Екіжақты келіссөздер өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады- Тоқаев

    Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ- Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
   «Екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғызстан президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады»,- делінген жұма күнгі хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президентінің бұл жолғы сапарының екі ел үшін мән-маңызы зор екеніне назар аударып, тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
   «Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни, ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын», – деді Тоқаев.
   Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген.
   «Бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келдік. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес», – деді Президент.
   Мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе, Үкіметаралық кеңес пен Аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін айтты.
   Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер талқыланды.
   «Былтыр екі мемлекеттің осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 миллион долларға жетті. Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда екі елдің Үкіметіне Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
   Президенттің айтуынша, қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланғанын, сондай-ақ Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мысалға келтірді.
   «Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Екі ел арасындағы алыс-берісті жандандыру – маңызды міндеттің бірі. Осы орайда шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру және оны рәсімдеуді жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, еліміз «Қарасу», «Бесағаш», «Аухатты», «Сартөбе» «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» бекеттерін жаңғыртуға кірісті. Осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды деп санайды.
«Соңғы жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақтылы орындауға уағдаластық. Қазақстан барлық міндеттемені толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын», – деді Президент.
Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілгенін атап өтіп, осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсетініне сенім білдірді.

Фото көзі: Пресс-служба Акорды


adimage