«Директордың емес, әкімшіліктің кемшілігі», Оралдағы жағдай күрделі - ТЖД және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 22 сәуір. ҚазТАГ - «Директордың емес, әкімшіліктің кемшілігі», Оралдағы жағдай күрделі – ТЖД және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Оған сендер кінәлісіңдер»
Әнші Нұрлан Албан ер-жігіттерге үндеу жасады, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Ол қазақ жігіттеріне қыз-келіншектерге қорған болып, оларды сыйлау керектігін жеткізді.
«Бір қазақтың қызы мұңайса, оған кінәлі - сендерсіңдер. Қазақ қызының көзінен себепсіз бір тамшы жас та ақпау керек. Сондықтан жігіттер қазақ қыздары - біздің көзіміздің қарашығы. Ұлтымыздың тұнығы, қыз деген кие, қыз деген періште. Қыздардың бір қиналғанын, налығанын, мұңайған жанарын көрмеуіміз керек. Бұл осындағы жігіттерге қаратып айтылған сөз. Сол себепті қазақ жігіттері бірде-бір қазақ қызының назына қалмау керек», - деп сөйлеп жатқан Нұрлан Албанның видеосы әлеуметтік желіде тараған.
«Бишімбаев ісі: алқабилерді көрсетіп жіберген телеарна қалай жазаланды?»
Сюжетте алқабилерді көрсетіп жіберген телеарна қалай жазаланғаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еске сала кетсек, КТК телеарнасы алқабилерді көрсетуге тыйым салынса да, оларды сюжетте көрсетіп жіберген. Судья БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып тастаған болатын.
Бишімбаевтың ісінде судья Айжан Құлбаева журналистерді, оның ішінде, КТК телеарнасының тілшілерін сот залына кіргізу жөнінде шешім қабылдаған.
«Оралдағы жағдай күрделі – ТЖД»
Мамандар Орал қаласы қауіпсіз аймақта екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Қазіргі таңда жағдай күрделі. Себебі Жайықта су деңгейінің көтерілуі әлі байқалып отыр. Су деңгейі әлі 9,5м дейін көтерілуі мүмкін», - деді Батыс Қазақстан облысы ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш.
Оның айтуынша, министрдің тапсырмасымен облысқа келген қосымша күш Орал бойынша төрт ауданға жұмылдырылған.
«Директордың емес, әкімшіліктің кемшілігі»
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектепке салынатын айыппұлдың негізсіз екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Оның айтуынша, бүгінде мектеп, аурухана, балабақша, колледж сияқты мекемелердің директорларына жүз мыңдаған айыппұл салу проблемасы көбейіп барады.
«Кейін сол 500-600 мың айыппұлды директор қалай және кімнен жинайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Мектеп директорларын мектептің үш ауысымды болғаны үшін немесе құрал-жабдықтары мен лабораториялары жеткілікті деңгейде болмағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүрлеу әділетсіз. Өйткені, егер мектеп үш ауысымды болса, бұл директордың кінәсі емес, әкімшіліктің кемшілігі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан мектептердің жеткіліксіз қаржыландырылуы да осы мәселелерге әкеледі», - дейді депутат.
«Су тасқыны кезінде өлген мал үшін өтемақы төлене бастады»
Су тасқыны салдарынан өлген 165 бас мал үшін Т25 млн өтемақы төленді, деп хабарлайды El.kz.
El.kz тілшісінің айтуынша, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай кешегі күннен бастап мал иелеріне өтемақы төлеу басталғанын хабарлады.

Фото көзі: ©КазТАГ


adimage