Елордада жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тағы 5 тұрғын үй кешені тапсырылады

Күні: 16:18, 12-11-2014.

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Елордада жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тағы 5 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі, деп хабарлады елорда әкім аппаратының ресми сайты.
«Қазіргі кезде Астанада «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде бағдарлама аясында жалпы ауданы 130 мың шаршы метрді құрайтын 2 671 пәтерлік сегіз тұрғын үй салынып жатыр. Соның ішінде 1 574 пәтерлік бес тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған», - делінген әкім аппаратының сайтында сәрсенбі жарияланған хабарда.
Бұдан басқа, 1135 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы басталғаны көрсетілген. Пайдалануға беру мерзімі - 2015-2016 жж.
«Жалпы бағдарламаны іске асыру аясында Астанада жалпы ауданы 84,06 мың шаршы метрді құрайтын 1 581 пәтерлік жеті тұрғын үй тапсырылды. 2015 жылы жалпы ауданы 108,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 937 пәтерлік 10 тұрғын үйді салу жалғасады», - деген мәліметтерді келтіреді баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа апарар жол» атты  жолдауының аясында ұзақмерзімдік жалдамасы мен сатып алу құқығы бар жалдамалы тұрғын үй құрылысы бастамасын көтерді.


Жаңалықтармен бөлісу: