Елімізде анимация саласы қалай дамуда?

Астана. 25 маусым. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов анимация саласын дамытуға қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Мемлекет басшысының кинематография саласын реформалау бойынша берген тапсырмасын орындауда үкімет «Кинематография туралы» заңға түзетулер енгізу және киноиндустрия саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмін әзірлеу жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, енгізілетін түзетулердің қатарында балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі фильмдер санын ұлғайту бойынша нормалар қарастырылған. Тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің қарауында.

«Үкіметтің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылуда. Онда отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің кинопрокат үлесін 2022 жылғы деңгейден 2030 жылы 35% дейін арттыру (2023 жылы – 18 %, 2024 жылы – 21 %, 2025 жылы – 25 %, 2026 жылы – 28 %, 2027 жылы – 30 %, 2028 жылы – 32 %, 2029 жылы – 35 %) нысаналы индикаторы көзделген», - деп мәлімдеді премьер.

Үкімет басшысы 2024 жылы анимациялық жобаларды өндіруге республикалық бюджетте Т500 млн қарастырылғанын және анимациялық фильмдердің барлығы қазақ тілінде жарыққа шығатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттік қаржылық қолдау бойынша сегіз анимациялық фильм өндірілгенін, 2024 жылы 37 анимациялық фильм сценарийлері қаралып жатқанын айтты.

«Еліміздің мемлекеттік идеялогиялық саясатының іске асырылуына ықпал ету, бала тәрбиесін, тіл мәселесінің оң шешілуін қамтамасыз етуде «Қазақфильм» киностудиясының жанында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылған. Оның мақсаттары отандық анимациялық саланы жаңғырту, анимациялық фильмдердің сапасы мен ұлттық нақыштағы мазмұны бойынша халықаралық деңгейге шығу жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ қысқа метражды және толық метражды анимациялық фильмдер шығаруды ұлғайту», - деп түсіндірді Бектенов.

Үкімет басшысы «Balapan» телеарнасы жыл сайын телебағдарламалар мен анимациялық жобалар өндірісін ұлғайта отырып, қазақ балалар контентін дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосып келетінін атап айтты.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2024 жылы елімізге әкелінетін 15 фильмді қазақ тілінде дубляждауды жоспарлап отыр. Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы «Меломан» компаниясы 2024 жылы 4 көркем фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын кең прокатқа шығаруды жоспарлауда», - дейді премьер-министр.

Фото көзі: «Алдар көсе» мультфильмінің фрагменті


adimage