Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша басты сот отырысының болатын күні белгілі болды

Күні: 17:44, 25-12-2018.

Алматы. 25 желтоқсан. ҚазТАГ - Динара Жаркеева. Белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша басты сот отырысы 2019 жылдың 3 қаңтарына белгіленді, деп хабарлады агенттік тілшісі сот залынан.
«Басты сот отырысы 3 қаңтарға сағат 10-ға белгіленді», - деді судья Кеңшілік Әбделдинов сейсенбідегі отырыста.
Сот отырысы аптасына 4 рет күні бойы өтеді деп болжануда.
Сотталушылар орындығында үш адам отыр - Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева.
А. Құдайбергенов ҚР ҚК 188 б.2б.2т.т. (ұрлық), 192 б.2б. 1, 5 т.т. (қарақшылық), 99 б. 2б. 7, 8 т.т. (адам өлімі), Н. Киясов – ҚР ҚК 192 б.2б. 1, 5 т.т. (қарақшылық), 99 б. 2б. 7, 8 т.т. (адам өлімі) баптары бойынша айыпталуда.
Ж. Толыбаеваға – ҚР ҚК 434 б (қылмыс туралы хабарламау), 24 б. 3 б., және 188б. 2б. 1 т.т. (алдын-ала сөз байласу арқылы ұрлық жасауға оқталу) бойынша айыптар тағылуда.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Д.Теннің өліміне қатысты іс бойынша алдын-ала тыңдалым өтуде.
Сот отырысы судья Кеңшілік Әбделдиновтың төрағалығымен өтуде.
Сот залында қаза болған спортшының ата-анасы мен жақын туыстары қатысып отыр.
Сот қазақ тілінде өтуде. Д.Теннің туыстары үшін аудармашының қызметі ұсынылған.
Сот отырысының залы БАҚ өкілдеріне толы.
Еске салсақ, Сочидегі қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері қазақстадық мәнерлеп сырғанаушы Д.Тенді 19 шілде күні өлтіріп кетті. Қайғылы жағдай Алматыда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында сағат 15.00 шамасында орын алған. екі бұзақы көлік тұрағында тұрған Lexus GX 460 көлігінің жанындағы айнасын шешіп алмақ болған. Сол кезде оларға көлік иесі – Д.Тен келіп қалған. Сол сәтте ұрылар мен спортшы арасында төбелес болып, спортшы пышақтан ауыр жараланып, ауруханада көз жұмды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәнерлеп сырғанаушының ауыр жарақат алғанын атап өткен.
Танымал мәнерлеп сырғанаушының өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Қазақстандықтар ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың отставкаға кетуін және орын алған жәйттан кейін полицияға реформа керектігін талап етті. Олардың айтуынша егер тәртіп сақшылары тиімді жұмыс жасағанда мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Қазақстан спортына еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада-2014 қола жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы VII қысқы Азия ойындарының чемпионы және көптеген басқа да марапаттар иесі Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан атақты спортшы болған еді. Қазақстандықтың қоржынында барлығы 10 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар, оның басым бөлігін ол халықаралық турнирлерде жеңіп алған. Халықаралық конькишілер одағының ағымдағы рейтингінде ол әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылар ондығына кірген болатын. Белгілі қазақстандық спортшы 25 жасында өмірден озды.


Жаңалықтармен бөлісу: