Астана. 14 наурыз. ҚазТАГ – Баубек Қоңыров. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ұлттық Көрісу мерекесіне ресми мәртебе беруді ұсынды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Еліміздің батыс өңірлерінде 14 наурызда әр үйде көрісу мерекесі атап өтіледі, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, жақсы тілектер айтып, кішілері үлкендеріне сәлем бере барып, бір-біріне денсаулық, бейбітшілік және амандық тілейді. Әр үйде күн шыққаннан бастап дастархан жайылып, қонақтарды қарсы алып, ақсақалдары бата береді. Кезінде көрісу мерекесін еліміздің барлық өңірі атап өтетін. Бірақ түрлі себептерге байланысты өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Көрісу күні кей жерлерде ұмытыла бастады», - деді премьер-министрдің атына сауал жолдаған Еңсегенов.
Ол атап өткендей, Көрісу мерекесі бұл белгілі бір ғана өңірдің мерекесі емес, оны атап өту шегі кеңеюде, және алыс және жақын шетелдегі қазақстандықтар да оны атап өтуде.
«Қазір дәстүрлі түрде атап өтілетін және адамдарды адамгершілікке, сыйластыққа, мейірімділік пен жақсылық жасауға тәрбиелейтін Көрісу күнін ресми түрде енгізу туралы пікірлер айтылуда. ҚР мерекелері туралы заңға сәйкес елімізде ұлттық, кәсіби және басқа да мерекелер атап өтілуде. Аталмыш заңның 4 бабына сәйкес мереке күндері тізімін үкімет белгілейді. Ұлттық дәстүрімізге қолдау көрсету мақсатында 14 наурызды Көрісу күні деп белгілеуді, тиісті органдарға тапсырма беруіңізді ұсынамын», - деп атап өтті Еңсегенов.
Депутаттар ұлттық Көрісу мерекесіне ресми мәртебе беруді ұсынды
