ҚДКҚ жеке тұлғалардың салымдары бойынша 2019 жылдың 3 тоқсанына шекті мөлшерлемелерді бекітті

Күні: 17:39, 04-06-2019.

Астана. 4 маусым. ҚазТАГ - ҚДКҚ жеке тұлғалардың салымдары бойынша 2019 жылдың 3 тоқсанына шекті мөлшерлемелерді бекітті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«ҚДКҚ жеке тұлғалардың салымдары бойынша 2019 жылдың 3 тоқсанына шекті мөлшерлемелерді бекітті. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап теңгедегі мерзімcіз депозиттер бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі 9,8%-ды құрайды. Мерзімді және жинақ депозиттер бойынша мөлшерлемелер ағымдағы деңгейде қалады: 10,5%-дан 12,5%-ға дейін – мерзімді, 11,5%-дан 13,5%-ға дейін – жинақ депозиттер», - делінген сейсенбіде ҚДКҚ сайтында жарияланған хабарда.
Қорда аталмыш шешімнің қандай себептермен негізделгенін түсіндіре кетті.
«ҚДКҚ-ның осы шешімі келесі себептерге негізделген.
Мерзімсіз салымдар. Өткен жылғы қазан айындағы теңге салымдарының жаңа классификациясын енгізген сәттен бастап мерзімсіз салымдар максималды мөлшерлемеден төмен мөлшерлеме бойынша тартылуда – орташа өлшемді нарықтық мөлшерлеме 10,5% шекті мөлшерлеме кезінде 9,4-9,8% диапазонында өзгеріп отырды. Бұл нарықтық мөлшерлеме артынан барынша жоғары мөлшерлемені біртіндеп төмендету мүмкіндігін көрсетеді. Мөлшерлеменің 9,8% деңгейге дейін төмендеуін банктер де қолдап отыр, өйткені тұрақсыз қорландыру құны біртіндеп төмендеуі тиіс», - деп түсіндірді ҚДКҚ-ден.
Сонымен қатар себептердің бірі мерзімді салымдар болып табылады.
«Мерзімді салымдар бойынша нарықтық мөлшерлемелер де шекті мәндерден төмен. Алайда, мерзімді салымдар бойынша өтімсіздігі үшін сыйлықақы қарастырылуы тиіс екендігін ескере отырып, яғни мерзімінен бұрын алған кезде айыппұл санкциялары қолданылатындығын, олар бойынша ағымдағы шекті мөлшерлемелерді сақтау туралы шешім қабылданды», - деп атап өтті қордан.
Сондай-ақ, жинақ салымдар да себептердің бірі болып табылады.
«Жинақ салымдары 15 банктің портфелінде бар, олар бойынша шекті деңгейде мөлшерлемелер ұсынылуда. Бұл жинақ салымдары бойынша қолданыстағы ең жоғары мөлшерлемелерді сақтаудың орындылығын көрсетеді. Банктердің ойынша, қолданыстағы мөлшерлемелер ағымдағы нарықтық жағдайларда әлі де өзекті және салымшыларға қаражатты мерзімінен бұрын алуға қойылатын жоғары талаптардың орнына жеткілікті кірістілікті қамтамасыз етеді. Естеріңізге сала кетейік, жинақ салымын мерзімінен бұрын алу алдын ала 30 күндік хабарлама бойынша жүргізіледі және пайыздық сыйақыны жоғалтуға алып келуі мүмкін. Банктерде тұрақты және бірқалыпты қорландыруды біртіндеп қалыптастыратын осы салымдар нарығын одан әрі дамыту үшін шекті мөлшерлемелердің ағымдағы мәндері алдағы тоқсанға сақталады», - деп атап өтті ҚДКҚ-нен.
Шетел валютасындағы салымдар да себептердің бірі болып табылады.
«Сәуір айында ҚДКҚ 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілген валюталық салымдар бойынша шекті мөлшерлемелерді, оның ішінде мерзімді және жинақ салымдары бойынша шекті мөлшерлемені 12 ай және одан да көп мерзімге 2%-ға дейін арттыруды бекітті. Осыған байланысты 2019 жылдың 3 тоқсанына шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады», - деді қордан.
Оған қоса салымшылардың назарын ҚДКҚ жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің ең жоғары мөлшерін ғана белгілейтініне аударды. Бұл ретте банктер өздері ұсынған өнімдер бойынша сыйақының нақты мөлшерін дербес белгілеуге құқылы.


Жаңалықтармен бөлісу: