Депутат Сарайшық мұражай қорығында құрылыс цехын ашуды ұсынды

Күні: 16:20, 25-09-2019.

Астана. 25 қыркүйек. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов мәдениет ескерткішін қалпына келтіру үшін Сарайшық мұражай қорығында саздан сапалы құрылыс материалын дайындайтын шағын құрылыс цехын ашуды ұсынды.
«Қазындыларды қарай келе, біз орта ғасырда салынған Сарайшық кешенін қалпына келтіруге болатынына көзіміз жетті, мысалы, керуен-сарай немесе биік қорғандарды. Бұл үшін, мүмкін, Сарайшықта құрылыс цехын ашып, Сарайшықтың өзінің сазынан құрылыс материалын жасау қажет шығар. бұл ретте осы кнге деін жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс материалдары сын көтермей жатыр», - деді ҚР премьер-министрінің атына жолданған депутаттық сауалды оқыған Сейдуманов.
Бұл ретте ол атап өткендей, Сарайшықты туристік аймаққа айналдыруға болады, алайда оған мұражай қорықтың материалдық-техникалық базасы кедергі болып отыр.
«Сарайшықты толығымен туристік аймаққа айналдыруға болады, алайда мұражайдың материалды-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкес келмейді. 2019 жылға қаржы бөлінбеген, ол үшін жаңа туристік орталық құрылысын жылдамдату маңызды. Орталыққа жер бөлінді, құжаттары дайындалуда, бірақ бұл мәселені көп созбақтамаған жөн», - деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар, ол Қазақстанға басқа елдерден Сарайшыққа қатысы бар мұрағат мәліметтері мен мұражай экспонаттарын алдыру қажеттігін атап өтті.
«Сарайшық қалашығының тарихы мен мұрасына ғылыми баға беру –уақыт талабы. Бұл ретте қалашыққа қатысы бар мұрағат мәліметтері әлемдік мұрағаттарда орналасқан, ал Сарайшық экспонаттары әлемдік мұражайларда жатыр. Әсіресе оларды Ресейден, Қытайдан, Еуропа елдерінен қайтару немесе олардың көшірмелерін әзірлеу маңызды», - деді Сейдуманов.


Жаңалықтармен бөлісу: