Астана. 29 мамыр. ҚазТАГ - ЕАЭО өнеркәсіптік саясаты бойынша кеңес құрылды, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«ЕАЭО өнеркәсіптік саясаты бойынша кеңес құрылды. Бұл шешім Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында қабылданды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, кеңестің құрылуы мен жұмысы өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу болғандықтан, мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Оның ішінде қосылған құнның жаңа тізбектері негізінде бәсекеге қабілетті өнім өндірісін құру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу; мүше мемлекеттердің үшінші елдердің нарықтарына жоғары технологиялық тұрғыдан бірлесіп өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің экспортын дамыту бойынша бірлескен шараларды қолдану; өнеркәсіп саласындағы кедергілерді жою; өнеркәсіп кәсіпорындары үшін инвестициялар тарту және қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру; өнеркәсіп саясаты саласындағы интеграцияны дамытудың жаңа бағыттары мен перспективалары бойынша көзқарастарды әзірлеу», - делінген хабарда.
Бұдан басқа, ИИДМ атап өткендей, кеңес өз жұмысында Одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік саясатты іске асыру кезінде мүше мемлекеттердің өзара іс-әрекетін тереңдету; мүше мемлекеттердің өндірістік қуаттарын тиімді пайдалану және жаңа өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жарақтандыру; өнеркәсіп саласындағы жаһандық экономикалық дағдарыстардың салдарларына және күн тәртібінің басқа да өзекті мәселелеріне қарсы іс-әрекет мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын болады.
«Сондай-ақ Кеңес өз қызметінде Одақ құрылысы мен Жібек жолының Экономикалық белдеуі үдерістерінің түйісу жобасы шеңберінде өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіретін болады, ғылым мен техника саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелерін қарайтын болады; бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар мен кооперациялық бірлестіктерді құру жөніндегі қызметті үйлестіретін болады; даму институттарының қаражатын тарта отырып, іске асырылатын өнеркәсіп саласындағы интеграциялық жобаларды қарайтын болады», - делінген хабарда.
ЕАЭО өнеркәсіптік саясаты бойынша кеңес құрылды
