Екібастұз қаласының 20 жастағы тұрғыны жалпы құны 18 млн теңге болатын 2500-ге тарта вейпті пәтерінде сақтап отырған

Павлодар. 10 ақпан. ҚазТАГ- Екібастұз қаласының 20 жастағы тұрғыны жалпы құны 18 млн теңге болатын 2500-ге тарта вейпті пәтерінде сақтап отырған, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

«Екібастұзда электрон темекінің заңсыз айналымы тоқтатылып, құны 18 млн теңге болатын 2500-ге тарта вейпті тәркіленді. Тауарды Шешембеков көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерінен тауып алды. Заңсыз тауардың партиясы сатуға арналғаны белгілі болды. Күдікті танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің арналарын қолдана отырып, интернет дүкен арқылы вейптерді сатқан. Электрон темекіні заңсыз сатып, таратты деген күдікпен 20 жастағы ер адам полицияға жеткізілді»,- делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.

Қазір темекі өнімдерінің, электрон тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«2024 жылғы 20 маусымнан бастап Қазақстанда никотинді (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынудың электрон жүйелері айналымына тыйым салатын заң күшіне енген», - деп полиция еске салады.

Фото көзі: polisia.kz


adimage