Досаев Түрксіб ауданындағы электр желілерінің жоғары апаттылығына назар аударды

Күні: 15:57, 30-06-2022.

Алматы. 30 маусым. ҚазТАГ – Алматы әкімі Ерболат Досаев «Қайрат», «Әлмерек» және «Нұршашқан» ықшамаудандарындағы электр желілерінің жоғары апаттылығына назар аударды.
«Бүгінгі таңда электржабдықтары желісінің тозығы (Түрксіб ауданында –ҚазТАГ) 70% құрап отыр, бұл желінің жиі үзілуіне, тоқтың ажыратылуына және кернеудің секіруіне алып келеді. Әсіресе «Қайрат», «Әлмерек», «Нұршашқан» ықшамаудандарында апаттық деңгей жоғары болып отыр. Олардың желілері Талғар АЭС-ке жалғанған, оның қашықтығы да электр энергиясын тұрақты беруге өз әсерін тигізеді», - деді Досаев Алматының Талғар ауданы тұрғындарымен кездесуде.
Оның айтуынша, мәселені шешу үшін «Тұздыбастау» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатыр, оның аяқталу мерзімі – 2022 жылдың желтоқсаны.
«Сондай-ақ 2022 жылдың аяғында «Шуақты» ықшамауданындағы электр желісі де жаңартылатын болады және жалпы қашықтығы 21,1 км. құрайтын ауданның 26 локациясы бойынша желілерді қайта жөндеу аяқталған. Бұдан басқа, шілдеде «Нұршашқан», «Қайрат» және «Әлмерек» ықшамаудандарында жұмыстар басталады, оның ішінде «Нұршашқан» ықшамауданы бойынша жаңарту жұмыстары 2023 жылдың маусымында, «Қайрат» және «Әлмерек» ықшамаудандары бойынша 2023 жылдың желтоқсанында жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған», - деді әкім.


Жаңалықтармен бөлісу: