Экстремистік әрекетке қатыстары бары анықталған жағдайда этникалық қазақтар ҚХР-ға қайтарылады

Күні: 23:26, 06-02-2020.

Астана. 6 ақпан. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан. Экстремистік әрекетке қатыстары бары анықталған жағдайда этникалық қазақтар ҚХР-ға қайтарылады, деді ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.
«Егер бұл адамдардың экстремистік әрекетке қатысы бар болса, әлбетте, біз оны белгіленген заң тәртібінде, халықаралық заңдар мен конвенцияға сәйкес шешетін боламыз. Егер бұл азаматтардың қылмыстық әрекетке қатысы жоқ болса, ол басқа мәселе. Шекарадан өткен бұл азаматтар (Қытайдан қашқан этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы – ҚазТАГ), олар тек мемшекарадан өткендері үшін, мемшекарадан заңсыз өткендері үшін ғана сотталып отыр. Олар тек сол үшін ғана жауапқа тартылды», - деді Білісбеков бейсенбідегі сенат кулуарында агенттік тілшісінің сұрағына берген жауабында.
Еске салсақ, 21 қаңтарда саяси пана іздеген Қытайдан қашқан қазақтар Қастер Мұсақанұлы мен Мұрагер Әлімұлына Шығыс Қазақстан облысында үкім шығарылды.
Босқындар статусы туралы БҰҰ конвенциясы – 1950 жылғы 14 желтоқсандағы БҰҰ Бас ассамблеясының 429 (V) резолюциясына сәйкес шақырылған уәкілетті өкілдер конференциясында 1951 жылы 28 шілдеде Женевада қабылданған конвенция. Конвенция «босқындар» түсінігіне анықтама береді және босқын статусы берілетін жалпы негіздерді белгілейді. Конвенция мемлекеттік қауіпсіздік мүддесіне орай босқындарды қайтаруға жол береді, бірақ оларды қудалаудан қауіптеніп, оларды қашып келген елдеріне қайтаруға тиым да салады.
Қазақстан Конвенцияға 1998 жылы қосылған.


Жаңалықтармен бөлісу: