Депутаттар уақыт белдеуін кері қайтаруды талап етуде, Жахан Отарғалиевтің такси жүргізушілеріне үндеуі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 6 қыркүйек. ҚазТАГ – Депутаттар уақыт белдеуін кері қайтаруды талап етуде, Жахан Отарғалиевтің такси жүргізушілеріне үндеуі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Әкем аман қалды»: Жахан Отарғалиев такси жүргізушілеріне үндеу жасады

Танымал шоумен, актер Жахан Отарғалиев әкесінің жол апатына ұшырағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

«Бауырлар, шамалы ойланған дұрыс сияқты. Өткен жұма күні таңда Атырау-Орал жолында болған жағдай. Сәл жәй жүрген дұрыс-ау. Такси айдап жүрген бауырлар, сіздерді де үйлеріңізде бала-шағаңыз күтіп отыр. Тым болмаса соларды да ойлаңыз. Әкем Алланың қалауымен аман қалды», – деп жазды актер.

Оның айтуынша, кейін әкесінің аяғында ісік пайда болған.

«Әкемді қалаға алып келдім. Енді жәй-жәй қалыпқа келеміз. Бастысы, аман қалды. Әке-анамыз аман болсын! Оларға көтере алмайтын сынақ бермесін!», – деді шоумен.

«Көшпенділер ойындары кезінде 1300 ерікті жұмыс істейді»

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаевтың мәліметінше, ойындар кезінде 1300 ерікті қызмет атқарады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Оның айтуынша, еріктілер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді.

«Волонтерлерден ойын алдында 4500-ден астам өтінім келіп түсті, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан, және Гана Республикасынан ниеттілер кездесті. Қазіргі таңда барлық еріктілер қонақтарды қарсы алу, спорттық алаңдарда жұмыс істеу, транспорт, тағам бағыттары бойынша жұмысын жүргізуде», - деді спикер баспасөз конференциясында.

«Сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың – депутаттар үндеу жасады»

Мәжіліс депутаттарының бір тобы уақыт белдеуін өзгертуге байланысты үндеу жасап, алдағы уақытта парламенттің жалпы отырысында мәселе көтерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мыңдаған халықтың арыз-шағымы, тілегіне орай арнайы мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. Осындағы әріптестеріміз куә: өңірлерді аралаған кезде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облысы, Жетісу өңірінде халық тарапынан ең көп қойылған сұрақ – уақыт белдеуіне байланысты болды. Ел бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр. Бәлкім, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар. Бірақ Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атады. Сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың. Кешкі бес-алты тасқараңғы. Екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар», – дейді Мақсат Толықбай бастаған бір топ депутат.

Мәжілісмендердің айтуынша, жер үлкен болған соң георафия бойынша уақыт белдеуі денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша энергия артық шығындалынатыны алдын ала зерттелуі керек еді.

Сондай-ақ депутаттар алдағы уақытта парламенттің жалпы отырысында үкімет мүшелерін, ғалымдарды, мамандарды шақырып, тыңдау өткізіп, үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал ететінін айтты.

«Су тасқынынан зардап шеккен 7 мыңнан астам отбасына жаңа баспана берілді»

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккендердің тұрғын үйлерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды El.kz.

Үкіметтің мәліметінше, биылғы 6 қыркүйектегі жағдай бойынша 7 393 отбасы зақымданған мүлкінің орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды, оның ішінде 5 313 нысан сатып алынды, 2 080 үй салынды.

«Барлық 9 147 өтініш берушіге жалпы сомасы 53,5 млрд теңгеге тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді. Сонымен қатар 34 247 отбасына 12 627,7 млн теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді», - делінген хабарламада.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage