ДІНИ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРДА БОЛЫП ЖАТҚАННЫҢ БӘРІ – ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ ЖҮРГІЗІП ЖАТҚАН САЯСАТТЫҢ САЛДАРЫ

 

Астана. 20қырқүйек. ҚазТАГ – Айнагүл Бекеева. Биыл жазда Ақтөбе және Атырау облыстарында полицияның ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерімен бірнеше қарулы қақтығысынан кейін аталған өңірлердегі криминогенді жағдай болжауға болмайтын, үрей тудыратындай болып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын қылмыстардың статистикасымен оңтүстік өңірлер алға шықса, енді батыста жағдай «қыза бастады». Бұл факт ел халқының ғана емес, халықаралық сарапшылардың да алаңдаушылығын тудырып отыр. ҚазТАГ еліміздің батысындағы оқиғаларға қатысты қазақстандық саясаттанушылардың пікірін біліп, болжам жасауларын сұрады. Агенттіктің сұрақтарына Орталықазиялық демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиева мен сарапшылар Эдуард Полетаев және Айдос Сарым жауап береді.

 

- ІІМ апта сайын батыс өңірлердегі жағдай тұрақты деп айтады. Алайда, ҰҚТ мүшелерін тұтқындау және өлтіру туралы ақпараттарға қарасақ, халық арасында басқаша пікір түзіліп, полицияға сенімсіздік қалыптаса бастады. Неліктен билік жағдайды жасырып қалуға тырысып отыр?

 

Эдуард Полетаев:

 

- Неліктен дейсіз бе? Жағдайға сын көзбен қарасақ,  мұны «бәрі жақсы» деп айту немесе уақыты келгенше аталған аймақтағы проблемаларды атаудан қашу деуге болады.

Басқа жағынан, шенеуніктердің қалай ойлатынын түсіну керек, бұл көптеген шенеуніктердің карьерасына кері әсер ететіндіктен, олар проблемалар туралы жар салмауды жөн көреді. Бұл, біріншіден. Екіншіден, алға қадам басуды мақсат еткен мемлекеттің өз идеологиясы бар, ал қазақстандық идеология оң мәнге ие. Билік те белгілі бір проблемаларды шамадан артық оқшаулау өзінің имиджіне кері әсер ететінін түсінеді. Бұл қоғамның дамуы тұрғысынан билік үшін тиімсіз.

            Меніңше, еліміздің батысында қалыптасқан жағдайға басты себеп – басқа өңірлер үшін тән емес проблемалардың жиынтығы. Бұл - халықтың әлеуметтік жіктелу деңгейінің жоғарылығы, тар мамандану және жұмыс күшін пайдалану мүмкіндіктерінің шектеулігі.

Сондай-ақ, біз биылғы мерейтойлы жылы қорытынды шығарылып, оң нәтижелер жарияланып жатқанда, биліктің осындай реакциясын ескеруге тиіспіз. Күтпеген жерден лаңкестер шығып қалды … Әрине, олар көзге сүйелдей тиеді. Сондықтан қатаң шешімдер қабылданып жатыр. Бірақ мұны да мемлекеттік саясат тұрғысынан ақтауға болады. Өйткені адамдардың қазасына алып келетін 2-3 жарылыс болса, беделге нұқсан келеді. Ал беделге көп көлемде қаржы салынды емес пе. Бұған Азиаданы, ИЫҰ мен ЕҚЫҰ-ға төрағалықты қосуға болады. Қазақстан үнемі өзін президенттің сөздері, көптеген шенеуніктердің сөзі арқылы көп конфессиялы, этносаралық келісімі бар мемлекет ретінде жариялап келді.

Бұл біз үшін мантрасияқты. Бірақ бұл - сол уақытта қазақстандық идеология негіздерінің бірі, қазақстандық серпілістің негізі. Түрлі конференцияларда да көптеген сарапшылар осыны айтады. Күтпеген жерден - терактілер! Әзірге болған жоқ, әзірге. Бірақ олардың алдын алу үшін жедел әрі батыл қимылдау керек.

 

Толғанай Үмбетәлиева:

 

- Батыс өңір қазір Қазақстандағы «ең ыстық нүкте» болып отыр. Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сәйкес, соңғы 5 жылда бұл аймақта әлеуметтік наразылықтың жоғары деңгейі тіркелген. Енді бұрын көрінген наразылық іс жүзіндегі әрекеттерге ауысты.

Жағдайдың қылмыстану деңгейі бірінші кезекте, әлеуметтік сезінуге, халықтың өмір сүру деңгейіне дағдарыстың әсерімен байланысты. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерінің, коммуналдық қызметтердің бағасы күрт қымбаттап, жұмыссыздық артты, осының бәріне белең алған жемқорлықты қосыңыз.

Дағдарыстың аймақтарға ықпалы бірдей еместігін айта кетейік, сәйкесінше, ел өңірлеріндегі жағдайдың күрделілігі де әр түрлі. Дағдарыстық жағдайларға батыстағылар ауырсына үн қатты. Бұған мұнайшылардың жұмыс берушілермен қақтығысы қосылып, қиын жағдайды өршіте түсті.

Меніңше, жағдайды «жұмсартып көрсетудің» басты себебі биліктің наразылық көңіл-күйдің елдің басқа өңірлеріне ауысуына жол бермеу мақсатында жатыр. Билік елде әлеуметтік және саяси тұрақтылық болғанын қалайды. Қазір проблеманы күш қолдану әдістерімен шешіп, наразылықты билік үшін қаупі аз қылмыстық арнаға «бұру» әрекеттері жасалып жатыр.

 

Айдос Сарым:

 

- Біз өмір сүріп отырған шындық осындай. Үгіт-насихат күш құрылымдарынан озып отыр. Бұл әрине, шынайылық пен телесуреттің арасындағы айырмашылықты үдете түседі. Біз жақында ғана Ақтөбе мен Атыраудан оралдық, көп адамдармен әңгімелесіп көрдік. Жерлестеріміз болып жатқанға алаңдаулы. Оларды ақпараттық алдау, түсініктерді алмастыру әрекеттері мазалайды.

Билік өзінің осындай әрекеттерімен «ақпараттық соғыста» жеңіліп жатқанын атап өту керек. Шынайы және объективті ақпараттың болмауы немесе жетіспеуі көптеген сыбыстарды туындатады, ал сыбыстарды әлемдегі ешбір мемлекет тоқтатып, жеңе алмағаны белгілі.

Экстремистер мен радикалдардың міндеті қорқыныш тудыру болса, олар өз мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізіп отыр. Адамдар балаларын мектептегі жиналысқа жіберуге қорқады, хиджаб киген әйелдерден немесе сақалы бар ер адамдардан қашады. Осы себепті ресми ақпарат көздерінің дискредитациясы үлкен вакуум қалыптастырады, ал ол кеңістікті кез-келген адам қалауы бойынша толтыра алады.

Биліктің өзі ұзақ жылдар бойы әлемнің ақпараттық бейнесін жасап келді, өзі оның басты тұтынушысы, кейін тұтқынына айналды. Ал іс жүзінде біз, азаматтарымыз тұрып жатқан шынайы өмір басқаша. Діни және әлеуметтік негізде болып жатқан теріс процестер жүргізіп отырған саясатының «өнімі» екенін билік мойындағысы келмейді, мойындай алмайды да.

 

- Атыраудан түскен соңғы жаңалықтардың бірі – экстремизм мен терроризмге қатысы бар 20 күдіктінің ұсталуы. Бұл оқиғаға дейін атыспен, шабуылмен тұтқындалғандардың бәрін радикалды ағымдарға жатқызуға бола ма? Өйткені ІІМ олардың қылмыстық әрекеттерін экстремизммен байланыстырмайды.

 

Т.У.- Беретін бағамда құқық қорғау органдарының қарама-қайшы болса да, ресми ақпаратын басшылыққа алайын. Сол мәліметтерге қарасам, мен өлтірілген жас жігіттерді экстремистер деп санамаймын, олардың ҰҚТ-ға мүше болғаны туралы ақпаратқа да күмәнім бар.

Бірінші кезекте, бұл ресми органдардың позициясы мен бағалауларының үнемі өзгеріп отыруына байланысты. Құқық қорғау органдары теледидар арқылы көрсеткен бейнекадрларға қарасақ, бұл жап-жас адамдар, олар дайындықтан өткен содыр-экстремистерге ұқсамайды. Меніңше, «діни экстремистер» немесе «экстремистер» сияқты түсініктерді қолдануға жауапкершілікпен қарау керек сияқты.

 

А.С.-Адамдар өз билігіне қарулы қарсылық көрсетіп, өздерін жарылғышпен жарып жатса, мұны басқаша атау қиын. Бұл қарапайым қылмыстылықтан өзге нәрсе. Ең дұрысы, біріншіден, экстремизмнің бар екенін мойындап, әр нәрсені өз атымен атау, ал екіншіден, қоғаммен ынтымақтасу керек, өйткені экстремизммен күресу үшін күш құрылымдардың көмегі жеткіліксіз.

Экстремизмді қабылдамайтын алаң, өз радикалдары мен экстремистерін саяси-символикалық, мәдени, әлеуметтік алаңнан өзі ығыстыратын қоғам құру қажет. Жағдайдың қауіптілігі қоғамда шынайы саясат үшін, центристік көзқарас үшін кеңістік пен сұраныс тарылып, радикалдық ағымдардың өршіп келетінінде.

 

Э.П.-Біреуді экстремист деп сот қана айта алады. «Экстремизм» түсінігі қазақстандық заңнамада жазылғанымен, нақты емес.

Қазақстан сияқты мемлекет белгілі бір жағдайда үнемі террористер мен экстремистер үшін тартымды болады. Орталық Азия аймағында Қазақстан ең табысты ел. Ал ренжігендерді іздесе, бұл жерден емес, оңтүстік республикалардан іздеу керек.

Қазақстанның аумағы үлкен, адасып кету оңай. Мысалы, билік өкілдері сирек баратын ауылда жасырынуға болады. Ол жақта идеологиялық жұмысты мақсатты түрде жүргізуге болады ғой, өйткені Қазақстан өзін барлық діндерге еркіндік берген ел ретінде жариялады. Кейбіреулер мемлекеттің осындай идеологиялық жомарттығын пайдаланады. Демек қоғамды бұзатын идеяларын насихаттай алады.

 

- Билік елімізде экстремизм жоқ деп отырғанымен, онымен күрес шаралары қабылданып, бас прокуратураның ролі күшейтіліп жатыр. Сондай-ақ, парламенттік сессияның ашылуында президент бірқатар заң актілеріне, соның ішінде,  «Экстремизмге қарсы тұру туралы» заңға түзетулер енгізетін «Дін туралы» заң жобасын жедел түрде әзірлеп, қабылдау қажеттігін айтты. Бұл жерде биліктің әрекеттері де ұйқаспайтын сияқты. Мұндай қадамдарды қалай бағалауға болады?

 

Т.У.- Мұндай «күрделі» позицияға басты себеп – биліктің діни саладағы жағдайға қанық еместігінде, енді ол «кетіп бара жатқан поезды» қуып жетуге тырысып жатыр. Еліміздегі діндарлардың көбейіп кеткені, әсіресе жастардың арасында, соны көрсетеді. Ал билік қазіргі уақытта елімізде қандай исламдық ағымдар жүріп жатқанын, олар нені уағыздайтынын және ол оқулардың мемлекеттің позициясымен қалай үйлесетінін білмейді. Басқаша айтқанда, билік өзіне қандай ағымдар зиянды, қайсысы зиянсыз екенін білмейді.

Мысалы, көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, діндарларды «сенімді» және «сенімсіз» деп бөлу мұсылмандар қауымын жіктеліп, олардың арасында қарсылықтың күшеюіне алып келеді. Діннің маңызы жоғары көптеген елдерде бұл азаматтық соғысқа ұласты. Қазақстандағы жағдай солай дамыса, ақыры не болатыны белгісіз, өйткені еліміздің халқы аралас, мұсылмандар да, христиандар да бар.

Сондықтан, бір жағынан, билік жағдайдың теріс сценарий бойынша дамуына жол бермеуге, халық арасында исламофобияны дамытпауға тырысады деп ойлаймын. Екінші жағынан, жағдайды өз бақылауына алуға тырысады. Сонымен бірге, билік позициясының қарама-қайшылығы оның өзінде діни саладағы проблемаларды шешу бойынша нақты стратегияның жоқтығын көрсетеді.

 

А.С. – Билік проблеманың қауіптілігін жоққа шығара алмайды. Ол кейбір теріс құбылыстарды мойындамаса да, іс жүзінде олармен күресіп жатыр. Ақпаратты, ұйымдастырылған, институциональды түрде. Мені тек биліктің қоғамға иек артпауы таң қалдырады. Соңғы айларда елімізде қаншама оқиға болғанымен, қоғам сыртта қалды. Бірақ кейбір оқиғалардан кейін қоғамның күштерін біріктіріп, радикализмді, терроризмді қабылдамау туралы жариялау керек еді. Көптеген елдерде, соның ішінде саясаттағы радикализм туралы ұмытып кеткен елдерде де, әрбір осындай оқиға қоғамды жұмылдыру үшін алаң жасайды.

 

Э.П. – Бұл үйлеспеушілік басшылықтың өзін табысты деп есептейтінін әдетке айналдырғанынан. Жеңістің әкелері көп, жеңіліс қана жетім. Сосын дағдарыспен болғандай, жарты жыл бойы бізде дағдарыс жоқ деп, кенеттен мойындады емес пе, солай болмаса болды.

Іс жүзінде бізде экстремизммен және терроризммен күрес туралы заңдар бар, терроризм туралы заңның қабылданғанына 10 жылдан асты. Бұл - Ташкенттегі, 2001 жылы Ауғанстанда болған терактілерден кейін бұл құбылыспен превентивті күрес шаралары. Осының бәрі біздің өңірдің сезінуіне әсер етіп, билік алдын алуға тырысып, заңнамалық қорғаныс жасады. Бұл – заңды реакция. Мүлдем әрекет етпесе, күш құрылымдары күшейтілмесе, жаман болатын еді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия тыныш емес аймақта орналасқанын, терроризм мен экстремизм бізде жоқ, бірақ болуы мүмкін екенін айтып келді. Ең бастысы – жол бермеу.

Белгілі бір алаңдаушылық бар. Мұны оқиғалардан кейін интернетке жазылатын комментарийлерден көруге болады. Бірақ қоғамның алаңдаушылығы дағдарысты деңгейге жеткен жоқ. Билік пен күш құрылымдары неғұрлым жедел әрекет етсе, соғұрлым қоғамның тыныштығы үшін жақсы болады.

Ақтөбе облысында бұрын да терроризмге қатысы бар деп айыптап, адамдарды ұзақ мерзімдерге соттағанын айту керек. Бұл туралы көбі білмейді, өйткені интернет арқылы да, газеттер арқылы да жарияланған жоқ. Ол өңірде бұрын да превентивті жұмыс жүргізілгенін мойындау керек.

 

- Мұнайшылардың ереуілін, ҰҚТ мүшелерін тұтқындау оқиғаларын ескерсек, батыс өңірлердегі әлеуметтік жағдайдың күрделенуі неге алып келуі мүмкін?

 

Т.У.- Жағдай екі жолмен дамиды деп болжауға болады. Біріншісі – егер билік мұнайшылармен қақтығысты шешсе, онда бұл «төңкерістік» көңіл-күй басылуы мүмкін. Екіншісі – егер билік қазіргідей мұнайшылардың талаптары заңсыз және негізсіз дегенінен таймаса, мұнайшыларды қолдау белгісі ретінде тізбекті реакция жүруі әбден мүмкін.

Меніңше, билік салдарын жақсы түсініп отыр, бірақ билік ең басында асығыстықпен жариялаған позициясынан тайғысы келмейді. Қазір ереуілге шыққандармен келіссөзге бару - өз позицияңды қате деп мойындаумен бірдей. Олардың пікірінше, бұл басқа саяси субъектілердің, бірінші кезекте, оппонентерінің алдында олардың күші мен қуатын азайтады.

 

Э.П.- Бұл жерде бірнеше жолы болуы мүмкін. Мен жағдайдың дамуына және сарапшылардың берген бағаларына қарап отырмын. Кеңестердің бәрі бірдей дұрыс емес. Билік ымыраға бармай, жұмыскерлердің кәсіподақтарымен келіспей, жұмыс берушілердің жетегінде кетті деп есептейтіндер көп.  Осының салдарынан жұмыскерлер ақырына дейін тұруға мәжбүр.

Басқалары бұл жалғыз жол дейді, өйткені бұрынғы жылдары жол беріп келген мемлекетке де, жұмыс берушілерге де қазір бұл тиімсіз.

Осының бәрі белгілі бір тұрақсыз қоғамдық-саяси деңгейде болып жатқанын түсіну керек. Билік аштық жариялап, ереуілге шыққандарды сумен атып, қару қолданып, қуып-таратып жатқан жоқ қой. Мүмкін ереуілге шыққандардың өзі шаршап, тыныштанады деген ой да бар шығар.

Адамдар тарап, Қазақстанның батысында ондай оқиғалар болмағанның өзінде, билік алдағы уақытта ондайға жол бермеуге тырысады.

Қылмыстылыққа келсек, ол болады. Оның түрлері ғана әр түрлі. Мұны діннің атын жамылып жасаған тиімді болса, діннің атын пайдаланатын қылмыскерлер шығады. Бұл тағамның дәмдегіші әр түрлі болуы мүмкін. Мемлекеттің міндеті оның әсерін барынша азайтып, оған тиімді қарсы тұру.

Бақылаудың барлық тетіктері бірдей жұмыс істемейді. Яғни, жемқорлықтың кесірінен қылмыстық заңнаманы ізгілендіру тетіктері қылмыстың белең алуына алып келеді, қылмыскерлер ақша болса, келісуге болады деп ойлайды. Сондықтан мемлекеттен қорықпайды. Бұл тұрғыдан қарасақ, қазір мораторий жарияланған ауыр қылмыстар үшін, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені үшін өлім жазасын енгізген дұрысырақ болатын да шығар. Экстремизм мен терроризм адамдарға қауіп төндіреді ғой.

Теоретикалық негізде бұл қуатты шара болады, өйткені көптеген топтар трансұлттық болып келеді. Өлім жазасы бар Белоруссияның өзінде қылмыстылық деңгейі төмен, ал елдің беделіне нұқсан келген жоқ. Өйткені қылмыстық элементтер рақымшылық жасалмайтынын біліп, абайлап әрекет етеді. Бізде де бұл бағытта қозғалыс болады деп ойлаймын.

 

- Билік нені байқамай қалды, жағдайды өзгерту үшін не істеу керек? Саяси және әлеуметтік тұрғыда қауіптерге қандай баға бере аласыз?

 

А.С.- Жағдай оңай емес. Алдағы өзгерістердің қандай болатыны, олардың бағытын ешкім болжай алмайды. Мысалы, Жаңаөзендегі оқиғаларды алайықшы. Меніңше, олар жергілікті көлемдегі оқиғалар болудан қалған. Әлеуметтік қақтығыстан саяси, республикалық проблемаға айналды. Жинақталып қалған проблемаларды шешіп, азаматтардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мұнай компанияларында да, жергілікті билікте де ресурс та, саяси ерік те жоқ. Адамдардың талаптарына назар аудармау проблематикамен бәрі айналыса бастайтын жағдайға алып келеді. Проблемамен күш құрылымдары айналыса бастайды, ал бұл ешқашан оң шешімдерге алып келмегені белгілі. Саясатпен халықтың сеніміне ие адамдар айналысуға тиіс. Әйтпесе, «аурулар» ішке кетіп, біраздан кейін қоғамды іштен жей бастайды.

 

Т.У. – Билік дағдарыстың әлеуметтік әсеріне және елдегі жалпы жағдайға қанық емес. Ол бәрі жақсы деген сыңай танытады. Бірақ қазіргі кезде елдегі жағдай қиын, дағдарыстың салдары айқын көрініп жатыр. Мұның алғашқы белгісі еліміздің бюджет құраушы өңіріндегі жағдайдың нашарлауы болды.

Бұл ел басшылығы дағдарысты еңсердік, жаманы артта қалды дегенде болды. Алайда резонанстық оқиғаларға толы жаз мүлдем басқаны көрсетті. Оқиғаларды сырттай ештеңе байланыстырмаса да, олар - бір тізбектің буындары.

Жағдайдың нашарлауына басты себеп – елді басқарып отырған элитаның саяси және экономикалық ресурстарды монополизациялап алуы, жемқорлықтың белең алуы, ал биліктің әрекеттері оқиғалардың мұндай бағытта дамуына дайын болмағандай сезім қалдырады.

Біріншіден, меніңше, аймақтардағы саяси және әлеуметтік дағдарыстарға үн қату тетіктерін жасайтын уақыт келді. Аймақтардағы билік Ақордаға жалтақтамай, өз проблемаларын шеше алмайды.

Екіншіден, билік пен қоғамның теке-тіресін болжауға болмайтынын айту керек. Биліктің реакциясы оның қоғамдық және саяси топтармен тиімді диалог орната алмайтынын көрсетті. Қазір «наразылардың» саны артып келеді. Ол әр түрлі көрініс табуда. Бұған мұнайшылардың наразылық акцияларын, оппозицияның акцияларын, діни және қылмыстық құрылымдардың әрекеттерін жатқызуға болады. Пассивкөпшіліктің белсенділігі біртіндеп артып келеді.

 

Э.П. – Биліктің соңғы 10 жылдағы басты міндеті - әлеуметтік проблемаларды шешу. Осы себепті мен кадрлық әлеует тұрғысында қазақстандық мазмұн артады деп ойлаймын. Алдағы уақытта жұмысқа жергілікті кадрларды қабылдау, шетелдік мамандарды әкелуді шектеу ынталандырылатын болады.

Басты мақсат – ымыраға қол жеткізу үшін процесті саяси қасиетінен арылту. Мұнайшылардың талаптары саясаттандырылса, билік ымыраға бармайды. Екіншісі: билік жасайтын қорытынды әлеуметтік салаға көбірек назар аударуға мүмкіндік береді.

Менің еліміздегі жағдайға қысқа мерзімді болжамым оң. Біріншіден, ресми Астанаға қиындықтар керек емес. 16 желтоқсанға дейін, бұл жылды табысты аяқтау керек. Екіншіден, жергілікті жерлердегі атқарушы билік барынша сақ болады. Мемлекеттік құрылымдарда да бірқатар кадрлық тағайындаулар болғандықтан, олар да мұқият болады. Діни тақырыпқа назар аударылып отыр: салалық агенттік құрылды, мешіттерді қайта тіркеу туралы айтылып жатыр. Енді мемлеке діни салада болып жатқанның бәріне оң қарайды.

Қазір дәстүрлі конфессияларға қолдау көрсетіліп, дәстүрлі еместерге сенімсіздік болады. Билік мұқият бақылайтындықтан, эмиссарларға адамдардың жүректеріне деструктивті идеялармен ену, тыйым салынған әдебиеттер мен қаруды алып өту де қиынға соғады.


adimage