Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті басқармасының басшысы Гаухар РАЙЫМҚҰЛОВА: ӨЗ БЕТІНШЕ ЕМДЕЛУ БОЛҒАН, БАР ЖӘНЕ БОЛАДЫ...

 

Астана. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Анастасия Прилепская. Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін салауатты өмір салтын (СӨС) қалыптастырудың өңірлік орталықтары жанында өз бетінше емделу бойынша кеңес беру орталықтарын ашуды жоспарлауда. Сонымен қатар, министрліктің дәрі-дәрмектердің кері әсерін бақылаумен айналысатын бөлімшелерінің жұмысын күшейту жоспарлануда. Өз бетінше емделуді  қалай дұрыс жүргізу керектігін, дәрігерге «сары картаның» қажетілігі жөнінде және өткен жолы түсі қандай дәрі алғаныңызды неліктен есте сақтау керектігі жайлы денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті басқармасының басшысы Гаухар Райымқұлова әңгімеледі.

 

Гаухар Үшкемпіровна, коллегиялардың бірінде денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің кері әсерін бақылау орталығын құруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Осыған ұқсас сараптау ұйымы бар емес пе, дәл сондай тағы бір орталықтың қажеті не?

 

- Дәрі-дәрмек нарығын, олардың құнын, кері әсерін, дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалануды бақылау, зерттеу және талдау орталығын құру жоспарлануда. Бұл орталық, былайша айтқанда, ойда жүрген нәрсе, қазірше жобасын дайындап жатырмыз.

Қазақстандағы фармацевтикалық бақылау және дәрі-дәрмектердің кері әсерін бақылау жүйесі 2005 жылы құрылған. Дәрі-дәрмектерді сараптаудың ұлттық орталығы дәрілерге кері әсердің пайда болуы туралы түсіп жатқан хабарламаларды жинауды, жүйелеуді өткізу, сараптау мен ғылыми баға беру бойынша құзыретті ұйым болып табылады. Бақылаудың жаңа орталығы қазір жұмыс істеп жатқан ұйымдар негізінде құрылады. Бұрындары бұл бағытта жұмыс істегенбіз, бірнеше жыл бойы фармацевтикалық нарықтағы бағаларды бақылау мен оларды реттеу өзекті мәселелердің бірі болды. Ол көптен бері шешімін таппады, нәтижесінде нарықта болып жатқан құбылыстардың бәрін талдауға арналған орталық құрамыз деген шешімге келдік.

 

Жаңа орталыққа жаңа мамандар қажет болады. Кадр мәселесі қалай шешілмек?

 

- Егер екі бөлімшені қосатын болсақ, сол мамандар қалуы мүмкін. Сараптаудың ұлттық орталығында кері әсерді бақылау бөлімі бар. Бәлкім, сол денсаулық сақтау министрлігінің дербес сараптау ұйымы ретінде күшейтіліп, бөлініп шығуы мүмкін.

 

- Осы мәселені талдау барысында бағалар мен кері әсерді бақылауды денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қаржыландырылатын жеке меншік құрылымның айналысатыны туралы болжамдар болды ма?

 

- Жоқ, әрине. Мемлекеттік орган дәрі-дәрмектердің сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне жауапты, сондықтан мұнда «жеке меншік» деген болмайды.

 

- Кері әсерлерді қалай анықтайсыздар? Дәрігерлердің хабарлауы бойынша ма, әлде келген емделушілердің айтуымен бе?

 

- Мәліметтерді жинаудың қазіргі жүйесі сақталады. Қазір бақылау бөлімі ұлттық сараптау орталығында дәрі-дәрмектердің кері әсерін, келіп түскен ақпаратты зерттейді және құжатпен расталатын мәліметтер негізінде кез келген кері әсердің клиникалық көріністері немесе дәріні қабылдауда тиімділіктің жоқтығының арасындағы себеп-салдарлы байланысқа баға береді. Яғни, тек дәрігерлердің ғана мәліметтері негізге алынады.

Мәліметтерді ұсынудың бекітілген «хабарлама-карта» деген формасы бар, оны дәрігерлер өзара «сары карта» деп атайды. Мұндай карталар әр медициналық ұйымда бар. Емделуші келіп, дәрінің кері әсеріне шағымданса, мәселен, дәріні қабылдағаннан кейін дене бөртіп немесе іш ауырса, дәрігер хабарлама картаны толтырады. Онда ол емделуші қандай шағыммен келгенін, қандай дәрі қабылдағанын, оның сериясы қандай, өндірушісі кім екендігін көрсетуі керек. Толтырылған карталар ұлттық сараптау орталығына түседі, онда оларды сараптап, белгілі бір дәріге белгілі бір мерзім ішінде осыншама «сары карта» келіп түскенін көрсетіп, қорытынды шығарады, демек, ол дәрінің сапасында, сақтау мерзімі мен шарттарында қателіктер бар. Яғни талқылау керек. Одан әрі біз шешім қабылдаймыз, аталған дәрінің тіркеу куәлігінің қызметін тоқтатып, толық тексеру жүргіземіз. Мұндай жағдайда дәрігерлерге де, өндірушіге де бірден тіркеу куәлігі тоқтатылғандығы жайлы хабар беріледі.

«Сары картаны» дәрігер мойнындағы жауапкершілікті алу үшін толтырады, ол емделушіде жаңа белгінің пайда болғандығын растау үшін қажет, яғни оған себеп дәрігердің біліксіздігі емес, бәлкім, дәріге кері әсері немесе емделушінің дәріні көтере алмауы.

 

Демек, «сары карта» білімсіз дәрігер үшін өз біліксіздігін жасырудың ыңғайлы әдісіне айналады екен ғой.

 

- Әр сары картаға талдау жасаймыз, ұлттық орталықта толықтай бір бөлім әрбір жағдайды зерттейді. Мұнда ешқандай шикілік болуы мүмкін емес.

 

Қазіргі кезде дәрілердің кері әсері жайлы ақпарат қаншалықты қолжетімді?

 

- Ұлттық сараптау орталығы кері әсерлердің немесе тиімділігі жоқ дәрі-дәрмектердің тіркелген жағдайлары туралы ақпаратты денсаулық сақтау министрлігінің фармбақылау комитетіне, тіркеу куәлігінің иесіне немесе оның құзыретті өкіліне, дәрі-дәрмектердің кері әсерін бақылау орталығына, денсаулық сақтаудың бүкіләлемдік ұйымына, халықаралық мәліметтер базасына енгізу үшін ұсынады.

Оған қоса, ұлттық орталықтың dari.kz сайтында Қазақстанда және басқа да елдерде анықталған кері әсері бар дәрі-дәрмектер туралы бет ашылған. Сонымен қатар, сайтта Қазақстан Республикасында тіркелген дәрі-дәрмектерді қолдану бойынша комитет бекіткен нұсқаулық алуға болатын дәрі-дәрмектердің мемлекеттік тізімі бар.

 

- Мемлекеттік тізім мен нұсқаулықтың жартысы латын тілінде жазылған, ал қалған бөлігі медициналық терминологияға толы, оны қарапайым адамдар түсінбейді. Қолжетімді формада ақпаратты қалай алуға болады?

 

- Бұл үшін министрлікте дәрілік ақпараттық орталық (ДАО) құрылған, барлық өңірлерде оның аумақтық бөлімшелері бар. Олардың жұмысы халықты ақпараттандыру болып табылады. Адамдар еркін қоңырау шала алатын сall-орталықтар бар, онда дәрігерлер, медицина ғылымының кандидаттары кезекшілік атқарады, олар науқасқа қандай да бір дәріні қабылдағанда не болатынын, қандай кері әсердің пайда болуы мүмкін екендігін, белгілі бір диагноздың пайда болуына әкеліп соғатын қандай дәрілерді біріктіруге болмайтындығын түсіндіріп береді. Ал dari.kz сайты көбінесе дәрігерлерге арналған.

 

Яғни, бұл сайтта арнайы медициналық ақпарат ашық түрде орналасқан ма? Ал егер, туберкулез немесе венерологиялық аурумен сырқат адам  осы бетті ашып, қандай дәрілерді қабылдауға болатындығын көріп, инфекция таратып, өз бетінше емделумен айналысса ше?

 

- Біріншіден, әркім өз денсаулығына өзі жауапты, егер адам бойында қауіпті дерт барын білсе, дәрігерге баруы керек. Екіншіден, ондай науқас ұлттық сараптау орталығына кірмеуі де мүмкін, бүгінгі таңда ғаламтордың кез келген сайтынан өз бетінше емделудің ұтымсыз әдістемелері туралы ақпаратты табуға болады.

Иә, біздің сайтымыздағы ақпарат мамандарға арналған. Онда белгілі бір дәрінің мемлекеттік тіркеуі туралы мәліметті тексеруге болады, бірақ емделудің кестесі жазылмаған, тек денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нұсқаулықтар ғана бар. Яғни, дәріге қосылған қосымша бет сияқты: сипаты, жағу-жақпауы, кері әсері, фармокологиялық әсері, ағзадан шығару туралы ақпарат. Бұл сайтта құпия ештеңе де жоқ.

 

Халыққа Қазақстанда тыйым салынған немесе сапасыз дәрі-дәрмектердің сатылып жатқанындығына куә болдыңыз ба?

 

- Бір жағдай есімде, алайда ол дәрі емес, қытай дәрілері- биоактивті қоспаларға  (БАҚ) қатысты. Жағдай былай болды: адамдар биоактивті қоспаларды салмақтан арылу  үшін сатып алып, оны қабылдаған, содан олардың ағзаларынан құрт шыға бастаған. Сөйтсе, дәрінің құрамында гельминттің жұмыртқалары болған екен. Бұл 2000-шы жылдардың басында болған, қазір мұндай жағдайлар кездеспейді. Нарық тұрақталды, өндірушілер өздерінің беделі үшін жұмыс істейді. Ертең-ақ дәріге «қара таңба» басылып, өндіруші беделінен айрылады, өйткені ақпарат өте жылдам тарайды, адамдар 5-6 жыл бұрынғыдай емес қазір анағұрлым сауатты, өздерінің құқықтарын, кімге және қайда шағымдану керектігін жақсы біледі.

 

Адамдардың шағымынан пайда бар ма?

 

- Иә, сол шағымдардың арқасында кейде жалған препараттарды анықтап жатамыз. Аумақтық бөлімшелеріміздің телефондары барлық дәріханаларда ілініп тұруы керек. Көбіне әжелерден шағым жиі түседі. Қоңырау шалып: «Өткенде сатып алған дәрілерімнің түсі көк болған, осы жолғысының түсі көгілдір. Өткенде көмектескен, бұл жолы емі болмады», - деп жатады.

Егер сатып алушы дәрмектің түсі басқа, формасы өзгеше немесе оның ешқандай көмегі болмағанын байқаса, біздің қызметкерлеріміз дәрі сатып алынған дәріханаға барып, оның бүкіл сериясын тексереді. Кейде препарат шынымен де жалған болып жатады.

Дегенмен, көбіне жалған препаратты нарықта жалған дәрі-дәрмек пайда болды деген хат келіп түскенде анықтап жатамыз.

 

Қазақстанға денсаулық сақтау министрлігінде тіркелмеген дәрі-дәрмектер көп енгізіледі ме?

 

- Тіркелмеген дәрілер енгізілмейді және дәріханаларымызда сатылмайды. Қайткенде де бізге ондай жағдайлар туралы хабарланбайды. Дәрі-дәрмектер шекарадан өткен кезде бірден тексереміз, егер ол тіркелмесе, ресми жолмен елге өтпейді. Ал бейресми жол, контрабанда –құқық қорғау органдарының құзіретінде.

 

- Мысалға, ұзақ жылдар бойы Ресейде өндірілетін препаратпен емделіп, шипасын тауып жүрген пациенттер сол дәрі Қазақстан Республикасының тіркеуінен өтпей қалса қайтпек?

 

- Емделуші жеке өзі пайдалану үшін елге денсаулық сақтау министрлігімен келіспей-ақ препарат енгізе алады. Заңнама бойынша жеке өзің емделу үшін дәріні енгізіп, пайдалануға рұқсат береді, бірақ оны сатуға болмайды. Бір емдеу курсына арналған дәрі-дәрмек мөлшерін енгізуге рұқсат берілген, кеденде қабылдау дозасы мен емдеу курсы көрсетілген препаратты өткізеді. Алайда жаңа партиясын әкелу үшін, жаңа емдеу курсынан өту үшін қайта баруға тура келеді.

 

- Қазір басқыншыл жарнаманың таралуы кең етек жайып барады. Фармакологиялық компаниялар дәрі-дәрмектерді жарнамалауда халықты болмашы ауру пайда болса, таблетка қабылдау керек деп сендірген. Мұндай жарнама қаншалықты қауіпсіз және денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің жарнамасын бақылай ма?

 

- Негізінде телеарна мен радио арқылы рецептсіз берілетін препараттардың ғана жарнамасына рұқсат берілген. Яғни, жарнамаланатын – мезим, парацетамол, фестал, рецептсіз жіберілетін препараттар тізімінен. Рецептпен босатылатын препараттар тобын тек мамандарға арналған медицина журналдарында ғана жарнамалауға болады.

Оған қоса, телеарнадағы жарнамада: «Нұсқаулыққа қараңыз, кері әсеріне, мөлшеріне, көрсетулеріне назар аударыңыз» деп айтқандарын қадағалап отырамыз. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді жарнамалауда балаларды түсіруді шектеуге тырысамыз.

 

- Денсаулық сақтау министрі мекеменің соңғы коллегиясында денсаулық сақтау министрлігі өзін өзі орынды емдеуді үгіттейді деген болатын. Айтыңызшы, министрліктің мұндай мақұлдауына медикаментозды терапия ғана ене ме, әлде халықтық емдеу мен арнайы диеталарға да рұқсат беріле ме?

 

- Бірінші кезекте, рецептпен босатылатын дәрі-дәрмектер бұл жағдайда мүлдем алынады, өз бетінше емделуде тек рецептсіз тізімге ғана рұқсат береміз. Сондай-ақ, арнайы диеталар мен режим болады, ол жайлы дәрігер айтады.

СӨС өңірлк орталықтарында өз бетінше орынды емделу бойынша консультациялық-білім беру орталықтарын ашу мәселесі талқыланып жатыр. Өз бетінше емделу әрбір адамның күнделікті өмірінде қарапайым құбылыс болып табылатындығы мәлім. Медицина қызметкерлерінің бұған деген көзқарасы қаншалықты теріс болғанымен, өз бетінше емделу болған, бар және болады. Бұл көптеген факторларға байланысты: халықтың сауаттылық деңгейінің көтерілуі және түрлі ақпараттық дерекнамалардың қолжетімділігі, уақыттың жетіспеушілігі, дәрігерлер мен фармацевтерге деген сенімсіздік. Ал өкілі денсаулық сақтау министрлігі, медицина ұйымдары, дәрігерлер болып табылатын мемлекет халыққа дәрілер туралы түсінікті ақпарат беруге міндетті.

 

- Емделушілер өз бетінше емделуге шектен тыс кірісіп кеткен кездер болды ма? Дене қызуын түсіретін дәрілерді немесе асқазан сөлінің қышқылын төмендететін препараттарды көптеп қабылдап, өздеріне зиян тигізсе ше?

 

- Міне, осындай жағдайда өзін-өзі үтымды емдеу принциптеріне жүгіну керек. «Ренниді» немесе басқа антацидтерді (асқазан сөлінің қышқылдығын төмендететін, қыжылды басатын дәрілер – ҚазТАГ) қабылдаған күнде, алдымен қыжылдың себебін анықтау керек – қышқылдық жоғары ма, әлде төмен бе? Егер қышқылдық төмен болса, антацидтерді қабылдау арқылы өзіңе зиян келтіруің әбден мүмкін.

Өзін-өзі жауапты емдеу орталықтарында науқасқа өз еркімен антибиотиктер белгілеуге болмайды, оны дәрігер істейді, емделушіге қажетті антибиотиктерді таңдап, қабылдауға болмайтын препараттарды алып тастайды. 2013 жылдың басында осындай орталықтар СӨС орталықтарында пайда болады деп жоспарлап отырмыз.

 

- Сұхбатыңызға рахмет.


adimage