Елімізде кредитор талаптары тізілімінің нысанын бекітпек

Астана. 17 шілде. ҚазТАГ – Елімізде кредитор талаптары тізілімінің нысанын бекітпек, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Қоса беріліп отырған кредитор талаптары тізілімінің нысаны бекітілсін», - деп қаржы министрлігінің бұйрық жобасында айтылған.

Кредитор талаптарының нысаны бойынша мынадай тізілім көрсетілген:

Бірінші кезек: 1) өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша берешекті өндіріп алу жөніндегі талаптар; 2) алимент өндіріп алу бойынша талаптар.

Екінші кезек: 1) салықтық берешек; 2) кедендік төлемдер бойынша берешек; 3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек; 4) сот шешімі бойынша өндіріліп алынатын, бюджетке төленетін төлемдер бойынша берешек.

Үшінші кезек: 1) кредиторлардың азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша талаптары; 2) заңның 41-баб 7-тармағында көзделген жағдайда кепілді кредитордың талаптары; 3) мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті борышкердің мүліктік массасына қайтару туралы сот шешімі нәтижесінде туындайтын талаптар.

Төртінші кезек: 1) кредиторлардың шығындарды өтеу жөніндегі талаптары; 2) кредиторлардың тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жөніндегі талаптары (айыппұл, өсімпұл).

Бесінші кезек: 1) заңның 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген міндеттемені орындамаған кредиторлардың талаптары; 2) өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, алимент өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, оларды ұсыну мерзімі өткеннен кейін мәлімделген талаптар.

Жобаның түсіндірме жазбасына сәйкес, жобаның мақсаты кредиторлар талаптарының тізілімін құру кезінде бірыңғай ұстанымды қамтамасыз ету үшін, оның нысанын бекіту болып табылады. Бұл норма азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы рәсімдерінде кредиторлар талаптарын қорғау үшін іске асырылады.

Фото көзі: fingramota.kz


adimage