Елімізде төрт айда шамамен 3,5 тонна есірткі заттары тәркіленген
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz.
«Төрт айда үш мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 828 сату фактісі бар. Заңсыз айналымнан шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленді: 259 кг синтетика, екі тоннаға жуық марихуана, 303 кг гашиш. 83 есірткі зертханасы жойылды. Алты тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контенті бар 11 мыңнан астам сайт, сондай-ақ Т1 млрд-тан астам сомаға 12 мың банк картасы мен шот бұғатталды. 1783 адам ұсталды, оның 669-ы қамауға алынды», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Елімізде ұл балаларға да обыр тудыратын вирусқа қарсы вакцинаны салу ұсынылды
Қазақстанда ұл балаларға да адам папилломасы вирусына (ВПЧ) қарсы екпе салу ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өткен аптада біз денсаулық сақтау министріне ата-аналар кездесулерде жиі көтеріп жүрген маңызды сауалды жолдадық. Атап айтқанда – ұл балаларды адам папилломасы вирусына (ВПЧ) қарсы екпенің ерікті вакцинациялау бағдарламасына қосу туралы. Қазір Қазақстанда қыз балалар адам папилломасы вирусына қарсы екпені тегін ала алады. Бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалатын өте маңызды шешім және үлкен жетістік. Енді осы тәжірибені кеңейту ұсынылып отыр», - дейді мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Мәжілісменнің айтуынша, адам папилломасы вирусы – тек «әйелдерге тән вирус» емес. Бұл вирус жатыр мойны қатерлі ісігінен бөлек, ер адамдарда көмей, ауыз қуысы мен тік ішек қатерлі ісіктерінің де дамуына себеп болуы мүмкін.
Атырауда бір топ жасөспірім екі баланы аяусыз соққан
Оқиға Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында орын алған. Бірнеше жасөспірімнің екі балаға шабуыл жасауы қоғамда алаңдаушылық тудырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Зардап шеккен оқушының анасының айтуынша, шабуылға кемінде сегіз жасөспірім қатысқан. Олардың бірі — құқық қорғау органының қызметкерінің ұлы.
«Ұлымның денесі түгел көгерген, қан кетіп жатыр, ол қатты психологиялық күйзелісте. Балаларды «егер бұл туралы біреуге айтсаңдар, тағы да ұрамыз» деп қорқытқан. Мен үнсіз қала алмаймын. Ұлым үшін қорқамын, бірақ өзгелердің балалары да зардап шегіп кете ме деп тіптен қатты алаңдаймын», - деді жәбірленуші баланың анасы.
Олар оқиға бойынша полицияға арыз түсіргенімен, істің әділ тергелетініне күмәнмен қарап отыр.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта күдікті жасөспірімдердің барлығы анықталып, бөлімшеге жеткізілген.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталу үстінде. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер ішкі істер органдарының арнайы есебіне алынып, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады», - дейді полиция департаменті.
«Бюджеттің Т5 млрд-ды бекер жұмсалып отыр»: Депутат министрдің баяндамасын сынады
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанның су проблемасын көтеріп, Батыс Қазақстандағы су жетіспеушілігі мен тиімсіз су пайдалану мәселесін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесі жайлы өте жақсы айтылған, бірақ өмірде жағдай басқа. Қазталов ауданында біз Ресейден су алып отырмыз, бірақ сол су Жалпақталдан өтіп, құмға сіңіп кетеді. Осылайша жыл сайын бюджеттің Т5 миллиарды бекерге жұмсалып отыр. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы 10 жыл бұрын басталған, бірақ әлі аяқталмады» – деді депутат Ерлан Саиров.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, Батыс Қазақстанда екі жаңа су қоймасының құрылысы басталмақ. Бұл жобалар Ресейден алынатын судың көлемін қысқартуға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Фото көзі: parlam.kz