру барысында қарастырылған нормалар мен талаптар кәсіпорын басшылары мен лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін арттырады.

 - Еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін тағайындалатын ең аз және ең көп айыппұлдардың мөлшері қаншалықты? Өндірісте жүріп жарақат алған мүгедекке мемлекет жылына қанша төлейді?

 - ҚР еңбек заңнамасын бұзғаны үшін тағайындалатын ең аз әкімшіліктік айыппұл, оның ішінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша, 5-тен 25-ке дейінгі АЕК құрайды. Еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды қамтамасыз ету ережелерін бұзғаны үшін ең көп айыппұл - 40-тан 150 АЕК дейін. Өз кезегінде, төлемақыға қатысты, бүгінде сақтандыру жүйесі қарастырылған. Өндірістегі жарақат алу кезінде ол міндеттеме жұмыс берушілер мен сақтандыру компаниясының иығына жүк болады. 

- Жұмыс берушіде мүгедектерді жұмысқа орналастыруға қатысты уәждеме болады ма? Бүгіндері «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша неше мүгедек жұмысқа орналастырылған?

 - Жергілікті атқарушы органдар ұйымдарға мүгедектерге арналған жұмыс орындардың квоталарын белгілейді, ол жұмыс орындардың жалпы санының 3%-дық мөлшеріне тең. Әрине, квота бойынша мәселелер, оның тиімсіз жұмыс істейтіні туралы жазғырулар бар, бірақ, соған қарамастан нәтижелер жоқ емес. Өткен жылы квота аясында 2,8 мың мүгедек немесе жұмыспен қамту органдарына жүгінгендердің жалпы санының 62,2%-ы жұмысқа орналастырылған, ағымдағы жылдың 8 айы ішінде - 5,2 мың мүгедек немесе жоспардың (8,4 мың адамдық) 62,1%-ы. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген жұмыс берушілер жұмысқа мүгедектерді қабылдаудан қашқақтайды, өйткені оларға арналған жұмыс орындарының құрылғылары, өндіріс ғимараттарына, құрылыстарына, бөлмелеріне қолжетімділік жасау айтарлықтай қосымша қаржылық шығындарды талап етеді. Осыған байланысты ҚР «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жасап шығарылып, үкіметке енгізілді. Олар квотаны 4%-ға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындарын құрушы жұмыс берушілерді ынталандыруды қарастырады. Биыл төменгі экономикалық әлеуетке ие елді мекендерден экономикалық өсімі бар орталықтарға өз еріктерімен 24 мүгедек көшіп келген, олардың 13 адамы еңбекке қабілетті жаста. 11-і жаңа тұрғылықты мекендерінде жұмысқа орналастырылған. Инфрақұрылымдық жобаларда мүмкіндігі шектеулі 350-ге жуық тұлға жұмыс жасап жатыр. 

- Билік мүмкіндігі шектеулі адамдарға өз жеке бизнесін ашуға жәрдемдесуде бірдеңе ұсына ма?

 - Ондай мүмкіндік аталған санаттағы адамдар үшін жұмыспен қамтудың жол картасына қосылған. Көмектерден қолдаудың негізгі түрлерін атай кетейін, ол - жолақы мен уақытша тұруға материалды жәрдем көрсетумен бірге кәсіпкерлік негіздерін тегін оқыту; бизнес-жоспарлар құруда жәрдемдесу; 5 жылдық мерзімге Т3 млн дейін шағын несиелер ұсыну. Сонымен қатар жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызметтер ұсыну, бұл дегеніміз - бір жылға дейінгі мерзімге шақталған маркетингілік, заңгерлік, бухгалтерлік және қызметтің басқа да түрлері. Және соңғысы - инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жетіспей тұрған нысандарын салу мен бағдарлама қатысушылары жүзеге асырып жатқан жобаларға арналған құрылғыларды сатып алу, соның ішінде отарлы мал шаруашылығын дамыту үшін. Жыл басынан бері ерекше қажеттілігі бар 366 тұлға кәсіпкерлік негіздерін тегін оқып шықты. 300-ден астам мүгедек шағын несие алып, олардың 70%-ы жеке істерін ашты. Мұнымен қатар қосымша 7 жаңа жұмыс орны құрылды. Аталмыш жұмыс бәрінен де Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жақсы жолға қойылған.

adimage