Елімізде күзет ұйымдарының қызметкерлер саны бойынша жаңа нормативтер бекітпек

Астана. 5 тамыз. ҚазТАГ – Елімізде күзет ұйымдарының қызметкерлер саны бойынша жаңа нормативтер бекітпек, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 17-1-бабының 2-тармағына сәйкес бұйырамын: Қоса беріліп отырған жеке күзет ұйымы қызметкерлерінің адам саны нормативі бекітілсін», - деп ішкі істер министрлігінің бұйрығының жобасында айтылған.

Жеке күзет ұйымы қызметкерлерінің адам саны нормативі:
Стационарлық объектілерді күзету кезінде:

- бір тәуліктік күзет бекетіне 4,5-тен аспайтын штат күзетшісінің бірлігі;

- 12 сағаттық бір күзет бекетіне 2,25-тен аспайтын штат күзетшісінің бірлігі;

- сегіз сағаттық бір күзет бекетіне 1,5-тен аспайтын штат күзетшісінің бірлігі;

- күзетілетін объектілерден түсетін шақыруларға қызмет көрсететін жеке күзет ұйымының бір тәуліктік ұтқыр тобына (жедел ден қою тобына) 13,5-тен аспайтын штат күзетшісінің бірлігі.

Магистралдық құбырларды күзету кезінде:

- айналма жолдарды, жер бедерінің күрделілігін, трассадан өтетін жолдың бойын, елді мекендерден алшақтығын, желілік бөлігін техникалық құралдармен қорғауды, ауданға төнетін қауіп пен криминалдық қауіп-қатерді талдауды ескере отырып, магистралдық мұнай құбырының желілік бөлігінің 40 – 80 километріне бір тәуліктік ұтқыр топ;

- күзетілетін магистралдық газ құбырының желілік бөлігі трассасының 100 – 160 километріне бір тәуліктік ұтқыр топ бекітіледі.

Теміржол және автомобиль көлігімен тасымалданатын жүктерді күзету кезінде күзетшілердің саны стационарлық объектілерді күзету үшін белгіленген нормативтер шегінде шарт талаптарымен белгіленеді.

Түсіндірме жазбаға сәйкес, бұйрық жобасының мақсаты стационарлық объектілерді, магистралдық құбырларды, сондай-ақ теміржол және автомобиль көлігімен тасымалданатын жүктерді күзету кезінде олардың міндеттерін орындау үшін қажетті жеке күзет ұйымы қызметкерлерінің адам саны нормативін белгілеу болып табылады.

Фото көзі: gov.kz


adimage