Дінтанушы Есбосын СМАҒҰЛОВ: ҚАЗАҚСТАН ЖАЛҒАН ДІН ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ЭКСПОРТТАЙ БАСТАДЫ

 

Астана. 17 қазан. ҚазТАГ - Анастасия Прилепская. Мемлекет басшысы сәрсенбі күні «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға және ілеспе түзетулерге қол қойды. Бұл құжат қоғамда әр түрлі реакция тудырды. Соның ішінде, Қазақстанда қызмет ететін діни бірлестіктерді міндетті түрде қайта тіркеу туралы нормалар қызу пікірталасқа себеп болды. Заңға қарсылық танытқан азаматтар ол құжат діни наным-сенім бостандығын шектейді деп есептейді. Жаңа заңнан шығатын нәтиже қандай болуы мүмкін? ҚазТАГ осы сұрақпен құжатқа заң жобасы кезеңінде сараптама жасаған сарапшы, Астанадағы Дін проблемаларын зерттеу және психологиялық оңалту орталығының басшысы Есбосын СМАҒҰЛОВТЫ сұхбатқа тартты. 

- Есбосын Меркешұлы, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы, басқа да құқық қорғаушы ұйымдар бұл заңның жобасын талқылау кезінде теріс баға берген. Атап айтқанда, діни бірлестіктерді міндетті түрде тіркеу нормасына байланысты. Бұл туралы не дейсіз?

 - Діни бірлестіктердің басым бөлігі үшін осы заң қабылдағаннан кейін қайта тіркеуден өту қиынға соқпас деп ойлаймын. 20 жыл өтті, 50 мүше жинауға (жаңа заң бойынша діни бірлестікті тіркеу үшін қажет ұстанушылардың ең аз саны - ҚазТАГ) болады. Қиындықтарға тап болатын шіркеу табылады деп ойламаймын. Батыста, Еуропада қызмет ете жүріп, қиындықтарға тап болатын, «діни азшылық» деп аталатын ұйымдардың өзі бізде оп-оңай қайта тіркеуден өтеді.

Бірақ жаңа заң конфессияларды ретке келтіреді. Жасанды құрылған кейбір ұйымдар жойылады. Мысалы, бір құрылтайшылар ел аймақтарын аралап, түрлі елді мекендерде бірлестіктер құрған. Мен облыстар бойынша мәліметтер базасын қарадым, онда әр түрлі аймақтардағы бірлестіктердің құрылтайшылары немесе басшылары ретінде бір адам тіркелген діни ұйымдар бар. Олар не үшін құрылды? Меніңше, бұл алдағы жұмыс үшін база, алаң құру үшін жасалды. Сонда, айрықша маркетинг түрінде діни бірлестіктер құрылған, ондай дінді ұстанушылар жоқ, бір де бір этнос ол дінді ұстанбайды. Олар жай кеңселер ашқан.

Сондай-ақ, қазір жұмыс істемейтін бірлестіктер де көп. Мысалы, пасторы бірнеше жыл бұрын қайтыс болса да, қауым қазір қызмет етіп жүр деп саналады.

Тізімдерді жаңартып, бүгінгі шындыққа сәйкестендіру керек. Мен бұдан қастандық көріп отырған жоқпын. Мұндай әрекеттер басқа елдерде де жүргізіледі. 

- Бұл нормаға және діни бірлестіктерді ізбасарларының саны бойынша дифференциалдау туралы нормаға қарсы шыққандар бұл Қазақстандағы діни наным-санім бостандығын шектейді деп есептейді. Солай ма?

- Ондай түк те жоқ, діни бірлестіктерді ізбасарларының саны бойынша ғана емес, діни оқуы, бір халықтың мәдениетіне, тарихына, рухани өміріне қосқан үлесі бойынша дифференциалдау Батыс Еуропада да бар.

Мысалы, Ұлыбританияда мемлекеттік дін - англикандық шіркеу. Басшысы -королева. Норвегияда король шіркеуі - лютерандық шіркеу бар. Үкімет мүшелерінің бәрі дерлік, депутаттардың басым бөлігі соған жатады, Мемлекеттік статусы бар бұл шіркеулердің белгілі бір артықшылықтары бар. Олардың діни ғимараттарын ашуда, өз пәндерін мектептерде немесе ЖОО-ларда оқытуда мүмкіндіктері көбірек. Олар әлеуметтік өмірге белсенді араласып, саясатқа ықпал ете алады.

Мемлекеттік шіркеулердің статусы жоқ елдерде бірнеше конфессия бөліп көрсетіледі. Мысалы, Германияда 5-6 шіркеу мемлекетпен келісімге отырған. Бұл евангелиелік шіркеулер - лютерандар, католиктер, православиеліктер және иудейлер, - олардың бұл елде бағзы замандардан келе жатқаны ескеріледі.

Сондай-ақ, Германияда шіркеу салығы бар, оны дінге сенетіндердің бәрі төлейді. Бұл салық мемлекет таныған шіркеулерге үлестіріледі. Яғни, егер салықты Кришна санасы қоғамының өкілі төлесе де, оның төлеген салығы мойындалған шіркеулерге беріледі.           

- Демек, Еуропада ЕҚЫҰ жариялаған діни бостандық қағидалары сақталмайды? 

- Бұл қағидалар – абстрактілі, абсолютті бостандық пен абсолютті теңдік еш жерде жоқ, ЕҚЫҰ-да да, әлемнің еш жерінде де. Бұл қағидалар сақталған жалғыз жер - КСРО-ның кеңестік атеизм заманы. Ол кезде шынымен де теңдік болды: шіркеулердің бәрі мемлекеттен бөлініп, бәріне тыйым салынды.

ЕҚЫҰ жариялаған діни бостандық қағидалары абстрактілі, мінсіздендірілген либералдық модельге негізделген. Бұл - утопия. Бұл - ұмтылатын мақсат. Ал іс жүзінде ЕҚЫҰ өкілдерінің өзі бұл қағидалар сақталатын елді атап көрсін.

Қазір Еуропаның кез-келген мемлекетінде діндер теңсіздігі бар. Грекияда православиелік мемлекеттік шіркеу бар. Францияда министрлікаралық комитеттің деңгейінде секталарға қарсы күшті бөлімше бар. Ол жақта билік дәстүрлі деп таныған діндерге жатпайтындардың бәрі секта саналады.

Германияда ұлттық қауіпсіздік органдарында белгілі бір дін өкілдерін, соның ішінде сайентологтарды, жұмысқа қабылдауға болмайтын циркуляр шығаратын бөлімше бар.

Өзін зайырлы мемлекет деп жариялаған Италияның Конституциясында католик шіркеуінің ерекше ролі жазылған. Шіркеулер католик және басқа түрлерге бөлінеді.

«Мақтаған» демократияларда мұсылмандарға мешіттер немесе күмбездер салуға тыйым салынған. Мысалы, Швейцарияда, Германияда, Дания мен Норвегияда. 

 - Сонда сіз Қазақстан діни бостандық жолында ЕҚЫҰ-дан да алысқа кетті дегіңіз келіп отыр ма?

- Иә, бостандық бойынша біз ЕҚЫҰ кеңістігінде декларацияланғаннан да алыс кеттік. Біз оларға қарағанда либералды және ашықпыз … 

- Бірақ теріс нәтиже шыққан жоқ па?

- Бізде шынымен де түрлі діндер өте көп. Тарихы, мәдениеті бай, халықтың тарихымен байланысы бар діндер бар. Немесе елімізде соңғы 10-20 жылда пайда болған, бұрын ешқашан болмаған конфессиялар бар. Іс жүзінде олар Батыс үшін де жаңа құбылыс саналады, оларды жаңа діни қозғалыстар - ЖДҚ деп атайды. Сыртқы қаптамасы ғана діни сипатта болып келетін кейбір ілімдер де бар.

Қазір діннің атын жамылған оккультизм, түрлі жалған діни курстар көп. 90-шы жылдары Қазақстанда бір топ Шайтан шіркеуін ұйымдастырып, ресми түрде тіркемек болған.  

Осындай «конфессиялардан» сақтану үшін жаңа заңда дінтанушылық сараптама қарастырылды, соның ішінде діни оқуын, жарғысын, әдебиеті мен материалдарын зерттеу де бар.

Кейбір БАҚ мойынға тағатын кресттерге де сараптама жасайды деп кекетіп жатыр. Жоқ. Бұл жерде қазір елімізге ақпарат кітап түрінде ғана емес, дискілер, жады құрылғылары, буклеттер, басқа да материалдар түрінде әкелінетіні туралы айтылып отыр. Соншалықты артық кетудің қажеті жоқ, діни киімдерді ешкім де зерттемейді.

Қалай болғанда да, бұл белгілі бір ғалымның, теологтың сараптамасы болады, ал оның негізінде шешімді мемлекеттік органдар қабылдайды.

 

- Тағы бір даулы мәселе, Қазақстанда ислам мен православияге ерекше мән беріледі деген пікір төңірегінде туындап отыр. Олардың басқа діндердің алдында артықшылығы бар ма және ол неге негізделуі мүмкін?

 

- Бізде, халық санағы мен сауалнама нәтижесі көрсеткендей, халықтың  70%-нан астамы өздерін мұсылманбыз, 25-26% - православтық христианбыз деп, және 1-2% - өздерін католиктер және протестанттарға жатқызған. Буддизм мен иудаизмнің аздаған өкілдері бар. Еліміздің халқының басым көпшілігі өздерін дінге сенеміз деп санайды. Және дінге сенетіндердің басым бөлігі ислам және православиені ұстанады. Олар статистика негізінде, сондай-ақ олардың мәденитеке және ел тарихына қатыстылығы тұрғысынан бөлінген. Көбі елдің діндарлығы туралы пікір таластырады. Олар шын мәнісінде Қазақстанда дінге сенетіндер 15-30%  деп айтады. Бірақ адамдардың  діндарлығы олардың  табынушылық жоралғыларды орындауларымен бірдей деп қарастырмау керек. Әрине, барлығы бірдей жұма күні мешітке, немесе, жексенбі сайын шіркеуге бармайды. Барлығы бірдей бес мезгіл намазын оқып, ораза тұтып жүрген жоқ. Егер ол Пасха мен Рождествода ғана храмға келсе, ешкім де оны шіркеуден қуып жатқан жоқ қой. Радикалдық ағымдағылардан да асып түсу қажет емес. 

- Айтпақшы, қазақстандық дінге деген төзімділікті пайдаланып адам санасы үшін соғысып жатқан радикалдық, деструктивтік және басқа да діни ағымдар туралы айтсақ. Сіздіңше, олармен қалайша соғысуға болады және ол соғыста жеңіске жету мүмкін ба? 

Егер қоғам сау болса, онда ол маргиналдық көріністерді мейлінше аз көрсетеді. Бірақ біздің қоғам – транзиттік, өтпелі қоғам және ол толығымен сау бола алмайды. Ол әлі өзін іздеуде, әрине, баз біреулер дұрыс жол тауып, ал біреулер, бәлкім, қателесетін де шығар.

Секталар, қозғалыстар мен ағымдар әр кезеңде, әр елдерде де пайда болған. Кеңестер дәуірінде де, атистік қатаң саясат болғанда да елде секталар болды. Қазір біз тәртіп орнатамыз, және деструктивті секталар, оккультизм мен адамдарды психикалық ауытқуларға, немесе аномалияларға дейін апаратындар жойылады деп ойлау - утопизм. Жоқ. Бірақ бізде сонымен күресерлік база болады. Мемлекет, әйтеуір, дін саласындағы бақылаусыз жағдай салдары туралы ойланды. Оңтүстік Кореядағы әйгілі мысал бар. 50-60 жыл бұрын бұл елде дәстүрлі будистік қоғам болатын. Кей жерлерде жергілікті табынулар мен конфуция ілімінің ықпалы сақталған. Қазір халықтың 60%-дан астамы христиандық, протестанттық дінде. Бұл ретте ол шіркеулер бізге де келе жатыр. Мысалы, Грейс шіркеуі. Кореяда елдің рухани коды өзгерді. Ұлт рухани жағынан бөлшектенді. Және қазір ондағы қоғам бұрынғыға қарағанда басқа құндылықтар әлемінде өмір сүреді. Шынын айтсақ, бұл басқа мемлекет. Яғни, кез келген өркениеттің негізінде дін жатады. Біз исламдық, христиандық, будисттік өркениет туралы айтамыз. Және бұл таңдау саясатқа да, экономикаға да, қоғам мен металитетке де ықпал етеді.

 - Бірақ деструктивтік секталар мен ағымдардың дамуына не көмектеседі?

- Псевдодіндердің көркейетін ортасы - идеологиялық және діни сауатсыздық. Шынын айтсақ, көптеген адамдар өздерін мұсылман немесе христианбыз деп таза атау үшін атайды ғой, себебі олардың ата-аналары сол дінге сенген. Бұл ретте олар сенім принциптері мен табыну талаптарын терең біле де бермейді. Сондықтан кез келген «дін қызметшісімін», «священник» дегенге сене салады, себебі олар Құран мен Інжілді біледі, ал бұлар болса – білмейді.

Оған қоса, бізде әр түрлі емшілдік деген дамыған, әдетте, олар псевдодіни болып келеді. Ол емшілер сауықтырамыз деп уәде етеді, ал адамдар аңқаулығынан немесе өмірлік нақты ұстанымдарының жоқтығынан мұның қарапайым алдаушылық екенін түсінбейді. Оған қоса, жарнаманың, психологиялық дуалаудың танымал әдістері қолданылады, ол айдан анық, ондайлар болған және бола да бермек. «Діни қауымның мүшесіне» бүкіл әлемді, жұмақтың рахатын уәде етеді, ал шын мәнісінде олар онда қалған қаражаты мен денсаулығын жоғалтып шығады. Қазір әртүрлі псевдоғылыми академиялар толып жатыр және оларды кімдер басқаратыны белгісіз. Және бұл академиялар халықаралық деңгейде жұмыс істеп, қандай да халық емшілерін қолдайды, оның ішінде қандай да қазақстандық бақсыларды да. Біз қазір псевдорухани қайраткерлерді экспорттап та жатырмыз. Қазақстанда экспорттық бағытқа бейімделген секталар да бар. Мысалы, өзін дәріушпін деп жариялаған Үңгіртас кентінде емші бар. Ол пациенттерін емдеу және қандай да энергетикалық арналарын ашу үшін таяқпен сабалап, қой терісіне орап, басына темір шелек кигізеді екен. Қойды бауыздап, адамға соның жылы қанын құяды екен. 

Мұның шарлатандық екені айдан анық, бірақ, бәрібір адамдар сонда қала береді. Себебі адамдар әр кез қандай да кереметке сенгісі келіп тұрады. Басқа бір мысал: Алля Аят діни-емшілік ағымы. Оның бөлімшесі Ресей мен Балтық жағалауында да бар. Оған Еуропадан үлкен қызығушылық бар. Бұл бізге сырттан емес,өзімізден шығып, сыртқа кеткен алғашқы ұйымдардың бірі. Екіншісі – псевдоисламдық Ата Жол деп аталады. Оның да филиалдары Ресейде, Башқұртстанда  пайда болды. 

- Сіз өркениеттік таңдау саясатқа да, экономикаға да, қоғамға да ықпал етеді дедіңіз. Ал біз қандай өркениетпіз?

- Біз, жоғарыда атап көрсеткенімдей, өтпелі, кеңестік және посткеңестік арасындағы қоғамбыз. Бізде өзін-өзі тану проблемасы өте өзекті. Қазақстанды Еуразиялық өркениет деп те, түркілік деп те атайды. Баз біреулер әлі коммунизмде өмір сүріп жатса, баз біреулер бізді исламдық өркениет деп таниды. Бірақ біз ақтық таңдау жасалды және оны халық таңдады деп айта алмаймыз.

Транзиттік күй рухани вакуумды күшейте түседі, ізденуге итермелейді және осы жерде көптеген векторлар жан-жаққа тартқылайды.

Және жаңа заң да осы өркениетке қатысты сауалға жауап бермейді. Бұл таңдауды қоғам жасауы тиіс. Біздің өзіміз қайда баратынымызды, қандай құндылықтарға ұмтылатынымызды анықтауымыз керек.

 

- Сұхбатыңызға рахмет.


adimage