ДДСҰ Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты шұғыл жиналыс өткізбек

Күні: 19:13, 22-01-2020.

Алматы. 22 қаңтар. ҚазТАГ – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты шұғыл жиналыс өткізбек, деп хабарлады Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) баспасөз қызметінен.
«Осы аптаның сәрсенбісінде ДДСҰ шұғыл жиын өткізеді, онда халықаралық маңызға ие қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ретінде #nCoV2019 коронавирусының өршуін жариялау қажет пе деген мәселе шешілетін болады», - делінген БҰҰ хабарында.
Төтенше жағдайлар бойынша ДДСҰ комитетін шақырту туралы шешім Қытай билігі «сыры белгісіз» коронавирустың адамнан адамға жұғып жатқанын жариялағаннан кейін қабылданды.
Алдағы жиын туралы ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус хабарлады.
«Жаңа коронавирустың салдарынан тараған пневмония жағдайы алғаш рет 2019 жылдың 31 желтоқсаны күні қытайлық Ухань қаласында тіркелген. Басында дәрігерлер вирустың теңіз өнімдері мен экзотикалық балықты сататын жергілікті азық-түлік базарымен байланысты екенін мәлімдеді. Алайда дүйсенбіде Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы Гуандун провинциясында екі адамның вирустың адамнан адамға жұғуы салдарынан жұқтырғанын айтты», - деп нақтылады БҰҰ:
Бүгінге дейін, негізінен Қытайда осы коронавирустың әртүрлілігімен ауырудың 278 дерегі тіркелген, олардың 15-і медқызметкерлер.
«Ауырудың төрт жағдайы Қытайдың сыртында анықталған – Таиландта, Жапония мен Оңтүстік Кореяда. Хабарлама бойынша, барлық науқастар ауру өршіп тұрған қытайлық Ухань қаласынан келген», - делінген хабарда.
Науқастардың дене қызулары жоғары көтеріліп, өкпелерінің зақымдану белгілері байқалады.
«Бізде бар ақпаратқа сүйенетін болсақ, бұл вирус жануарлардан жұққан болуы мүмкін, дегенмен, жақын араласқан жағдайда вирустың адамнан адамға жұғу мүмкіндігі бар, аз да болса», - деді Женевадағы брифингте ДДСҰ баспасөз хатшысы.
Келіп түсіп жатқан хабарлар вирустың жеңіл немесе ауыр ауру тудыратынын, кей жағдайларда адам өліміне де алып келетінін білдіреді.
Хабарда атап өтілгендей, сенбі күні жүздеген миллион халық Қытайға қытайлық Жаңа жылды мерекелеуге келеді, «бұл «сыры белгісіз» вирустың одан ары өршуін» білдіреді.
«Алдағы күндері Қытайдың басқа өңірлерінде де, мүмкін басқа елдерде де аурудың таралуы мүмкін. Қытайға коронавирусқа байланысты ДДСҰ сарапшыларының тобы жіберілді», - деді ДДСҰ баспасөз хатшысы.
ДДСҰ өз сайтында осы вирусты жұқтырған адамдарды қалай анықтауға және емдеуге болатыны туралы нұсқаулық орналастырыпты: қолды жиі жуу, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу, жұмыртқа мен етті мұқият дайындау, сонымен қатар респираторлық ауру белгілері анықталғандармен тығыз байланыста болудан сақтану.


Жаңалықтармен бөлісу: