Денис Кривошеев: Шетелге турсапар ұтылыс лотереясы болмауы керек

 Алматы. 10 қараша. ҚазТАГ – Владимир Радионов. 2014 жылғы туристік маусым туристік бизнестегі ірі ойыншылардың күйреуінің айқын көрінісі болды – тек бізде ағана емес, көрші Ресейде де. Ол немен байланысты? Ол бизнес иелерінің дөрекі алаяқтығы ма, әлде, осы жүйедегі қандай да олқылықтардан ба? Туристер алдында жауапкершілікті кім мойнына алады: операторлар ма, әлде, агенттік пе? Мемлекет осы жағдайға ықпал ете ала ма? Бұл туралы біз Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының (ҚТАҚ) ресми өкілі Денис Кривошеевпен сұхбат жүргіздік.

- Денис, әңгімені басынан бастасақ, қазақстандықтарды не алаңдатады: бұзылған демалыс үшін туристер алдында кім жауапты? Менің түсінуімше, турларды дайындайтын туроператорлар бар да, ол турларды сатумен айналысатын турагенттіктер бар. 

 - Егер жауапкершілік туралы айтатын болсақ, түптеп келгенде, бәріне оператор жауапты. Бірақ, бізде, әдетте, қалай, - бәріне жауапты, ешуақытта ешнәрсеге жауап бермейді емес пе. Оның ең жарқын мысалы – «Гүлнәр тур» операторына қатысты туындаған жағдай: туристер зардап шекті, ол турларды сатқан туроператорлар зардап шекті, бірақ олардың иелерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігі өте төмен. Операторлар ешуақытта турбизнестің барлық тарихында еш жауап бермеген: олардың ешқайсысы айыппұл төлеген емес, түрмеге отырғызылған емес. Бәрі үшін агенттік төлейді. Тур сатып алған адам үшін оның демалысының құрығаны үшін кім айыпты екені бәрібір: оператор ма, әлде, агент пе. Ол кімге ақша төлесе соған келіп, оның «мойнына отырып алып», оған не жаңа тур бермейінше, не ақшасын қайтармайынша түспейді. Осындай жағдайда 2014 жылғы жазда ҚТАҚ туындап, туристік нарықтағы ең осал топ – турагенттіктер мүддесін қорғау үшін құрылған болатын. Біз бизнес жасағымыз келіп отырған жоқ, біз билік пен ірі ойыншылар – туроператорлар арасындағы үйлесімді бітістірушілер болмақшымыз. 

 - Түптеп келгенде 2014 жылы қазақстандық туристерді кім алдап соқты? Оның бәрін дөрекі алаяқтық деуге келмейтіндей. 

- Адам сенгісіз: бірақ дерек сондай: 2014 жылы нарықта осындай жағдайдың қалыптасуына соқтырған көптеген факторлар тоғысты. Ресейдегі кенет басталған девальвациядан бастасақ. Көктемгі-жазғы маусымдағы турлар, әдетте, қыркүйекте қалыптасатынын түсіну керек. Демек барлық ұсыныстар мен саудалар девальвацияға дейінгі бағамен жүргізілді. Компаниялар бірден ақшаларын аудармады, үстемелер қосылды, девальвациялық тәуекелдер нарықта өз рөлін атқарды. Девальвациялық жағдайда адамдар бір жаққа барудан бас тартып жатты, себебі ол доллармен есептегенде қымбаттап кетті. Орындар сатылмады, ұшақтар жартылай бос ұшып жатты, операторлар шығындарын есептеп жатты, ол шегіне жетер шақта болды. «Гүлнәр турда» түркиялық ұшақпен байланысты жағдай - банкроттыққа соқтырған жағдайдың бір бөлігі ғана, онда жалпы нарықтық факторлар көп роль атқарды. Оның үстіне адамдар көбіне өз беттерінше саяхаттауға тырысады: қонақ үйлерін броньдайыды, ұшаққа билетті интернетпен алады. Ол технологиялық проблемалар деуге болады. Интернет мүмкіндігінің артуы барлығына ықпал етуде. Қараңызшы, сауда қалай өзгеруде: интернет-дүкендердің пайда болуымен саудалық үстеме болмайды, сонымен қатар сауда орталықтарының саны азаяды, әлемдік нарық құрылымы өзгереді. Бүгіндері интернеттің мүмкіндігінің кеңеюі – бу қозғалтқышын ойлап тапқанмен бірдей сапалық секіріс. Демек, делдалдар рөлі төмендейді. Егер турагенттіктер жаңа шарттары бар осы нарықта өз орнын таба алатын болса (тым болмаса, номерлерді броньдау, визаларды рәсімдеу), онда туроператордың келешегі бұлыңғыр. Тағы бір фактор – су тегіндік. Адамдар күйіп баражатқан турларға үйреніп алғаны соншама, оны сатып алуды соңғы уақытқа дейін қалдырып отырады, ол кезде оператор тым болмаса шығынға кіріп кетпеу үшін сатуға тырысады (кейде турды нарықтағы бағадан екі есеге арзан сатып алуға болады). Бұл жағдайда бизнес туралы емес, лоторея туралы айтуымыз керек. Екінші жағынан бұл ойынға туристер де қатысады.

 - Бұл туралы ойын ережесін айқындап, бекітіп, бақылап отыруы тиіс біздің меморгандар не дейді? Биіктегі кабинеттерде туризмді еске алғанда, сырттан келетін туристер туралы көп айтып, ал сыртқа баратын туристер туралы мүлдем есіне алмайды. Неге олай?

 - Меніңше, сыртқа шығатын туризм билікке қызық болмайтындығы, оның кірісінің аздығында, керісінше – оның дамуымен елден капиталдың кетуі артады, сондықтан мемлекет оны онша жағымсыз бизнес деп қабылдайтындай. Бірақ, сөйте тұра, ол, айталық, Түркияда бес жұлдызды қонақ үйіндегі демалыс, кейде, соншама күндік Қапшағайдағы демалыстан арзан екенін ескермейді, ал Қапшағайдағы қонақ үйлерінде бір жұлдыз тұрмақ, тарақандардан басқа ешнәрсе жоқ. Барлық проблема осында ғой. Ал мемлекеттік құрылымдардың рөлі туралы айтатын болсақ, олар сырттан келетін турзимде де ешнәрсені реттей алмайды. Егер аспан ашық болмаса, бір де үкіметтік бастама, сыртқа кететін туризм де, сырттан келетін туризм де, жұмыс істемейді – бұл ҚТАҚ ресми ұстанымы. Аспанда бәскелестік болмайынша ешкім де жөнді ұшып та келе алмайды, не ұшып кете де алмайды. Иә, ұшып кетпей қалу қауіпі бар, бірақ нарыққа қатысушылар көп болған сайын ондай қауіп деңгейі төмендей береді, себебі басқа авиакомпания ұшағымен ұшып кетуге болады. Ал біз керісінше, аспанды жауып тастап отырмыз. 

 - Сіз аспанды ашу керек, ал мемлекет оны жауып тастауда дейсіз. «Аспанды ашу» деген нені білдіреді?

 - Аспанның ашықтығы жөніндегі халықаралық ереже бар. Ол елімізге кез келген авиакомпанияның ұшып келуіне жеңілдік жасайды, үздіксіз авиарейстер жасауға (оның ішінде ішкі рейстерді де – ҚазТАГ) шексіз мүмкіндіктер береді. Ондай еркіндік нарыққа лаукостерлер деп аталатындардың - өз билеттеріне ерекше жеңілдіктер жасайтын авиакомпаниялардың кіруін қамтамасыз етеді. Бізде меморгандар барлық салалардағы шектеулер қағидасы бойынша жұмыс істейді емес пе. Мысалды алыстан іздеп қайтесің? Жақында 4G форматындағы байланысқа рұқсатнаманы тек «Қазақтелеком» ғана алды, қалған операторлар дәл сондай техникалық мүмкіндіктерге ие бола тұрса да, долбарлап айтқанда, қу тақырда сақалдарын сипап отыр. Сонда мемлекет бизнесті еркін дамыту туралы барлық декларацияларға қарамастан, оның белгілі бір секторлары өзіне тиімді деп санайтын ережелер бойынша дамуы немесе мүлде дамымауы үшін барын салатын болып шығады. Бәрінің себебі, ол секторларда ықпалды топтардың немесе мемлекеттің өзінің мүдделері барлығында. Әңгіменің төркіні осында. Ашық аспан - ол әуе кеңістігі бәсекелі болған кезде: кіру рұқсаты барлар ұшады. Мысалы, біздің нарыққа Fly Dubai лоукостерінің кіруінен барлығының қорыққаны соншалық, келіссөздер бірнеше жыл жүргізілді. Ал үрей-қорқыныш бәсекелесе білмеу салдарынан, мемлекеттің керек емес орталарға араласуы кесірінен. Егер біз Қазақстаннан «туристік Мекке» жасағымыз келсе, бізге қандай компанияның ұшақтарымен ұшып келуді өздері таңдайтын адамдарды қабылдауға дайын екенімізді көрсету үшін, бізге әуе компаниялары үшін әуе кеңістігімізді ашу керек. Және осындай жағдайда туристік салаға инвестициялар да құйылуы ықтимал. Ал біз инвестициялар туралы сөз қозғай отырып, туристерді қалай тасымалдайтынымызды білмейтін болсақ, онда бұл туризмді дамытуға ешқалай жәрдем бола алмайды. 

- Ал аспанды ашу үшін мемлекет не істеуі тиіс? Қандай да бір ережелерді жеңілдету керек пе?

 - Ойынның барлық ережелері көрсетілген ашық аспан туралы конвенцияға қол қою керек. Бұл, айтқандай, біздің әуе компанияларға өздері кіретін «қара тізімнен» шығуға мүмкіндік береді. Бұл келімсектер мен кетімсектер туризмін дамытуға түрткі болады. Бүгін Алматыдан Балиге ұшуға тырысып көріңіз делік. Сізге Малайзияға дейін ұшып барып, сол жақтан ұшақ ауыстыруға тура келеді. Ал ұшақ алмастыруды күту уақыты бес-алты сағаттан тәулікке дейін созылып кетуі мүмкін. Қолайсыз ба? Әрине. Ал Мәскеуден дәл сол Балиге тікелей рейспен ұшып баруға болады. Ашық аспан дегенде түсінетініміз осы, мінеки. 

- Біздің туристерге қайта оралайықшы. Кеңес беріңізші, турагенттікті таңдап, ешқандай проблемасыз ұшып, демалып қайтатыныңа қалай сенімді болуға болады? 

- Егер сіз қалыпты бағаны төлейтін болсаңыз, ұшып демалып қайтасыз. Бірақ егер үнемдеуге ықыласыңыз ауып тұрса, аталған жағдайда сіз өзіңізге белгілі бір қауіп жүгін артатыныңызды түсіну керек. Көптеген әртүрлі тәсілдер бар, бірақ ең сенімдісі өзіңмен бірге жеткілікті сомада ақша салып жүру. Сізді қонақ үймен қамтамасыз етіп, рейстік ұшақпен кері қайтатын билетті сатып алуға мүмкіндік беретіндей етіп. Егер ештеңе болмаса, ақшаңыз өзіңізде қалады. Егер бола қалса, барлық шығынларды тіркеп, қайтып оралғасын оларды сақтандыру компаниясына көрсете аласыз. Бұл қалыпты тәжірибе, және ол жұмыс істейді. Сонымен қатар саяхат кезінде барлығын алдын ала бағамдап болмайтынын, кез келген нәрсе болып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Сіздің дөрекі алаяқтарға тап болу дерегі де жоққа шығарылмайды, туристік саланың да өз пирамидалары бар. Сол себепті барлығынан сақтандырудың жалғыз жолы және ең жақсысы - кэштің болуы. Сондай-ақ ҚТАҚ ҚР аумағында шетелдік туроператорлардың болуына қарсы шығады, туроператор активтерінің көп бөлігі десек те Қазақстан азаматтарына тиесілі болуы тиіс. Өйткені сауал туады: қандай жағдайда кімнен сұрау керек? «Гүлнәр турмен» болған жағдай секілді: қожайыны қашып кетті, кімнен сұрарыңды білмейсің. Егер иесі қазақстандық болған жағдайда, кімді ұстайтыныңды білесің, әйтеуір. Ал шетелдік оған іздеу жариялаған уақытта елді тастап шығып, екі сағатта қырғыз шекарасынан бір-ақ шығуы мүмкін, сосын оны тауып көр.

 - Ал мемлекет жауапты болмай ма? Жақында қазақстандық туристерді Пхукетке жіберу рейсін 12 сағатқа ұстаған «ИнвестАвиа» әуе компаниясымен болған жайтта, оның бір өкілі аяқ астынан болып өткен баспасөз мәслихатында олардың жалдап алған бортына Украинадан Алматыға ұшып келуге азаматтық авиация комитеті қарсылық танытты деп мәлімдеген еді. Мәселе бұл жерде даулы болғанымен, меморгандардың ұшақ ұшуларын болдырмай тастауына не кешігуіне жауапты екеніне назар аударарлық өте көрнекті мысал.

 - Ал сіз қашан болса да мемлекетпен соттасып, жеңуге тырысып көрдіңіз бе?

 - Жоқ, ондай жағдай болып көрмеді.

 - Шынайы шындық орнай қалуы тым қиын. Қандай да бір кикілжіңдерге мемлекет араласқанда, бұны форс-мажорлы себептер деп атайды: заңнаманы өзгерту, лицензияны қайтарып алу және тағысын-тағылар. Сәйкесінше, мұндай жағдайда айыптыны табу мүмкін емес. Ал жауап беретін турагенттіктер болады. Олардың шығыны ондаған мың долларлап есептеліп жатады.

- Мемлекет жауапкершіліктен жалтарып отырған болып шыға ма? 

- Білуімше, қазір туризм туралы заңнамаға түзетулер әзірленіп жатыр, меморгандар «Гүлнәр тур» секілді құлдырауларға жол бермеу мүмкіндігін іздестіруде. Бірақ шенеуніктердің басында ресейлік «Туржәрдем» («Турпомощь») сияқты әлдебір құрылым құру туралы сандырақ ой жүр, ол мемлекеттік ұйымдар бәзбір сақтандыру ретінде нарыққа қатысушылардан ақша жинайды және сосын, кейін белгілі болғандай, туристерді шығару кезінде ешқандай жәрдем бере алмайды. Біз нарықты реттеудің екі тәсілі бар деп есептейміз - ашық аспан мен барлық кезеңдердегі дұрыс сақтандыру жайы: туристердің ұшпай қалу, қонақүйге орналаса алмау, қайта алмау жағдайларына. Сақтандыру нарығының үлгісі жұмыс істей бастаса болғаны, барлығы мемлекеттің араласуынсыз-ақ өз орындарына келеді. Жалпы, мемлекет қандай да бір үдерістерді реттеуге жасанды түрде тырысқан жағдайда, не жемқорлық сұлбалар пайда болады, не бәрі жұмыс істеуін доғарады. Мемлекет өзінің араласуын азайтатындай жағдайлар жасау керек. Сәл жоғарыда айтып өткенімдей: туризм инвесторлары үшін салықтық жеңілдіктер жасайды, аспан деңгейіндегі бәсекелестікке араласуын доғарады, сақтандыру компанияларын осы нарықта жұмыс істеуге міндеттейді.

 - Менің білуімше, ҚТАҚ-мен қатарлас «Байтақ» атты турагенттіктер кооперативін құру жоспарланған, ол нарықтағы әлдебір өзін-өзі сақтандыру құрылымы болып табылуы тиіс болуы керек еді. Бірер сөзбен осы идея жайында айтып өте аласыз ба? 

- Идея мынадай: нарық ойыншылары - турагенттіктер - осы кооперативке кіреді. Кооператив - ешқандай салықсыз резервті қор құра алатын және ол кооперативтің кез келген мүшесінің проблемаларын шешуге жұмсала алатын жалғыз ғана жеке меншік формасы. Қор барлық мүшелердің мүшелік және ай сайынғы жарналарынан құралады. Турагенттіктің туристер шақыруда проблемасы туындайды екен - ол дәл сол резерв қорының қаражаты есебінен тез арада шешіледі. Оған қоса «Байтақ», заңды тұлға ретінде, біздің елдің алдындағы өз міндеттемелерін орындауын доғарған мемқұрылымдарға немесе компанияларға қатысты талап арыздарының бастамашысы бола алады. Мемлекет оны жасамайды, ал кооператив оны мүлде еркін түрде халықаралық сотта жасай алатын еді. Оның үстіне, кооперативте туристердің өзінің уақытша мүшелік идеясы бар. Азғантай жарнамен турист кооперативтің барша қуатын пайдалану мүмкіндігін алады айталық, медициналық шығындарды өтеу, егер ақша, құжаттарын жоғалтып алған жағдайда отанға оралу мен тағысын-тағыларда. Қазір біз мемлекет алдына «Байтақтың» қолданылу мәселесін қойып отырмыз: мемқолдаусыз төте жол салу өте қиын. Біздің ұсынған жүйеміз шенеуніктердің тарапынан түсіністік тауып отыр. Нарық өзін-өзі реттеуге талпынса – оның келешегі зор.

 - Сұхбатыңыз үшін рақмет!

adimage