Депутат Дәулет Мұқаев Сара Назарбаева туралы таратқан жалған ақпараты үшін кешірім сұрады
Әлеуметтік желіде бірқатар БАҚ, телеграм арналар мен танымал тұлғалар экс-президенттің жұбайы Сара Алпысқызының өмірден өткені жайлы тараған жалған ақпаратты жарыса жазған болатын. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та қаралы хабар жайында инстаграм-парақшасында жазып, көңіл айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Бірақ кейін мәжілісмен тілшілерге берген пікірінде оны жоққа шығарып, кешірім сұрады.
«Парақшамды көмекші балалар жүргізеді. Басқа да әлеуметтік желілер де сол кісінің өлімі жайлы тараған еді. Мүмкін, соны көшіріп салған болар. Мен емес, көмекші балалар салды. Дәл осы дүниеге қатысты мен кешірім сұраймын», – деді ол.
Әнші Бауыржан Исаев халыққа ренішін білдірді
Белгілі өнер иесі Бауыржан Исаев концертеріне аз адам келген сәттерін еске алып, әншілердің қазіргі мәселесін қозғады, деп хабарлады Тurkystan.kz.
«2015 жылы тоғыз адамға концерт қойғанмын. Бұл – күлетін жағдай емес. Ол кезде кәсіби сахнада жүргеніме 19 жыл болған. Жалпы өнер адамына зал толмаса, әсіресе жеті-сегіз адам ғана болса өте ауыр. Бірақ соған қарамай бір жарым сағаттық концерт өткіздім. Ал былтыр Алматы облысына барғанда кешіме төрт адам келген. Онда бір сағат өткіздік. Одан бөлек екі-үш ауданға барғанда 15-20 адамнан келді. Осы жағдайдан кейін «біздің дәуіріміз өтті ме?» немесе «біздің әндеріміз керек болмай қалған ба?!» деп қатты ойланып қалдым. Бұл – көп әншілердің мәселесі. Кей әншілер аудан орталықтарына, ауылдарға дейін барады және жарнамасын жасайды, билеттерін кассаға қалдырады. Бірақ халық концертке келмейді. Неге екенін түсінбей қойдым», - дейді ол отандық бағдарламалардың бірінде.
Әншінің айтуынша, ол өнердегі мансабын аяқтауы мүмкін.
Шерзат ісінде кәмелетке толмаған айыпталушыдан жауап алынды
Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысында кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақтан жауап алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Думан Ысқақтың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Нұрбол Тоқтаубаев оған хабарласып, көлік жүргізіп беруін сұраған. Себебі Тоқтаубаевтың өзі ішімдік ішкен екен.
Олар дүкенге жеткенде Дархан Әскентай сыртта тұрған. Алайда не болып жатқанын нақты көрмегенін айтты.
«Дүкен жарығының шағылысуынан ештеңе анық көрінбеді. Адамдардың бет-әлпетін ажырата алмадым», — дейді ол.
Ол «Шерзат Болаттың достары агрессия көрсетті ме?» деген сұраққа «әңгімеге келгенде қатайып көрінді», деді.
Мемлекеттік айыптаушы Думан Ысқақтан тергеу кезінде берген жауабында Шынасылдың қолынан мылтық пен пышақ көргенін есіне салды.
«Пышақты сүртіп жатқанын көрдім, ал мылтық тіреліп тұрған. Пышақтың қай жерін сүртіп жатқанын нақты білмеймін, сабын ғой деймін. Не үшін сүрткенін білмеймін», — деді Ысқақ.
«Енді қылмыскерлерді ұстауға көмектескен қазақстандықтар марапатталады»
Енді көшеде күдікті әрекетті байқап, дер кезінде полицияға хабарлаған кез келген тұрғын сыйлыққа ие болуы мүмкін. Қылмыскерлерді ұстауға көмектескен азаматтар алғыс хатпен, бағалы сыйлықпен немесе ақшалай сыйақымен ынталандырылады, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл – жаңа заң жобасында жазылған бастама. Бұрын тәртіпті сақтау тек полицияның құзырында болса, енді бұл іске мектеп, аурухана, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де тартылады. Сонымен қатар қарапайым азаматтар да қоғамдық көмекші бола алады.
«Қоғамдық көмекшілерге ешқандай жалақы төленбейді. Заң жобасында бұл нақты көрсетілген. Тек сыйақы қарастырылған. Аудандық мәслихаттар жанынан арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Ішкі істер министрлігі тұрақты түрде көмектескен азаматтардың тізімін комиссия мүшелеріне жолдайды. Ал сыйақының мөлшері мен берілу жиілігін жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Мысалы, әкімдік тоқсанына бір рет сыйақы беру туралы шешім қабылдай алады. Бірақ тұрақты жалақы қарастырылмайды», - дейді ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Фото көзі: Ашық дереккөз