Еңбек министрлігі Қазақстанда фрилансерлердің зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін түсіндірді

Күні: 15:33, 04-01-2019.

Астана. 4 қаңтар. ҚазТАГ – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда фрилансерлердің зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін түсіндірді.
«Қабылданған заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыру үшін 2019 жылдың бірінші тоқсанында тиісті Ережелерге өзгерістер енгізілетін болады. Өзгерістер қабылданған сәттен бастап, жалдамалы жұмысшы ретінде қос қызметте жүрген азаматтар (яғни жеке еңбек келісім-шартын жасау аясында) және азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша жұмыс істеп жүргендер немесе қызмет көрсетіп жүргендер, табыс көзінен міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Еңбек министрлігі нақтылағандай, азаматтық-құқықтық негізде келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар үшін міндетті зейнетақы жарнасын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлік және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар төлейтін болады.
«Олар салық агенті ретінде «фрилансерлер» үшін жеке табыс салығын есептеп, төлейтін болады. Сондай-ақ азаматтық-құқықтық келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жатқандар, жеке тұлғалармен келісімге отырған жеке тұлғалардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу құқы сақталады. Олар өз бетінше де міндетті зейнетақы жарнасын төлей алады», - деді ведомстводан.
Еске салсақ, 2018 жылдың 27 желтоқсанында ҚР «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Түзетулер 1 қаңтардан бастап күшіне енді.


Жаңалықтармен бөлісу: