Елордалық оқушылар Түркістанның тарихи орындарын аралады

Күні: 13:21, 22-05-2019.

Түркістан. 22 мамыр. ҚазТАГ - Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 жаратылыстану және математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-лицейі 10-шы сыныбының оқушылары «Тарихты тану» тақырыбы аясында Түркістан өңірінің тарихи жерлерінде болып қайтты.
Саяхатты алдымен Шымкенттегі Бәйдібек би, Алпамыс батыр ескерткіштерінен бастаған елордалық оқушылар Шәуілдірдегі Отырар мемлекеттік қорық-музейіне, сосын тарихи қалашық Отырар төбеге, Арыстан-баб кесенесіне, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесіне, Укаш ата басына барды. Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Түркістан қаласында қазіргі таңда 7 тарихи нысан орналасқан. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кенесі, Укаш ата, Жылаған ата, Тұт ағашы деген халық көп баратын жер, «Түркістан-Сырдария» табиғи қорығы паркі және де Ғауһар ана кесенесі бар. Одан бөлек 29 тарихи ескерткіштер орналасқан. Оқушылар осы тарихи нысандар туралы толыққанды мағлұмат алды. Сондай-ақ Отырардағы музейде, Отырар қаласының ежелгі орнында болды.
Оқушылардың бірі Нұрсатайдың атасы Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Серікбай Ибадуллаев елордалық оқушыларды Түркістанның тарихи жерлерімен таныстырып, олардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтуды мақсат еткенін айтты.
«Тарихи төбенің аумағы 250 гектар. VII-XV ғасыр аралығында Орта Азияның астанасы болған. Әлі қазылмаған жері қаншама. Бүгінде мұндағы хан сарайының айналасы ғана қоршалған. Келешекте аспан астындағы мұражай ету жоспарда бар. Қазір қалашыққа жақын жерден қонақ үй және мұражай салынуда. Осы Отырар қалашығынан табылған заттар сол мұражайға қойылатын болады»,- деді саяхат барысында балаларға түсініктеме берген тарихшы Бауыржан Камалов.
Түркістан өңірінің тарихымен терең танысқан астаналық оқушылар, тұрғындарының қонақжайлылығына риза болды. Сынып жетекшілері Айман Дөшкенқызы да оқушылардың кітаптан оқуғандарын көзбен көріп, мол рухани азық алып қайтқандарын айтты.


Жаңалықтармен бөлісу: